Шығысқазақстандық соғыс ардагерлеріне 1,5 миллион теңгеден төлемақы беріледі
Бұл туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев мәлім етті.
– Өкінішке қарай, облыстағы соғысқа қатысқан азаматтардың қатары жыл санап емес, ай санап кеміп барады. Ең алдымен айтатын мәселе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде соғысқа қатысқан, соғыс мүгедектері, майдан уақытында тылда жұмыс істеген ардагерлеріміз және оларға теңестірілгендердің бір де бірі назардан тыс қалмауы, көңіліне кірбің түспеуі керектігін нақты атап айтты.
9 мамыр – Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметовтің шешімімен өңіріміздегі 42 соғыс ардагеріне 1,5 миллион теңгеден төлемақы төленетін болды. Президенттің 1 миллион теңгеден кем болмасын дегенін естідіңіздер, өзге облыстар солай беріп жатыр. Ал біздің облыстың әкімі өзі осындай шешім қабылдады, қазір ардагерлеріміз алып жатыр, сол үшін де Даниал Кенжетайұлына ардагерлер атынан рахметімізді айтамыз, – деді Айтқазы Шерубаев.
Жеңісті жақындатқандарға құрмет осымен шектелмейді. Майдангерлерден бөлек жаңағы соғыс ардагерлеріне теңестірілген 420, мемлекеттік марапат алған 218 адамға жүз мың теңгеден төленеді. Ал тылда тер төккен 10074 адамға елу мың теңгеден берілмек. Сонда бәрін есептеп келгенде, облыс бюджетінен ардагерлерімізге биыл 700 миллионға тарта қаражат бөлініп отыр.
Қазіргі күні облыста соғысқа қатысқан майдангерлер саны – 42 ғана болса, оның 16-сы соғыс мүгедегі. Содан кейін осы соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер – 420 адам, мұның ішінде соғыстан оралмаған майдангерлердің жесірлері де бар. Соғыс кезінде тылда жұмыс істеп Үкіметтен орден, медаль алғандар саны – 218. Бұған қоса, 10074 адам – соғыс кезінде тылда жеңісті жақындатуға еселі еңбектерімен өлшеусіз үлес қосқан аталарымыз бен апаларымыз.
Дәурен Аллабергенұлы