ӨзектіТОП

Шығыста «ақылы жолдар» пайда болады

Тасқын Болатұлы

(Сурет авторы: Тілеубек Шаяхмет)

Биыл Қалбатау – Семей – Павлодар тасжолы ақылы болады.

– Әлемнің озық елдерінде қолданылып келе жатқан жүйе, міне, бізге де келді. Бұған дейін, республика бойынша, Нұр-Сұлтан – Щучинск, Нұр-Сұлтан – Теміртау, Алматы – Қорғас, Алматы – Қапшағай жолдары енгізілген. Енді одан асып облысымызға да жетті, – деді біз тілдескен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының мамандары.

Бұл жерде жүргізушілер мен жергілікті халықтың көкейінде «ақшаны не үшін төлейміз?», «қалай төлейміз?», «жолдар қоршала ма?», «қолдағы малды өріске қайтіп шығарамыз?» деген секілді көптеген сауал туындап отыр.

Мамандардан мән-жайды анықтау барысында 2024 жылға дейін Шығыста тағы бірнеше жол ақылы болатынына көзіміз жетті.

 

Кімдерге ақылы және олар қалай төлейді?

 

– Жүйенің ерекшелігі: шлагбаум мен терминалдар болмайды. Автокөліктердің ақылы жолмен өткені туралы ақпарат аркаларда орналастырылған камераларда жазылады. Көліктердің алдыңғы әйнегіне RFID-сәйкестендіру белгісі жапсырылады. Сонда аркадан өткен көлік туралы мәлімет сигнал арқылы автоматты түрде оқылады, – дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы филиалы директорының орынбасары Асылбек Нұғыманов.

Оның айтуынша, осы “Омбы – Майқапшағай” аталатын тас жолдың 587-733, 756-906-шақырымдар аралығы ақылы болады. Қосқанда жалпы ұзындығы – 296 шақырым. Қалбатаудан Семейге дейін – 150, Семейден Павлодарға дейін 146 шақырым.

RFID-сәйкестендіру белгілері үлкен жолдардың бойы мен қалалардағы Клиенттермен жұмыс істеу орталықтарында таратылады. Оны қолдану нұсқаулығы қоса беріледі.

Маманның айтуынша, баға қанша теңге болатыны әлі нақтыланған жоқ. Ол өкілетті органның қарастыруында. Негізі, алдын ала төлеу екі есе арзан болады.

(Шартты сурет)

– Мысалы, жеңіл көліктер Нұр-Сұлтан – Теміртау бағытында 200 теңге, Қапшағай – Алматы бағытында 100 теңге, Алматы – Қорғас бағытында 300 теңге төлейді. Бұл – алдын ала төлем бойынша есеп. Баға сондай қымбат емес. Республика бойынша алғашқы тариф енгізілген сәттен бастап әлі күнге өзгермегенін, қымбаттамағанын айта кеткім келеді, – деді Асылбек Нұғыманов.

«Қазавтожолдың» ресми сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, жүк көліктері артығырақ төлейді және бағаға жолдың қашықтығы да әсер етеді. Мысалы, Қапшағай – Алматы бағытында жүк көліктері 400-1000 теңге аралығында, Нұр-Сұлтан – Теміртау бағытында 700-3350 теңге шамасында төлейді.

– Біздегі учаскелер бойынша төлем мөлшерлемесі бекітілген сәттен бастап бірден халықты құлағдар етеміз. Алайда біздің облыстағы ақылы жүйе енгізілгелі отырған жолда тек жүк көліктері ақша төлейтінін айта кетейік. Олардың жүк көтергіштігіне байланысты баға әртүрлі болады, – деді Нұғыманов.

Қалбатаудан басталатын бұл жол бірінші, екінші санатты болып екіге бөлінеді. Негізінен, басым бөлігі екінші санатқа жатады. Қалбатау – Семей аралығында тек төрт шақырым, ал Семей – Павлодар аралығында тек бес шақырым жол бірінші санатты болып есептеледі.

Бірінші санатты жолда әр бағыт бойынша екі жүру жолағы болады – ені 7,5 метр.

Екінші санатты жолда әр бағыт бойынша бір жүру жолағы болады – ені 3,75 метр.

(Шартты сурет)

– Жеңіл көліктер бірінші санатты жолдарда ақша төлеуі керек. Ал, негізінен, екінші, үшінші санатты болып саналатын жолдарда тек жүк көліктері ақы беруге міндетті, – дейді маман.

Оның айтуынша, ақша төлеудің жолы көп. Интернет банкингтен (Kaspi bank, Halyk bank, Сбербанк, Eurazian Bank және тағы басқа банк бағдарламаларынан), төлем терминалдарынан, ұялы телефон теңгерімінен және арнайы kaztoll.kz сайтынан теңге аударуға болады.

 

«Жүргізушілер ұйықтап кетпеуі үшін»

 

Асылбек Нұғыманов ақылы жолдың артықшылығы туралы да айтады.

– Жаңа жолдар жолаушылардың қауіпсіздігі үшін салынған. Олар енгізілген сәттен бастап жол апаты азайып келе жатқаны дәлелденген. Мысалы, жол апаты «Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы» бағытында 25 пайыз, «Нұр-Сұлтан – Павлодар» бағытында 46 пайыз, «Қызылорда – Шымкент – Тараз» бағытында 43 пайыз, «Павлодар – Семей – Қалбатау» бағытында 62 пайыз төмендеген, – дейді маман.

– Ақылы жолдар жарықтандырылған. Жарықты шағылыстыратын құрылғылар, түнде жүргізуші назарын автожолға аударатын арнайы катофаттар орнатылған. Арнайы дыбыс жолақтары да бар. Ол жүргізушінің ұйықтап кетпеуіне әсер етеді және жылдамдықты азайту керегі туралы белгі береді, – дейді.

Ақылы жолдардан түскен бар қаражат автожол мен бағдарламалық-ақпараттық жасақтаманы күтіп-ұстауға жұмсалады.

– Жол қауіпсіз әрі қысқы уақытта ұдайы ашық болуы үшін күнделікті тазаланады. Жолда қалатын ескі дөңгелек, түрлі саймандар мен өзге де қоқыстар алынып тасталып отырады, – дейді Нұғыманов.

Компанияның «1403» жедел байланыс нөмірі тәулік бойы істейді. Операторлардан көмек сұраған жағдайда дереу төтенше қызмет түрлері немесе полициямен байланыстыра алады.

– Жол бойындағы инфрақұрылым да ескеріледі. Қазір Қалбатау – Семей – Павлодар бағытында төрт кафе мен төрт жанармай бекеті жұмыс істейді. Бұдан бөлек елдегі барлық ақылы жолдың бойында 2024 жылдың соңына дейін демалыс алаңы, тұрақ, қонақ үй, супермаркет, жылы дәретхана, дәріхана және қуаттау көзі бар 134 замануи кешен салынады деп жоспарланған, – дейді Нұғыманов.

 

Кімдерге жеңілдік беріледі?

 

– Автожолға тұтас қоршау орнатылмайды. Себебі бұл «автобан» емес. Бірақ өңірдің өндірістік және экологиялық ерекшеліктері ескеріле отырып, қауіпті учаскелерде үй жануарларының жолға шығып кетпеуі үшін арнайы қоршаулар қойылады, – дейді маман.

Біз кейбір «әккі» жүргізушілер аркаларды айналып өтіп кетуі мүмкін бе екенін сұрадық.

– Ақылы жолдың бойында 10-ға жуық камера болады. Барлық аркадан айналып өту мүмкін емес. Бірі болмаса, екіншісінде бәрібір камераға түседі, – дейді маман.

Ал өткен жолының ақшасын ұзақ уақыт төлемеген адамға ескерту беріледі, артынан айыппұл салынады.

– Әлбетте, алдын ала төлеу арзан. Кейінірек төлесе, мөлшері көп. Бұл – жүргізушіні ұқыптылыққа талпындыру үшін істелген әдістің бірі. Қарызын өтемеген жүргізушілерге қатысты басқа да қолданылатын шара түрлері қарастырылып жатыр. Мысалы, автокөлік сату мен сатып алу, есепшотына шектеу қою немесе шетелге баруына рұқсат бермеу деген секілді шара түрлері. Осы арқылы адамның жауапкершілігі, қоғамның санасына әсер етсек дейміз, – дейді Нұғыманов.

Бұл ақылы жолда жағдайға байланысты кейбір көліктер тегін жүре алады:

бірінші, тұрақты түрде қалалар арасында, қала мен елді мекендер маңында жолаушы мен багаж тасымалдайтын автобустар;

екінші, өзі тіркелген аудан аумағында жүрген автобус пен жеңіл көліктер;

үшінші, ауылшаруашылық техникалары су арнасы мен теміржолдан өтуге тиіс болғанда тегін жіберіледі.

– Жеңілдіктер қатарын толықтыру мәселесі қарастырылып жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері мен оларға теңестірілген азаматтар және мүмкіндігі шектеулі жандар төлемақыдан босатылуы мүмкін, – дейді Нұғыманов.

Биыл, жоспар бойынша, республика көлемінде 13 тасжолда ақылы жүйе енгізіледі. Атап айтсақ, Павлодар – Нұр-Сұлтан, Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы), Қапшағай – Талдықорған, Тараз – Қайнар, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Шымкент – Өзбекстан, Қызылорда – Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор), Орал – Ресей шекарасы (Саратов), Ақтөбе – Орал – Ресей шекарасы (Самара), Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк), Ақтау – Бейнеу, Атырау – Доссор – Бейнеу – Ақжігіт – Өзбекстан шекарасы және Қалбатау – Семей – Павлодар.

Ал Шығыста 2022 жылы Таскескен – Бақты, 2024 жылы Талдықорған – Өскемен бағыттарында ақылы жүйе енгізіледі деп жоспарланды. Бұл жолдарда бірінші санатты жол шақырымы көбірек болса, ішінара жеңіл көліктерге де төлем жүйесі енгізілуі мүмкін.

Осы айдарда

Back to top button