Ауыл шаруашылығыТОП

Шығысқа таңсық таңқурай түрін өсіріп отыр

Облыс орталығының іргесінде Шығыс Қазақстанға таңсық таңқурай түрін өсіретін бағбан өз өнімімен өңір жұртшылығын қара күзге дейін қамтамасыз етуде.

Қытымыр қысы алты айға созылатын Алтайдың жайдары жазы көзді ашып-жұмғанша өте шығатыны белгілі. Сол себепті, жері жайсаң, көгі майса өңірге көп дақыл түрлері өсе бермейді. Осыған байланысты шығысқазақстандық бағбандар климатқа тәуелді дақыл түрлерін өсіруге көбірек көңіл аударып жатады. Осыны ескерген өскемендік агроном Сергей Ла «Пасека» омарта шаруашылығының аумағындағы бір гектар аумаққа швейцариялық ремонтантты таңқурай өсіруді қолға алған. Жаз басынан күзгі қара суық түскенше жеміс беруі тоқтамайтын жидек түрі қазірде облыс орталығына танымал болып та үлгерген.

– Отырғызылатын көшеттерді Швейцариядан әкеліп, қазіргі уақытта оның аумағын бір гектарға жеткіздік. Жалпы, осындай аумақтан шамамен сатылымға 30 миллион таңқурай жидегі теріледі деп болжап отырмыз. Бұл – өзімізде өсірілген таңқурай көшеттерін сатудан бөлек есеп. Яғни, бұл біздің таңқурайды теріп қана қоймай, сонымен қатар оның көшеттерін де сатамыз деген сөз. Биыл бізден осындай таңқурай көшеттерін Опытное поле ауылында орналасқан Шығыс Қазақстан ауылшаруашылық тәжірибелік станциясы мен Ұлан ауданының Герасимовка ауылында және Күршім ауданында орналасқан шаруашылықтар сатып алды, – дейді «Пасека» шаруа қожалығының басшысы Валерий Қасымбаев.

Дей тұрғанмен, шаруашылық негізінен таңқурайдың көшетін емес, жемісін сатуды мақсат еткен. Оның айтуынша, қазірде Шығыс өңіріне таңсық таңқурай түрін өсіруге бел шеше кіріскен мамандардың бірі Сергей Ла көрінеді. «Пасека» шаруашылығында бірнеше ондаған жылдар бойы бағбандық саласында тер төгіп келе жатқан Сергей ұлы Александр екеуі соңғы үш жыл көлемінде таңқурайдың осы түрін өсіруге мықтап бекінген екен. Қазірде, ала жаздай бақта отбасымен тұратын Сергей бағбандықты әке-шешесі бастап, енді үшінші ұрпаққа берілген мұра екенін айтады. Бүгінде өз өнімін облыс жұртшылығына кеңінен танымал етіп үлгерген ол Өскемендегі бірқатар сауда нүктелерін швейцариялық таңқураймен қамтамасыз етіп отыр.

– Үш жыл бұрын Валерий Қасымбаевтың басшылығымен кішкентай ғана шаруашылықты ашып, жұмысты бастап кеттік, – дейді Сергей Ла. – Қаламызда, тіптен біздің өңірде кездеспейтін жидек түрін өсіріп көруге бел будық. Бүгінгі күні өз ісіміздің нәтижесі аздап болсын көріне бастады. Әзірге соншалықты қатты айналым болмаса да, біздің өнімімізді қала мен оған жақын орналасқан елді мекендердің жұртшылығы тани бастады.

Сұраныс жіті зерделенді

Бұл идеяның кездейсоқ ойға келмегенін алға тартқан маман алдымен өңірдегі осы жидек түріне деген сұраныс деңгейінің жіті зерделеніп алғанын айтады. Осы уақытқа дейін бақша дақылдарының бірнеше түрін отырғызып көрген ол таңқурайдың облыс нарығын тым жауламағанын байқаған. Шаһар тұрғындарының көп жағдайда еліміздің оңтүстік өңірлерінен, одан қалды шетелдерден жеткізілетін таңқурайға тәуелді екенін байқаған кәсіпкер бағбан бұл істі бірден қолға алған.

Климаты қатал келетін Шығыста бұрын-соңды өсірілмеген жидек түрін өсіру үлкен тәуекел екені рас. Дегенмен тәуекелге бел буып, қателіктерді басынан өткерген адам ғана өз ісінің нәтижесін көретіні белгілі. Ғаламтор беттерін ақтарып, таңқурайдың осы түріне тоқталған шаруашылық басшысы оны кәрі құрлықта орналасқан Швейцария елінен тапсырыспен алдырған екен.

– Бастапқыда біз мың түп көшет сатып алып, соны отырғыздық, – дейді Сергей. – Қазірде таңқурай түптерінің санын шамамен жиырма мыңға жеткіздік. Біздің өңіріміз жер өңдеуде тәуекелділігі көп аймаққа жататыны барлығымызға белгілі ғой. Қысымыз қырық градустық аяздармен, жазымыз қырық градустық аптап ыстықпен жалғасып жатады. Сол себепті, Еуропаның қоңыржай климатына үйренген таңқурайды өсірудің өзіндік ерекшеліктерін білу өте маңызды.

Дей тұрғанмен, бағбанның бұл іске деген білімімен қатар, оған жанын салудың да маңызды екенін айтқан ол осының арқасында жергілікті өнім басқа өңірлерден тасымалданатын таңқурайға қарағанда анағұрлым сапалы екенін айтады. Өйткені таңқурайды бірнеше мың шақырым қашықтыққа химиялық өңдеусіз тасымалдау тіптен мүмкін емес көрінеді. Қозғалған сайын езіліп, отыра беретін жидек, межелі жерге жеткенге дейін өзінің бастапқы түрін де жоғалтады. Міне, осы себепті Сергейдің өсірген таңқурайлары облыс нарығына біртіндеп танымал бола бастаған.

Бабын білу басты міндет

Қандай дақылды өсірмес бұрын оның бабын білу қажет. Бұл салада көпжылдық тәжірибесі бар Сергей таңқурай өсірудің қыр-сырын білмеген адамның мұндай істі бастамағаны жөн екенін айтады.

– Кез келген жидек күтімді жақсы көреді. Бұл жидекті бір рет отырғызып, сонан соң ұмытып кетуге келмейді. Таңқурай уақытымен суарып, арамшөптерден, ескірген түптерден арылтып отыруды қажет етеді. Сондықтан отбасымызбен бірге таңның атысынан күннің батысына дейін осы бақта жүреміз. Уақытымен суарып, уақытында жемістерін теріп отырамыз. Терілген таңқурайды бастапқы қалпында сақтау үшін арнайы ыдыстарға салып тасымалдаймыз, – дейді Сергей.

Басқа жақтан тасымалданатын таңқурай ерте пісетіндіктен жаз басталмай жатып Шығыс Қазақстанның нарығында пайда болып қоятынын алға тартқан бағбан оны тұтынудың өте қауіпті екенін айтады. Ал Сергейдің өсіріп отырған таңқурайы шілденің басында пісетіндіктен, нарыққа кешірек жетеді. Дегенмен, бүгінде оның өсірген таңқурайының дәмін біліп алған біраз тұтынушы сәл күте тұрып, табиғи жолмен өсірілген жидекті жеуге тырысатын болған көрінеді.

– Зюгана таңқурайы деп аталып кеткен бұл жидектің тағы бір ерекшелігі – біздің климатқа деген төзімділігі. Күтімді де соншалықты көп қажет етпейді. Қыс мезгілінде тамырының үсіп кету қаупі де аз, сол себепті біз кәрі құрлықта өсірілген таңқурайдың осы түрін өзімізде жерсіндіруді шештік, – деп қосты Сергай Ла.

«Zyugana» таңқурайы – тоқсаныншы жылдардың соңында Швейцария селекционерлері өсіріп шығарған ремонтантты таңқурай сорты. Климаттық қолайлы аймақтарда жидек жаздан бастап күздің соңына дейін жеміс береді. Зюгананың жемістері үлкен әрі өзінің бастапқы қалпын бір аптаға дейін жоғалтпайтын қасиетке ие. Жақсы күтім болған жағдайда бір таңқурай жемісінің салмағы 12 грамға дейін жетуі мүмкін. Құрғақшылыққа төзімді болғандықтан, суарусыз да өнім бере береді. Жидектердің 90 пайызынан астамы бірінші сортты болып келетін жидек бірінші жылы жеміс беріп, тез көбейіп, көп өсім береді. Сонымен қатар тамыр жүйесі қуатты болғандықтан, таңқурай бұталарына тіреу қоюдың қажеті жоқ. Осындай қасиеттерінің арқасында оның тиімділігі артып, кішкентай ғана алаңнан көп жидек алуға мүмкіндік бар.

Зюгана таңқурайы жемісін жақсы беруі үшін бұталардың арасындағы арақашықтықты қатаң сақтаған жөн. Таңқурай қатарға отырғызылады. Жолдар арасындағы қашықтық кемінде 1,8 метр, ал бұталар арасында кемінде 0,8 метр арақашықтық болуы тиіс. Екі жыл жеміс берген бұтасын үшінші жылы алып тастау керек. Түбіндегі топырақты қопсытып, ерте көктемде таңқурай бұталарының 1,5 метр биіктіктен қиып отыру қажет. Зюгана сорты ауруларға төзімді, бұл бақша аумағын химиялық өңдеусіз жасауға және экологиялық таза өнім алуға мүмкіндік береді. Ал қолайлы жағдайда жаз бойы бір бұтадан 6 келіге дейін жидек алуға болады.

Азамат Темірбеков

 

Осы айдарда

Back to top button