ҚоғамТОП

Шығыста медициналық туризм кластерін құруға мүмкіндік мол

Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының медицинасы еліміздегі көшбасшы позициялардың біріне ие. Аймақта Алматы мен Астанадағыдан еш кем емес медициналық қызметтер көрсетіледі, небір күрделі оталар жасалады. Мамандар да білікті, заманауи құрал-жабдықтар да бар. Соған қарамастан, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отырмыз. Бұл туралы бүгін Медициналық туризм қауымдастығының президенті Кристина Кривецпен кездесуі барысында облыс әкімі Ермек Көшербаев айтты.

– Облыста ең алдымен, медициналық туризмді дамыту қажет. Егер өңірдегі ауруханаларға білікті мамандар даярласақ, логистика мәселесін реттеп, бұл бағытта қызмет көрсететін туристік фирмалармен жұмысты жолға қойсақ, облысымызға көрші өңірлерден ғана емес, шетелден де емделушілердің ағылатыны ақиқат. Қазірдің өзінде біздің облыс медицина саласында көп өңірден көш ілгері. Баға мен сапа да сай. Облыста Ана мен бала орталығы, Онкология орталығы сияқты адыңғы қатарлы медициналық мекемелер жұмыс істеп тұр. Енді аймаққа келетін емделушіге жан-жақты жағдай жасау ғана қалды, – деген өңір басшысы бұл міндетті медициналық туризм бағытында қызмет көрсететін ұйымдар мен бизнес-қауымдастық арқалауы керек екенін атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Өскемен мен еліміздің өзге қалалары арасын жалғайтын әуе рейстерін ашу жағын қарастыру қажет. Мәселен, республиканың батыс өңірлеріндегі газ-мұнай саласында жұмыс істейтін компаниялармен қызметкерлерін Шығысқа емделуге жіберу жөнінде келіссөздер жүргізуге болады. Кристина Кривец бұл бағытта қажетті жұмыстар қолға алынғанын мәлім етті.

– Елімізде адамдарға шетелде емделуге көмектесін фирмалар аз емес. Алайда біздің ұстаным бөлек. Біз қызметімізге жүгінген адамдарға елімізде де сапалы медициналық қызмет алуға болатынын жеткізуге тырысамыз. Әрине, сондай қызметтің түр-түрі көрсетілетін өңірлердің бірі деп Шығыс Қазақстанды айтуға болады. Енді аталмыш саланың танымалдылығын арттыруға күш жұмсауымыз қажет. Өйткені еліміздегі медицинаның артықшылықтары жайында білетіндердің саны өте аз. Ал шетелдіктер туралы мүлде жақ ашпай-ақ қоюға да болады. Сол себепті бірінші кезекте бизнес процесті жолға қойып, дұрыс маркетингтік саясат жүргізгеніміз маңызды. Сонда елімізде осындай керемет медициналық орталықтар бар екенін, онда сапалы қызмет көрсетілетінін отандастарымыз да, шетелдіктер де білетін болады. Жалпы алғанда, облыс басшылығы біздің жобаларды қолдап отыр. Бұл – қуантарлық жайт, – деді К.Кривец.

Ол болашақта Шығыс Қазақстанда Астана мен Алматыдағыдай медициналық туризм кластерін құруға болатынын айтып отыр. Бұған өңірде барлық алғышарт бар.

Осы айдарда

Back to top button