Шығысқа тау шаңғы базасы қажет пе?

Шығыс Қазақстанның бизнес қауымдастығы өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға мүдделі. Бұл туралы облыстағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаевтың туризм саласында қызмет ететін бизнес қауымдастық өкілдерімен өткен кездесуі барысында айтылды.
Жиынға, сонымен қатар, олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшылығы мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты. Кездесуге келгендер Шығыс Қазақстанда тау шаңғы спортын дамыту жайын талқылап, жалпы бұқаралық спортқа серпін беруі тиіс бірқатар қызықты жобаны ортаға салды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан еліміздегі тау шаңғы спортының, әсіресе фристайл мен сноубордтың орталығы саналатыны белгілі. Бұл – бекерден-бекер емес, себебі Қазақстанның намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Анастасия Городко, Павел Колмаков сынды саңлақтар біздің облыстың тумалары. Енді осы бағыттағы жетістіктерімізді еселей түсу үшін бұқаралық спортқа жағдай жасауымыз керек. Бұл туралы «Фристайл және сноуборд федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Центр-С» ЖШС құрылтайшысы Александр Чиликин айтты.
Осы ретте, бұл азамат туралы да аз-кем айта кеткеніміз жөн болар. Александр Чиликин үшін бұл сала таңсық емес, ол облыстағы тау шаңғы спортының жағдайымен және проблемаларымен етене таныс. Кезінде облыс орталығының іргесіндегі «Изумрудный» және «Алтай Альпісі» қысқы курорттарын ашуға атсалысқан азаматтардың бірі де дәл осы Александр Чиликин. Сондай-ақ ол кезінде облыс орталығының маңындағы былайғы жұртқа тоғызыншы шақырым деген атымен жақсы таныс демалыс орнындағы арқан жолын салуға мұрындық болған. Дегенмен, қазіргі кезде бұл демалыс орны келушілерді қабылдай алмауда. Оған себеп – жасанды қар төселген сырғанау жолы жоқ.
– Облысымызда қар мөлшері жыл өткен сайын азайып барады. Бұған қоса, қазір халықаралық жарыстардың барлығында тек жасанды қар пайдаланылады. Ал шын қарда сырғанап үйренген біздің жас спортшылар үшін бұл айтарлықтай проблема болайын деп тұр. Спортшыларымызды жасанды қарға бейімдеу үшін біраз уақыт қажет болады, ол жағын да ескеру қажет. Өкінішке қарай, бізде бұл жағы әзірге кенжелеп тұр. Себебі облысымызда бірде-бір жасанды қар төселген тау шаңғы жолы жоқ. Тез арада жағдайды өзгертпесек, спортшыларымыздың обалына қалуымыз әбден мүмкін, – деді ол.
Оның айтуынша, жасанды қар дайындау үшін зәмзәм суындай таза су қажет. Ол үшін арнайы су қоймасын салу керек. Оған қоса, қар зеңбіректерін алу шарт. Спортшылардың жетістіктерін жақсарту үшін су трамплині мен батут залын жабдықтау мәселесін де ретке келтірген жөн. Мұның бәрі қомақты қаражатты қажет етеді. Кәсіпкердің айтуынша, бұл мақсатқа шамамен бір миллиард теңге көлемінде инвестиция құю керек.
– Мен өз есебімнен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы нұсқаған жерден база салуға әзірмін. Дегенмен, бұқаралық спортқа балаларды тарту жағын ойластырмасақ болмайды. Себебі, спорт дегеніміз әлеуметтік жеделсаты іспетті. Біз қысқы спорт түрлерінің шығындарын қалтасы көтере бермейтін аз қамтылған отбасылардың балаларына да жағдай жасауымыз керек. Спортты бәріне қолжетімді етуіміз қажет, – дейді А.Чиликин.
Кәсіпкердің бұл сөзін қысқы спорт түрлері бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Юрий Бекетов пен белгілі фристайлшы Дмитрий Рейхердтің ағасы, бапкер Виктор Рейхерд те қостады. Олардың айтуынша, бүгінде спорт мектебінде 130-ға жуық шәкірт білім алуда. Жалпы, облыс бойынша фристайлдың қыр-сырын үйреніп жүрген 60-қа жетер-жетпес жас бар болса, оның 30-ы ғана оқу-жаттығу жиындарына шыға алатын көрінеді. Тағы да бәрі қаражат мәселесіне келіп тіреледі екен.
Ал тау-шаңғы базасының жобасы жүзеге асқан жағдайда, бұл спортқа бет бұрған балақайлардың санын кем дегенде екі мыңға жеткізуге болады. Бұл – сала мамандарының сөзі.
– Балаларымыздың бойына қысқы спорт түрлеріне деген махаббатты жастайынан сіңіре беруіміз керек. Мектептерде фристайл, сноуборд пен могулдың әліппесін үйрететін пәндер енгізгеніміз де артықтық етпейді. Өскеменнің іргесінде қазіргі заманғы талаптарға сай келетін тау-шаңғы базасы салынса, оның қызығын тек қана спортшылар емес, бүкіл өңір тұрғындары көретін болады, – дейді кәсіпкер Александр Чиликин.
Жиында белгілі болғандай, аталмыш жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асуы тиіс. Кәсіпкерлердің бұл идеясын мәдениет және спорт министрлігі де құптап отыр екен. Мемлекеттік тапсырыс негізінде тау-шаңғы базасының құрылысын қаржыландыруға Сбербанк келісімін беріпті.
Дегенмен, білім басқармасына қарасты «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығының жанындағы өлкетану, туризм және спортты дамыту зертханасының меңгерушісі Зура Айтқазинаның мәліметінше, бұл мәселенің де қарапайым жұртқа беймәлім ауы мен бауы көп.
– Бүгінде облысымызда 176 тау шаңғы секциясы жұмыс істеп тұр. Алайда арнайы мектеп ашу жағы қиынға соқпақ. Себебі өңірде бұл спорт түрлеріне қажетті киім-кешек пен құрал-жабдықтар қоры жоқ. Бұған қоса, балалардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алмайды. Ал фристайл болсын, сноуборд болсын, бәрі де экстрималды спорт түрлеріне жатады. Осыны ұмытпауымыз керек. Жалпы алғанда, биыл Шығыстағы 1 268 спорт секциясы мен мектептерді ашуға облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген-ді. Дұрыс түсініңіздер, біз де бұл жобаны жүзеге асыруға мүдделіміз. Сол үшін сіздерге болашақ тау-шаңғы базасының бизнес-жобасын әзірлеуге және оны облыс әкімдігіне жеткізуге көмектесуге дайынбыз. Дегенмен, сіздер де біздің талап-өтініштерімізді ескерулеріңіз тиіс. Облыс әкімдігі бұл жобаны мақұлдап жатса, базаны қала аумағында салған дұрыс. Бұл ең алдымен, балалар мен жасөспірімдерге ыңғайлы болады. Біздің ойымызша, мұндай нысанды тоғызыншы шақырымда салу керек, – деді З.Айтқазина
Бұл ұсынысты облыстағы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев та қолдап, жобаның іске асуына көмектесуге әзір екенін жеткізді.
– Біздің бизнес-бапкерлеріміз сіздерге дұрыс бизнес-жоба әзірлеуге және оны жергілікті атқарушы билік органына жіберуге жәрдемдеседі. Ол үшін ең алдымен мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеуіміз қажет. Егер де бұл бағыттағы жұмысымыз өнімді болып жатса, онда «Атамекеннің» орталық аппаратына хат жолдайтынымыз анық. Ал ондағы әріптестеріміз жоба жөнінде салалық министрлікке тиісті ұсыныспен шығатын болады, – деп түйіндеді Қайрат Мамырбаев.
Сәрсен Қабылым