РуханиятТОП

Шығыста Қабанбай батырдың мұражайы ашылады

Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қабанбай батыр атындағы мұражай ашылмақ. Жоба бойынша музей экспозициялары – QR-кодтар мен аудиогидтер арқылы заманауи үрдісте ресімделіп, қазақтың дарабоз қолбасшысының шайқастарын ұсынатын болады, деп хабарлайды Amanzholov University баспасөз қызметі.

Биыл аталған жоғары оқу орнында құрылыс қарқыны артпақ. Атап айтқанда, Қабанбай батыр атындағы мұражай ашылып, спорт залды жаңғырту, ату тирін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оқу ордасы сондай-ақ церебралды сал ауруымен науқастанған балаларға арналған отандық орындықтар, дамытатын ойыншықтар өндіруді қолға алып отыр.

Мұражайдың өзі Amanzholov University үшін тарихи маңызды орын – екінші корпуста орналаспақ. Дәл осы жерден университеттің тарихы бастау алған-ды. Қазіргі уақытта мұнда еліміздің Қарулы Күштері үшін болашақ әскерилер даярланады. Әскери кафедра 2019 жылы университет ректорының бастамасымен ашылған. ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, мұражай болашақ офицерлерге қажетті білім мен дағдыларды алуға жағдай жасауға бағытталған. Басты мақсат – жастарды әскери-патриоттыққа  тәрбиелеу.

– Университет базасында Қабанбай батыр атындағы мұражайды ашу жоспары талқыланды. Жаңа нысанды ашуға көмекке музейтанушылар, сәулетшілер, тарихшылар мен әскерилер келді. Эскиздердің әртүрлі нұсқасын талқыладық. Қазіргі заманғы цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл – ата-бабаларымызға деген құрмет, сондай-ақ жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру. Сондықтан бұл музей тек біздің студенттерге, магистранттар мен докторанттарға ғана емес, қала тұрғындарына да қызмет етеді, – деді Мұхтар Төлеген.

Экспозициялар әсерін күшейту үшін жаңа заманауи технологиялар қолданылмақ. Ректордың айтуынша, стандартты витриналық жабдықтармен қатар, QR-кодтар мен аудиогидтерді іске қосу жоспарланған.

Бұған қоса университеттің спорт залында күрделі жөндеу жүргізілмек. Қазіргі уақытта ату тиріндегі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Бұл жерде болашақ әскерилер жаттығып, спортшылар қысқы көпсайысқа дайындала алады. Сондай-ақ лазерлік тирді екінші корпусқа ауыстыру, ал ату тирі тұрған жерге шағын косметикалық жөндеу жүргізу жоспарда бар.

Студент үйлерінде тұратын резидент емес студенттер үшін де жақсы жаңалық бар. Енді олар бос уақыттарында бильярд ойнап, уақыттарын пайдалы өткізуге мүмкіндік алады.

Оқу орнында жаңа идеялар мен мүмкіндіктер ордасы – ғылыми зертханалар бар. Бүгінде мұнда ғалымдар әртүрлі бағытта жұмыс істеуде. Мәселен, церебральды сал ауруы бар балаларға арналған орындықтарды әзірлеу жобасының алғашқы нәтижелері таныстырылды.

Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда церебральды сал ауруы бар балаларға арналған орындықтар өндірілген емес. Отыруға арналған тірек – бұл ағаш жақтаулары бар металл дөңгелек негізінде реттелетін ортопедиялық орындық. Креслолар әрбір тапсырыс беруші үшін жеке дайындалатын болады. Жас шектеулері: екі жастан жоғары.

Мұхтар Төлеген балаларға арналған ойыншықтар өндірісін кеңейту және ынтымақтастық мақсатында “Balaboom” балалар ойыншықтарын дамыту бағытында жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер – Саратовтар отбасымен кездесті. Негізінен олар пазлдар, жартылай қалқа тақталар, ойын модульдері және Қазақстанның табиғаты, салт-дәстүрлері бейнеленген тағы басқа заттарды өндірумен айналысады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button