ҚоғамТОП

Шығыстағы IT-Hub – кемел келешек кілті

Бүгінде цифрлық технология күн сайын қарыштап дамып барады. Әрбір адамның заманауи ақпараттық-технологияларды пайдалануға мүмкіндігі де зор. Қай салада болмасын бұл технология жұмысты жеңілдетуге бірден-бір ықпал етіп отыр. Мәселен, еліміздің түкпір-түкпірінде қолданылып жүрген «inDrive» қосымшасы мен «Сергек» әу баста IT жоба болған. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қолданатын Kaspi.kz қосымшасы да стартап болыпты. «Ақылды» гаджеттердің өзі де күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып кеткен. Яғни, IT бағыттардың дамуы – технологиялық көшбасшылыққа ұмтылатын мемлекеттің басты бағыты болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында креативті индустрияны экономиканы өркендететін, халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін бағыт ретінде атап көрсеткен еді. Кейінгі жылдары елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлініп келеді.

–Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналды. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе, – деген еді Қ.Тоқаев.

Елімізде IT-бағыттарды ілгерілетіп, көшке кідіріссіз ілесу үшін білікті мамандар дайындау, білімдерін ұштап, бағыт-бағдар беру қолға алынып отыр. Әрбір өңірде IT жобалармен айналысатын жастарды қолдау мақсатында IT-Hub ашылып жатыр. Мұндай орталықтардың бірі өткен жылдың мамыр айында Шығыстың бас шаhарында есігін айқара ашып, дарынды жастардың игілігіне берілген. Oskemen IT-Hub-тың негізгі мақсаты – облыстағы IT-community, яғни IT-қоғамдастықты дамыту.

–Осыған дейін облысымызда мұндай орталықтар болған жоқ. Хабтың негізгі жұмысы – IT саласына деген балалардың құлшынысын ояту үшін көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға, нетворкингті дамытуға, тәжірибе алмасуға, яғни воркшоптар, практикумдар, іс-тәжірибе сағаттары мен спикер talks шарасын өткізуге бағытталған. Ол жерде белгілі бір нәтиже көрсетіп, дәрежеге жеткен жастар келіп, өз тәжірибелерімен бөліседі.  Мәселен, жақында 22 жастағы Максим Синельников оқушылармен дәріс өткізді, өзінің бағыты бойынша оқулықтармен, платформалармен бөлісті. Максим – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің 4-курс студенті. Оқу ордасында білім алып жүріп, мәскеулік «Яндекс» компаниясынан әңгімелесуден өтті, қазір сол жерде жұмыс істеп жатыр. Ол біздің де жастардың қолынан келеді. Тек талмай еңбектену керек, – дейді   Oskemen Oskemen IT-Hub жетекшісі Дидар Мұратұлы.

Oskemen IT-Hub Шығыс Қазақстан облысының әкім­дігі, «Astana Hub» технопаркі, Д.Се­рікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық универ­ситетімен бірлесіп ашылған. Бүгінгі таңда орталықта жастардың стартаптарына толықтай менторлық жасалып, дарынды оқушылардың инновациялық жобаларына қолдау көрсетіліп жатыр. Дидар Мұратұлы өз сөзінде Astana Hub базасында Шығыстың түрлі IT жобалары акселерациялық және инкубациялық бағдарламалардан өтіп жатқанын айтты.

–Қазір жастар түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Оның көпшілігі жасанды интеллектке байланысты. Менторлар стартаптардың, жобалардың мақсат-міндетін, өзектілігін зерттеп, дамытуға тегін үлесін қосып жатыр. Бір ай бұрын Астанада «Startup Garage» атты инкубациялық бағдарлама ашылды. Оған алғаш рет Шығыстан 17 жоба тіркелді. Енді елордалық оқытушылармен, трекерлермен бірлесіп сол жобалар жүзеге асырылмақ. Оның ішінде қоғамда өзекті мәселеге айналып отырған кибербуллингке, ақылды тұрақтарға байланысты жобалар да бар. Оларды біздің 17-18 жастағы балалар жасап шыққан, – дейді орталық жетекшісі.

Хабтың бір ерекшелігі – мұнда IT саласына қызығушылық танытқан кез келген өңір тұрғыны ерікті түрде келіп, біліктілігін арттырып, түрлі курстарға қатыса алады. Жас аралығына шектеу жоқ.

–Telegram арнамызға қазір түрлі жас ерекшеліктеріне байланысты 400-ден астам адам жиналған. Яғни, IT саласына қызығып, біздің қатарға қосылған 10-12 жас аралығындағы балалар да, 60 жасқа жетіп, осы салаға бет бұрған тұрғындар да бар. Бірақ келушілердің басым бөлігі – 17-21 жас аралығындағы жастар. Яғни, мектепті тәмамдап, өз жолдарын таба білген, өмірдегі мақсат-міндетін айқындай білген жас буын бізге келіп білімдерін шыңдап жатыр, – деп атап өтті Дидар Мұратұлы.

Мектеп пен университет қабырғасында балалар арнайы бекітілген пәндерді ғана оқитын болса,  орталықтың шәкірттері өздерін қызықтырған тақырыптарды айтып, жетекшілеріне ұсыныс білдіреді. Хабтың ерекшелігі де осы.

–Яғни, 10-15 адам жиналып, өздерін қызықтырған тақырыптарда курс өткізу туралы өтініш білдіреді. Ал біз сол саланың білікті мамандарын іздеп, білім алуға жағдай жасаймыз. Бұрын дипломмен ғана жұмысқа орналасқан болса, қазір мүмкіндік өте көп. Кез келген студент жоғары оқу орнымен қатар түрлі платформалар арқылы білімін жетілдіріп, жұмысқа тұра алады. Тек білім алудан қашпаған жөн. Сонда ғана жетістікке жетуге мүмкіндік бар, – дейді хаб жетекшісі.

Орталықтың ашылғанына аз ғана уақыт болса да аяқ алысы жаман емес. Студенттердің жобаларына қызығушылық танытып, бірлесе жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар да бар екен. Ендігі мақсат – жобалар бойынша шетелдерге шығып, өрісін кеңейту. Жақында хабтың жұмысымен Қазақстан-Американдық еркін университетінің халықаралық істер бойынша вице-президенті Дэниел Бэлласт танысқан. Қазақстан-Американдық еркін университеті – бүгінгі таңда АҚШ-пен және Германиямен бірлесе жұмыс істейтін, өзіндік дуальды бағдарламалары бар оқу орны. Ал Германияның астанасы Берлин қаласы IT стартаптар бойынша әлемдегі үздік үштікке кіреді.  Сондықтан біздегі IT хабтың әлеуеті мен мүмкіндігі зор екенін айта кеткен жөн.

–Біз бірнеше ай балаларды дайындап, оқытып, олардың жобаларымен жұмыс істеп, қорытындылау мақсатында хакатон ұйымдастырамыз. Хакатон қазіргі қоғамдағы өте өзекті жобаларды жүзеге асырады. Былтыр қараша айында өткен хакатондағы негізгі тақырып кибербуллинг болды. Облыс бойынша он команда қатысты. Өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған жастар бір күн бойы сол тақырыпта пікір алмасты, мәселенің шешу жолдарын ұсынып, өз жобаларын таныстырды. Оның ішінде Қазақстан-Американдық еркін университетінің және Политехникалық колледж студенттерінің жобалары өте жоғары бағаланды. Кейіннен облыс әкімі де қызығушылық танытты. Бүгінде студенттер үлкен кәсіпорындармен бірлесіп, өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта осындай іс-шараларға демеушілер, түрлі кәсіпорын жетекшілерін шақыруды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Дидар Мұратұлы.

Ендігі кезекте үлкен жұмыс ат­қа­рылуға тиіс. Осы орайда ор­талықтың белсенділері облыс жастарын ІТ хабқа ша­қырады.

 

Үлкен арман иесі

 

Өткен жылы облыс орталығында есігін айқара ашқан өңірлік IT-хабта бүгінде талантты жастар тәрбиеленіп жатыр. Олардың бірі – омыртқа арасындағы жарықшақ (грыжа), арқа ауруларының алдын алуға арналған мобильді қосымша мен гаджет ойлап тапқан Әбілмансұр Жүніскенов. IT-хаб резиденті, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы еңсетүзеткішті мойынға тағатын жеңіл корректор ретінде құрастырған. Жас өнертапқыштың айтуынша, қазірде ондай құрылғылар корсет күйінде көптеп шығарылып, қолданылып келеді. Алайда ол денені қысып, бұлшық еттің дамуына кері әсерін тигізеді.

–Бұл дүниені ойлап табуға өзімнің әкем мен кішкентай бауырым септігін тигізді. Әкем грыжамен ауырған болатын. Ал бауырым телефонмен ойнағанда, кітап оқығанда арқасын тым бүкірейтіп отыратынын байқадым. IT-хабтың көмегімен шығарған гаджет телефондағы мобильді қосымша арқылы іске қосылады. Арқасын тік ұстамайтын адамға бес секунд ішінде белгі беріледі. Осы құрылғы арқа ауруларының алдын алуға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді Әбілмансұр Жүніскенов.

Әбілмансұрдың бұл жобаны қолға алғанына екі жылға жуық уақыт болыпты.

–Жоба туралы хаб ашылмай жатып білген болатынбыз. Бұл жұмыс тыңғылықты зерттеліп, дайындалған. Орталық ашылғаннан кейін қосымшаны жан-жақты дамытып, жетілдіру және таныстыру мақсатында өзімізге алдық. Жоғарыда атап өткен инкубациялық бағдарламаға осы жоба да кірді. Қазір жұмыс істеп жатыр, – дейді орталық жетекшісі Дидар Мұратұлы.

IT-технологияларды пайдалану саласында перспективалық жобаларды жүзеге асырып жатқан жастарға аймақ басшысы да қолдау көрсететінін, нейрохирург мамандармен кеңесе отырып, стартап-жобаны дамыту қажет екенін атап өткен болатын. Кейін Әбілмансұр облыстық мамандандырылған медициналық орталығының инновациялық медицина бөлімінде болды. Өңірдің жетекші нейрохирургтері өнертабыстың бірегейлігін және оның медицинада қалай көмектесе алатынын атап өтті.

Шығыс Қазақстан мамандандырылған медициналық орталығы инновациялық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Уаптың айтуынша, бұл құрылғы дәл қазір өте өзекті. Өйткені құрылғыны үйде де, медициналық мекемелерде де терапия сеанстарында қолдануға болады. Толық пайдалану үшін функционалдылықты жетілдіру қажет. Олар бұған көмектесуге, бағыттауға, кеңес беруге дайын.

– Әрине, бұл технология мектеп оқушыларында, әсіресе бастауыш сынып оқушыларында омыртқаның қисаюы және омыртқаның басқа проблемаларының болмауына көмектеседі. Сондай-ақ қызметі компьютермен байланысты ересектерге де пайдалы, – деп атап өтті Юрий Старокожев.

Қазір жобаны нарыққа шығару мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Яғни, жақын күндері дүкендерде, дәріханалар мен онлайн-платформаларда Шығыстан шыққан Әбілмансұрдың девайсын көреміз деген үміттеміз.

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button