Шығысқазақстандықтар өз таңдауын жасады

5 маусымда Елімізде Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум өтті. Сарапшылардың бағалауынша, облыс учаскелеріндегі дауыс беру процесін бақылау халықтың азаматтық белсенділігін көрсетті, сондай-ақ жауапты органдардың жұмысына оң баға беруге болады.
Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес бюллетеньдерді тізімдерге енгізілген ел азаматтарының 68,06%-ы алды. Шығыс Қазақстан бойынша бұл көрсеткіш 77,49%-ды құрады деп хабарлайды Орталық референдум комиссиясы.
Шығысқазақстандықтар ұзақ жылдарға бүкіл елдің даму жолын айқындайтын мәселеге белсенді және жауапты қарады.
Жалпы, науқан саяси институттар мен азаматтық қоғамның даму деңгейін көрсетті. Күннің бірінші жартысында аға буын өкілдері, ақсақалдар, ардагерлер белсенді дауыс берді. Түске қарай учаскелерде жастар көп болды, адамдар отбасыларымен, қарт ата-аналарымен, балаларымен келді. Осылайша, референдум үрдісі халықтың ауызбіршілігін аңғартты.
Барлық сайлаушыларға өз пікірін білдіру құқығы берілді. Учаскелерде үкіметтік емес ұйымдардың, түрлі қозғалыстардың өкілдері болды, олар жағдайдың бейресми екенін, мерекелік атмосфераны және азаматтардың барлық санаттары үшін қолайлы жағдайларды атап өтті. Мәселен, көптеген соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, өңірдің байырғы тұрғындары үйде дауыс беру мүмкіндігіне ие бола отырып, осындай маңызды саяси оқиғаға қатысу мүмкіндігін жіберіп алмау үшін учаскелерге өздері келді. Учаскелерге келе алмаған азаматтар үйден, әскери бөлімнен, ауруханадан немесе тіпті перзентханадан шықпай дауыс берді. Облыста барлығы 1027 учаске тіркелген, оның ішінде 959-ы ашық болды, 68 учаске азаматтардың уақытша болу орындарында жұмыс істеді.
Облыс әкімі Даниал Ахметов Өскемен қаласындағы №42 орта мектепте орналасқан №9 учаскесінде дауыс берді.
– Конституцияға енетін әр өзгеріс, сайып келгенде, біздің өмірімізге қатысты. Сондықтан мен балаларым мен немерелерімнің гүлденген Қазақстанда өмір сүретініне кәміл сенемін, – деді аймақ басшысы.
Өз таңдауын жасағандардың бірі семейлік соғыс ардагері Матвей Юрченко болды. Ардагер үйінде дауыс берді. Айта кетейік, Семейде 3 мыңнан астам адам өз дауысын тікелей үйден беру мүмкіндігіне ие болды, ал белсенді аға буын жаңбырға қарамастан учаскелерге келіп, дауыс берді.
– Бұл референдум барлық адамдар үшін маңызды. Біз өмір бойы дауыс бердік. Балаларымыздың болашағы – біздің қолымызда, – деді ардагер.
Матвей Юрченко 1925 жылы 20 тамызда дүниеге келіп, Украина майданының құрамында ұрыстарға қатысқан. Соғыстан кейін Матвей Артемьевич аяқ киім фабрикасында жұмысшыдан шеберге дейін өсіп, 47 жыл жұмыс істеді.
Жастары егде тартса да Алтай ауданы, Парыгино ауылынан тыл еңбеккері Анна Васильева, Риддерден Түзелхан Күзембаева, Жарма ауданы Қызылағаш ауылынан жүз жастағы Бижамал Қаржаубаева учаскелерге келіп, дауыс берді.
Аудандарда дауыс берушілер учаскелерге мерекедегідей келіп, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсетті. Бір жерде ақсақалдар бата берсе, Көкпекті ауданында 83 жастағы көпбалалы ана Күлбану Нүсіпова шашу шашты.
– Біздер – аға буын өкілдері әрқашан үлгі болуға тырысамыз. Учаскеге де ертерек келдім. Бүгін болашағымыздың тағдыры шешілуде. Біз шет қала алмаймыз, – деді Курчатов қаласы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Әскербек Молбаев.
Айта кетейік, Алтай ауданының тұрғыны Михаил Геращенков референдум күні өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Ол жұбайымен бірге үйде дауыс берді. Ауданның атқарушы билік өкілдері ақсақалды туған күнімен құттықтады.
Қазақстанның әр азаматы конституциялық реформаның мәнін, болашақтағы рөлін терең түсінуі керек деп есептейді облыстық мәслихат хатшысы Денис Рыпаков.
– Бүгін біз мерекелік көңіл күйдеміз, өйткені бұл – тарихи оқиға. Мен азаматтық құқығымды пайдаланып, референдумда өз көзқарасымды білдіруге келдім. Басқалар сияқты мен де өмірдің барлық салаларында оң өзгерістер болуын қалаймын, – деді Денис Рыпаков.
Сондай-ақ Денис Сергеевичтің айтуынша, жақында облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтіп, онда жаңа облыстың депутаттық корпусын қалыптастыру мәселесі, жаңа облыстың даму перспективалары қаралды, барлық көрсеткіштер бойынша қарқынды өсім бар. Соңғы бірнеше жылда болашақ Абай өңіріне 2,1 триллион теңге бағытталды. Облыс әкімі өз баяндамасында айтқандай, бұл сессия тарихи болды, өйткені 8 маусымда Абай облыстық мәслихатының бірінші сессиясын өткізу жоспарланды.
Өскемендегі №47 орта мектепте орналасқан №2 дауыс беру учаскесінде қазақ күресі бойынша халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ел құрамасының мүшесі Талғат Әміренов дауыс берді.
– Бүгін біздің еліміз үшін, біздің халқымыз үшін ұлы күн деп есептеймін. Біз болашақтан үлкен үміт, үлкен өзгерістер күтеміз. Ел Президентінің Ата Заңға өзгерістер енгізу туралы шешімі елімізге оң әсер етуі тиіс. Қазақстанымыздың дамып, мықты мемлекетке айналғанын, халқымыздың ауызбіршілігі арта түскенін қалаймын, – деді спортшы.
Өскемендегі драма театрында орналасқан №88 сайлау учаскесіне көпбалалы ана, педагог Гүлнұр Құрманғалиева келіп, өз дауысын берді.
– Осындай еліміз үшін шешуші сәтте ешбір азамат қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Өйткені мемлекет тарапынан көпбалалы отбасыларға жіті көңіл бөлінуде. Біз «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша пәтер алдық. Басқа да қолдаулар бар, ай сайын жәрдемақыны тұрақты алып тұрамыз. Кішкене балаларымыздың болашағы жарқын болсын деген ниетпен келіп тұрмын, – деді төрт баланың анасы Гүлнұр Төлеуғазықызы.
Атап өтерлігі, сайлау учаскесі орналасқан облыстық драма театр ұжымы отбасыға қойылымдарға тегін билеттер ұсынды. Учаске басшылығы тарапынан да кәдесыйлар таратылды.
Өскемендегі №95 сайлау учаскесі №46 қазақ орта мектебінде орналасқан. Учаске төрайымы Гүлфарида Ауғанбаеваның айтуынша, олардың аумағына жаңадан салынған қаланың 19-шы ауданына қарасты бірқатар көше енеді.
– Бұл аумақта негізінен жастар тұрады. Сондықтан болар, дауыс беру аса белсенді өтуде, – деді Гүлфарида Базарбайқызы.
Өскемендік металлургтер әулетінің өкілі Азамат Баянғазин ел болашағының жарқын болуын қалайтын азамат ретінде өмірдегі ең маңызды таңдауын жасап қайтты.
– Өз учаскеме келіп Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер референдумына қатысуды азаматтық борышым деп санаймын, – дейді өскемендік металлург Азамат Баянғазин. – Бұл күн ел болашағының ертеңіне бейжай қарай алмайтын адамдарың өмірлеріндегі ең маңызды таңдау жасайтын күні деп білемін. Өз басым осы Өскемен қаласына келгеніме 36 жылдың жүзі болды. 1986 жылы Отан алдындағы әскери борышымды өтеген соң бірден Титан-магний комбинатына жұмысқа тұрып, сол жерде осы күнге дейін еңбек етудемін. Еңбегім еленіп, бірінші және екінші дәрежелі «Үздік металлург» медалін иеленгенмін.
Осылайша, көп жылғы еңбегі еленіп, үздік металлургтер қатарынан ойып тұрып орын алған Азамат Баянғазин облыс орталығындағы металлургтер әулетінің өкілі. Бүгінде бұл отбасының бір емес бірнеше буыны металлургия саласында ел болашағы үшін тынбай еңбек етуде.
– Менің үлкен ағам, жездем осы салада көп жыл жұмыс істеді. Сонан соң мен келдім, қазір менің жұбайым да, ұлдарым мен күйеу балаларым да металлургтер. Бір сөзбен айтқанда, бірнеше ұрпақ жалғасқан металлургтер әулетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел Конституциясына өзгерістер енгізу бастамасын бүкіл ел болып қолдап жатқанын көзіміз көрді. Бүгін біз дауыс беруге отбасымызбен келдік. Дауыс беру учаскесінде барлығы өте жақсы ұйымдастырылып, келген адам еш қиындықсыз өз таңдауын жасауға бар жағдай ұйымдастырылған, – деді Азамат Баянғазин.
Референдум учаскелеріне тартылған Алтай ауданының тұрғындары бұл күні ерекше белсенділік танытып, өздерінің азаматтық позицияларын көрсетті.
Осындай азаматтардың бірі, бүгінде Алтай ауданында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысына қатысқан жалғыз ардагер Василий Рудометов бұл жолы дауыс беруге өзі келуді шешті.
95 жастағы алтайлық ардагер үйден шықпай-ақ дауыс беруіне болатынын білсе де, бұл жолғы референдумның ел түрғындары үшін маңызды екенін әр қазақстандыққа сезіндіру мақсатында сайлау учаскесіне өзі келді. Еліміздің жарқын болашағына сеніммен қараған ақсақал референдум учаскесіндегілерге ерекше алғысын білдіріп, ел болашағын қалыптастырудағы мақсаттарының орындалуын тіледі.
Партиялық емес бақылау орталығының өкілі Аида Зотованың айтуынша, ауданда сайлаушылардың дауыс беруге келу көрсеткіші жоғары болған.
Өскемендегі «Ана мен бала» орталығы болашақ аналардың медициналық мекемеден шықпай-ақ дауыс беруіне мүмкіндік жасады.
«Ана мен бала» орталығындағы №60-шы учаске өз жұмысын еліміздегі барлық учаскелер сияқты таңғы сағат 7.00-де бастады. Референдум учаскесі қызметкерлерінің айтуынша, мұнда барлық аналарға жетерліктей бюллетеньдер дайындалған.
– Перзентханадағы референдум учаскесінде барлық ережелер сақталып, стационарлы және алып жүруге болатын жәшіктері бар кабиналар жабдықталды. Біздің референдум учаскесінде арнайы нұсқаулықтан өткен акушерлер, мейірбикелер мен дәрігерлер қызмет етті, – дейді «Ана мен бала» орталығының өкілі Серікбол Құрқұмбаев.
Ал жаңа босанған немесе отадан кейін төсек режимінде жатқан әйелдерге комиссия мүшелері тасымалдайтын дауыс беру жәшігін алып келді.
– Бірнеше күн бұрын көптен күткен қыз баланы дүниеге әкелдім. Ол төрт ұлдан соң туған қыз бала болды. Бүкілхалықтық референдум күні ауруханада жатқаныма қарамастан ел ертеңін анықтайтын іс-шараға қатыстым, – дейді Әсем Сайдуова.
Бұл күні Шығыстың есімі елге танымал спортшылары, мәдениет және өнер қайраткерлері де референдумға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық ұстанымдарын көрсетті. Олардың арасында Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен халықаралық додалардың бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстан барысы» және «Әлем барысы» атақтарының иегері Айбек Нұғымаров та болды. Апайтөс балуан Семейдегі №178 референдум учаскесінде дауыс берді.
– Осы референдумнан кейін елімізді ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Мен бүгін өз таңдауымды жасадым. Адамдардың учаскелерге көтеріңкі көңіл күймен барып жатқаны қуантады, – дейді облыстық мәслихат депутаты, Семейдегі көлік колледжінің директоры Айбек Нұғымаров.
Жалпы, бұл күні Семейде ауа райының қолайсыздығына қарамастан, дауыс беру мақсатында референдум учаскелеріне барғандардың қарасы айтарлықтай көп болды. Қаладағы учаскелерде Қазақстанның танымал футболшылары да өз таңдауын жасады.
– Біз Андрей Карповичтің достарының футбол мерекесіне қатысу үшін Семейге арнайы келген едік. Бүгін еліміз үшін айтулы күн. Әрбір азаматтың өзінің дауысы арқылы елімізде болатын өзгерістерге өз үлесін қосуға мүмкіндігі бар. Сондықтан біз осы мүмкіндікті пайдаланып, Семейдегі референдум учаскесінде дауыс бердік, – деді футболдан Қазақстанның үш дүркін чемпионы Давид Лория.
Сондай-ақ даңқты жерлестеріміз Самат Смақов пен Андрей Карпович те саяси науқаннан шет қалмады.
– Кеше біз тамаша футбол тойын өткіздік. Ауа райы да, стадиондағы атмосфера да керемет болды. Іс-шара өте көңілді өтті. Ал бүгін – тарихи күн. Конституцияға енгізілетін өзгерістерге әрбір азамат өз үлесін қоса алады. Негізі, адамдарда азаматтық ұстанымның болғаны өте маңызды. Мен не қалайтынымды білемін және референдум бізге үлкен мүмкіндіктер сыйлайтынын түсінемін. Осындай күні туған қалама келіп, өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын, – деп түйіндеді белгілі футболшы Андрей Карпович.
Ал Алтай ауданының тұрғыны, пауэрлифтингтен спорт шебері, халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың қатысушысы Әмина Волченко мұндай саяси науқанға алғаш рет қатысып тұр екен.
– Бүгін – барлығымыз үшін өте маңызды күн. Бұйырса, еліміздің басты заңы Конституцияға айтарлықтай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады. Бұл азаматтарға өзінің азаматтық ұстанымын көрсетуге тамаша мүмкіндік, – деп есептейді Әмина.
Референдум учаскесіне барып, дауыс бергендердің арасында Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова да болды. Даңқты жеңіл атлетті Өскемендегі №2 учаскеде кездестірдік. Бұл жерде қаладағы Өтепов және Жастар көшелерінің тұрғындары дауыс берді.
– Елімізде осыған дейінгі соңғы референдум 27 жыл бұрын өтіпті. Сондықтан мұндай тарихы маңызы зор науқаннан тыс қала алмадым. Спортшы болғандықтан, әділ төрелік деген ұғымның қадір-қасиетін жақсы білемін. Өмірде де солай. Кез келген адам өз құқықтарының аяқасты етілмегенін қалайды, еркіндікке ұмтылады. Сол себепті, референдумнан күтетін үмітіміз зор. Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар халқымыздың өмірін жақсартып, адамдарға жаңа мүмкіндіктер сыйлайды деп сенеміз, – дейді Олимпиада чемпионы.
Осы күні рефрендумға Ұлттық ұланға қарасты «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері де белсене араласып, өз азаматтық позициясын білдірді. Олардың ішінде мұндай саяси науқанға алғаш рет қатысып тұрғандары да болды.
– Бұл сарбаздардың дені 18-19 жастағы жас жігіттер, сондықтан олар үшін бұл ерекше оқиға, өмірінде бірінші рет дауыс беруде. Жалпы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша жедел шақырылымдағы сарбаздармен қатар, офицерлер және сержанттар, сондай-ақ олардың отбасылары дауыс бере алатын алты референдум учаскесі жұмыс істеді. Бұл ретте, дәл осы күні Семейдегі 5511 және Павлодардағы 5512 әскери бөлімдеріне сарбаздардың жаңа легі келіп жеткенін айту керек. Олар үшін әскери бөлімдердің аумағында арнайы референдум учаскелері ұйымдастырылған-ды, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы Бағдат Амангелді.
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күні сайлау учаскелеріне қарай ағылған халық саны көп болды. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі еді. Мәселен, Ұлан ауданының тұрғындары 88 жастағы Қасенжар Ескендіров пен 85-ті алқымдаған Шамзада Ескендірова өз таңдауын жасады.
– Рас, бұл күнді асыға күттік. Конституцияға ұсынылған түзетулерді оқып шықтым, қандай өзгертулер енгізілетінінен хабардармын. Референдумның маңыздылығын түсінгендіктен бүгін дауыс беруге келіп отырмыз, – деген Қасенжар Ескендіров ақсақал артынша іс-шараның басы-қасында жүргендерге алғысын айтып, ақ батасын берді.
Жалпы, Аягөз ауданындағы 57 референдум комиссиясында өткен шара барысында ешқандай құқықбұзушылық болған жоқ. Таңғы сағат жетіден басталған республикалық референдум кешкі белгіленген мерзімде аяқталды. Халықтың осынау іс-шараға ерекше көңіл күйде келіп, өздерінің құқықтарын пайдаланып жатқанын байқадық. Мәселен, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет сарайындағы № 313 референдум учаскесінде болғанымызда комиссия хатшысы Жанна Ғалиева бүгінгі күні аудан жұртшылығының тым белсенді екендігін айтты. Таңертең ең бірінші болып референдумға дауыс беруге келген Назгүл Байбосыноваға шағын сый-сияпат берілді.
№1175 референдум комиссиясының төрағасы Айтқазы Қасымжанов та науқан заң аясында өтіп жатқанын тілге тиек етті:
– Біздің референдум учаскесінде 1665 адам тіркелген, – дейді Айтқазы Оразбекұлы. – Белсенділік өте жоғары, еш құқықбұзушылық болған жоқ. Аmanat партиясынан, «Азаттық» радиосынан, ауған соғысына қатысушылардың «Рауан» қоғамдық бірлестіктерінен арнайы өкілдер келіп, бақылап кетті.
Аудандық референдум комиссиясының төрағасы Аман Мұстафиннің айтуы бойынша, халықтың референдумға келіп, өздерінің дауыстарын беруі көңіл көншітерліктей болды.
Күршімдіктер бұл жауапты саяси науқанға әдеттегідей ұйымшылдықпен, бір кісідей дауыс берді. Күршім гимназиясынан орын тепкен №720 сайлау учаскесіне келгенде, мұнда жұрттың үзіліссіз ағылып жатқанына куә болдық.
– Мен мұндай науқанға тұңғыш рет басшы ретінде қатысып тұрмын, – дейді №720 Орталық референдум учаскесінің төрағасы, Күршім гимназиясының директоры Жасұлан Нұриманов. – Орталық референдум комиссиясының талаптарына сәйкес біздің учаскемізде бұл жауапты науқан таңертеңгі сағат 7.00-де барынша салтанатты түрде ашылды. Көп ұзамай дауыс берушілер де келе бастады. Жалпы, ауылдастарымыздың аяқ алыстары жаман емес, міне, бір сағатқа жуық уақыттың ішінде жүзден астам адам дауыс беріп үлгерді.
Дауыс беру барысын екі тәуелсіз бақылаушы жіті қадағалады. Біз әдейілеп сауал қойған Аmanat партиясынан келіп отырған Н.Смағұлова мен «Партиялық емес байқау орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Е.Қабақов мұнда ешқандай тәртіп бұзушылықтың, заңға қайшы әрекеттің байқалмағанын алға тартты.
№1 Күршім орта мектебіне барып, ондағы №719 референдум учаскесінің төрайымы Қ.Қазіретовамен жолыққанымызда Қаламқас Омарбекқызы да өздеріндегі ахуалдың көңілдегідей екендігін ортаға салып, дауыс беру қарқынды жүргізілгенінен хабардар етті.
Аудандық референдум комиссиясына әдейілеп барып, оның төрағасы Ш.Тойбаевпен жүздестік. Шәкерхан Мамырханұлы алдын ала барша құжаттамалардың дұрыс толтырылып, барлық нұсқаулардың талапқа сай берілгендігін айта келе, межелі мерзімде аудан көлеміндегі 56 сайлау учаскесінің бірдей ашылып, жұмысты белгіленген уақыттан кешікпей бастағандарын мәлім етті.
– Жалпы, аудан бойынша бұл жауапты науқанның барынша тыныш әрі ұйымдасқан түрде өткенін атап айтқым келеді, – дейді комиссия төрағасы Шәкерхан Тойбаев. – Заңға кереғар әрекеттер, басқадай келеңсіз оқиғалар орын алған жоқ. Аудан бойынша 16 243 адам дауыс беруге тиіс болса, осылардың 15 117-сі, демек, 93,7 пайызы дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Аудан орталығы Үлкен Нарындағы референдум учаскелері таңғы жетіде біріңғай ашылып, жауапты жұмыстарын бастап кетті. 1245 сайлаушысы бар 849-шы референдум учаскесінің ашылуы еліміздің Әнұранымен басталып, комиссия төрайымы Ғалия Досқанина әріптестерін осынау бір маңызы ерек саяси шараның бастау алғанымен құттықтап, баршаларына жемісті жұмыс күнін тіледі.
Референдум учаскесіне алғашқы болып келіп, өз таңдауын жасаған үлкеннарындық зейнеткер Оразбек Жиендинов бұған дейін елдегі өткен осы сияқты саяси науқандардың бірде-бірінен шет қалмай, үнемі қатысып, азаматтық таңдауын жасап келгендігін айтады.
– Референдум – бұл тәуелсіз еліміздің өміріндегі оң өзгерістердің бастамасы деп білемін. Бұны өткізудің маңызы өте зор. Себебі, еліміздің ертеңгі жарқын болашағы қазақстандық әрбір азаматтың өз қолында. Келешек ұрпақтың қамы мен байтақ отанымыздың болашағы баянды болуы үшін бүгінгі референдумға келіп, өз таңдауымды жасадым, – дейді Оразбек ақсақал.
850-ші референдум учаскесінде барлығы 581 сайлаушы тіркелген. Учаске ашыла салысымен бұнда да тұрғындар асыға жетіп, өз таңдауларын жасады.
– Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Дауыс беру тәртібі бойынша ешқандай ескерту тіркелген жоқ, – дейді комиссия төрайымы Ардақ Жансейітова.
Новохайрузовка ауылындағы 845-ші референдум учаскесінде де дауыс беру қарқынды өтті. Бұнда 588 сайлаушы тіркелген.
– Мен Новохайрузовка ауылының байырғы тұрғынымын. Осында туып-өстім, оқыдым, еңбек еттім. Қазір зейнет демалысындамын. Біздің ата-аналарымыз осы ауылдың іргетасын қалағандардың қатарында болған. Еліміздің кемел болашағы үшін өтіп жатқан референдумның мән-маңызын біз, аға ұрпақ өте жақсы түсінеміз. Балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағы үшін дауыс бердім, – деді зейнеткер әжей Галина Пичугина.
Үлкен Нарындағы №848-ші сайлау учаскесінде де таңнан бастап сайлаушылар легі толастаған жоқ. Референдум комиссиясының төрайымы Маржан Оразаеваның айтуынша, азаматтардың белсенділігі өте жоғары. Тұңғыш рет дауыс берушілер де аз емес. Солардың бірі Катонқарағай аудандық аграрлық-техникалық колледждің 3 курс студенті Анатолий Самарцев.
–Бүгін мен үшін айрықша күн. Себебі, алғаш рет маңызды саяси шарада өзімнің азаматтық таңдауымды жасадым. Еліміз көркейіп, дами берсін, – деді ол.
Тарбағатай ауданы бойынша референдум учаскелеріне тұрғындар таңғы жетіден бастап айрықша ынта-ықыласпен келді.
Дауыс беру нәтижелерін санаған аумақтық референдум комиссиясының дерегінше, аудан көлемінде 25 мың 469 адам тіркелген екен. Соның 22 мыңы дауыс беруге қатысқан.
Ақпарат құралының өкілі ретінде таңғы жетіде №935 референдум учаскесінің салтанатты ашылуында болдық. Учаске төрайымы Гүлнар Нұғыманова дауыс беру орныны елден бұрын жетіп алғаш рет дауыс берген сайлаушы Дана Талғатбекқызына естелік-сыйлық табыс етті.
«Бүгін тарихи күн. Әділетті қоғам, екінші республика құрамыз деп жатырмыз. Халыққа биліктің басқару жүйесіне тікелей ықпал ете алуына мүмкіндік жасалуда. Бұл, әсіресе жастарға ой салатын, бағыт беретін айтулы белес. Алдағы уақытта демократиялық құрылымдардың тамырына қан жүгіріп, саяси реформалар жалғасын табарына сенеміз. Осының бәрін ескере отырып, референдумға таңмен таласа оянып келіп, даусымды бердім», – дейді еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Тоқтарбек Кенжин.
Жаңаауыл ауылындағы №899 референдум учаскесінде алғаш дауыс берген Күлбағила Маусымбаева да «иә» не «жоқты» белгілеп кете беретін жеңіл-желпі шара еместігін, мұның ар жағында үлкен өзгерістердің тұрғандығын айтады. Сол үшін де үйіндегі бүкіл шаруасын ысырып қойып таңдау жасауға келіпті. Референдум учаскелерінде тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында дауыс беруге бірінші, жүзінші, үш жүзінші тағы сол секілді реттілікпен барған сайлаушыларға сыйлықтар берілген.
Аудандағы № 937 референдум учаскесінің төрайымы Айгүл Иманғалиеваның айтуынша, осы жолғы референдумға тұрғындар келешекке деген үкілі үмітпен лек-легімен келген. Тіпті, таңғы алты жарымда референдум учаскесінің алдына жинала бастаған. Түске дейін сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беріп үлгерген. «Бұл күн халықтың демократияның үстемдігін аңсап, алдағы күндерге деген сенімін оятқаны, саяси өре мен мәдениеттің өсе түскендігін аңғартқандай», – дейді Айгүл Дәуірбекқызы.
85 жастағы қарт сайлаушы Жұман Кәдіров 74 жастағы жары Зейнепхан Қадырова екеуі №935 референдум учаскесіне келіп дауыс берді. Ал Екпін ауылындағы №938 референдум учаскесіне келіп дауыс берген көпбалалы Шаймардановтар отбасы жас та болса төрт бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Ауыл шаруашылығы саласында табысты еңбек етіп жүрген отағасы Олжас Шаймарданов референдум келешектегі маңызды өзгерістердің басы деп есептейді.
Тағы бір айтарлығы, әртүрлі жағдайымен референдум учаскесіне келе алмайтын адамдарға да жан-жақты жағдай қарастырылды. Мәселен, №920 Қабанбай ауылдық референдум учаскесі, №919 Тәуке референдум учаскесінде тізімде тұрған тыл ардагерлері, қарт сайлаушылар: 1930 жылы туған Тоқтағұлова Мақаш, Қинаятов Қайыркеш және 1936 жылы туған Қинаятова Мәдеш денсаулығына байланысты үйден дауыс берді.
Риддер қаласының кіреберісіндегі №147-ші референдум учаскесіне дауыс беру үшін Лесное, Сосновая, Ульбастрой, Лесная станция және қысқы спорт түрлерінен республикалық олимпиада резерві спорт мектебі-интернат-колледжінің тұрғындары тіркелген. Референдум өтетін жерге ең алдымен Сосновая көшесінің тұрғыны Александр Шабали келді.
– Конституцияға өзгерістер енгізу туралы баптарды мұқият оқып шықтым. Жаңа Қазақстан құру туралы бастама кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. Қазақстан халқының тұрмысын жақсарту, суперпрезиденттік басқарудан бас тарту, тұрғындардың өз таңдауын жасау жөніндегі бастамасын құптаймыз, – деді ол.
Бұдан кейін З.Захаров, В.Коловец, Е.Тарасов өз таңдауын жасады. Спорт мектеп интернат-колледжінің үшінші курсын аяқтап жатқан И.Жабчук, В.Богданов, Ернұр Бексұлтан тұңғыш рет саяси науқанға қатысқандарын, бұл бастаманы қызу қолдайтындарын айтты.
Кикбокстан Әлемнің бес дүркін чемпионы, учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Асқар Можанов дауыс беріп болған соң Конституцияға енгізілген өзгерістер халықтың әл-ауқатын жақсарта беретінін, демократияның тереңдеп, барлық адамдардың ертеңіне деген сенімінің күшейетінін атап көрсетті.
Облыста сағат 20.00-де референдум бойынша дауыс беру аяқталды. Глубокое ауданына қарасты Степной кентіндегі №502 референдум учаскесіне аумақтық референдум комиссиясының мүшелері дауыстарды санау кезінде заңдылықтың сақталуын бақылау үшін арнайы ТМД құрамындағы екі бақылаушы тәуелсіз бақылаушылармен қатар мұқият қадағалап отырды. “Референдумдағы сайлау барысын қадағалап жүрміз. Осы учаскеде дауыс санау барлығы заң аясында өтті”,– деді ТМД құрамындағы бақылаушы Маргарита Ардекул.
Сондай-ақ №502 референдум учаскесінің хатшысы да референдум барысына тоқталып, тұрғындардың белсенділігін атап көрсетті. “Біздің референдум учаскесінде 420 сайлаушы тіркелген. 347 адам референдумға қатысып, дауыстарын берді. 262 сайлаушы иә деп, ал 81-і жоқ деп дауыстарын беріпті, 3 бюллетень жарамсыз деп танылды” деді референдум учаскесінің хатшысы Елена Катынская.
Әзірлеген Didar-дың тілшілер тобы