Парламент Мәжілісінің депутаты, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Ерлан Сайыров жақында Шығысқа іссапармен келіп, қайтқаны белгілі. Депутатқа көкейімізде жүрген сауалдарымызды қойған едік.
– Ерлан Бияхметұлы, Сіздің келгеніңізді әлеуметтік желідегі жазбаңыздан оқыған шығысқазақстандықтар бұл сапардан үлкен үміт күтті, қордаланған әлеуметтік мәселелерді де сол жерде тікелей көтеріп жатты. Тұрғындар мазалаған сауалдарына мардымды жауап алды ма? Осы сапарыңызды аз-кем салмақтап өтсеңіз.
– Ең бірінші, біз Семей қаласындағы М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенттерімен және оқытушыларымен кездестік. Бұл білім ордасының тарихи маңызы өте үлкен, себебі осында өткен ғасырдың 20-шы жылдарында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан секілді қайталанбас тұлғалар оқыған. Осы үш азамат ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының, Қазақстан халқының қайта құрылуына үлкен үлес қосты. Қаныш ағамыз Қазақстанның бүгінге дейін игілігін көріп отырған жерасты қазба байлықтарын тауып, ашып кетсе, Мұхтар ағамыз өзінің өшпес шығармасы арқылы қазақ халқын, оның ішкі дүниесін, дархан да кең пейілін әлемге танытып кетті. Ал Әлкей Марғұлан ағамыз – қазақтың Алтын Орда, түркі кезеңіндегі бүкіл тарихын жинап, түгендеп берген азаматымыз. Сондықтан бұл оқу орнының қазақ үшін мәні ерекше. Кездесуде байқағаным, жастардың саяси ойлауы, өмірге деген көзқарасы өте жақсы және болашақта үлкен үміт күттіреді.
– Шекаралық аудандардан кезек күттірмейтін қандай мәселелерді байқадыңыз?
– Шығыс Қазақстанның шекаралық оңтүстік аудандары – Тарбағатай, Зайсан, Күршім және Катонқарағай аудандары. Біз бұл сапарда тек аудан орталықтарында ғана емес, шекараның түбінде орналасқан Асусай, Жалаңаш секілді көптеген шеткері ауылдарда болдық. Тарбағатайдың бұрынғы аудан орталығы Ақжар ауылында үлкен жиналыс өткіздік. Ол жақтағы ағайынның ең үлкен мәселесі – сол шекаралық аудандардың тағдыры, яғни шекаралық аудандардың қайта ашылуы. Білесіздер, 1997 жылы бұл шекаралық аудандар жабылған. Сол кезде бюджетті үнемдейміз, аудандар экономикасын басқаша қарастырамыз деген ойлар болды. Өкінішке қарай, солардың біреуі де іске асқан жоқ. Уақыт бүгінгі таңда Үкіметтің сол шешімі өте қате болғанын көрсетті. Аудандар жабылғасын халық үдере көшті, экономика тұралады. Жоғарыда аталған аудандардан 1995 жылмен салыстырғанда 55-60 пайыз жергілікті халық көшіп кеткен. Ал шекаралық аймақтан халықтың көшуі – еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан ауылдағы ағайынмен кездесулерде осы мәселе жан-жақты қарастырылып, талқыланды. Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың шекаралық аудандарын дамыту жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеген болатын. Ол қазір әртүрлі мемлекеттік органдармен бірлесіп жасалып жатыр.
– Ауылдағы ағайынның арыз-арманы астана жаққа қаншалықты жетіп жатыр?
– Оған күмәніңіз болмасын. Айта кетейін, бұл жолы бізбен бірге сапарлас болып экономика, цифрландыру министрліктерінің, шекара қызметінің өкілдері бірге барып қайтты. Олар айтылған мәселелерді, соның ішінде халықтың әлеуметтік жағдайын, интернетке қолжетімділік, шекара торынан өтіп қыстамаға шөп дайындауға, мал жаюға, шекара режимін сақтауға қатысты шекарашылар мен жерлігікті тұрғындар арасындағы қарым-қатынас мәселелерін жазып алып кетті. Шекарадан өтуге қатысты кей мәселелер сол жерде шешілді. Шекарашылар өздері үшін де қосымша қажетті мол ақпарат алды деп есептеймін. Мәселен, шекара шебінде тұрған заставалардың жабылып жатқаны да халықтың көңілін алаңдатуда. Енді оның экономикалық, басқа да себептері бар шығар. Біріншіден, проблема көп болғандықтан, халық та көп жиналды. Екіншіден, Президенттің өзі де халықпен жиі диалогқа бару, кері байланыс орнату керектігін үнемі айтуда.
Халықтың көп жиналуы – бүгінгі таңдағы саясатты, орталықта қабылданған дұрыс саяси бағытты халықтың қолдап отырғанын көретеді. Қайда барсақ та, алдымыздан шығатыны – әлеуметтік мәселелер. Қуантарлығы – облыстық деңгейде шекаралық аудандарды дамытуға белгілі бір қадамдар жасалып, жұмыс жүріп жатыр. Мысалы, Тарбағатайдағы бағана айтқан сол Жалаңаш пен Асусайда, Жаңаталапта су үйге дейін тартылған. Жалаңашқа сонау кеңестік заманда салынбаған жол салынды. Сондай-ақ талай жылдан бері өзекті мәселе болып келген Зайсан қаласы мен Шілікті ауылы арасын жалғап жатқан 70 шақырым жолға былтырдан бері асфальт төселуде. Енді газ бен егіндікке, жайылымдыққа су жеткізілсе, тіпті жақсы болмақ. Ойшілік ауылына да су, жарық келіп тұр. Мәдениет үйі, амбулатория салынған, жолы да жөнделген.
Осы аудандардың экономикалық дамуын одан әрі ілгерілетуге жұмыс істеліп жатыр, өйткені оның себебі белгілі. Біз қазір өте күрделі геосаяси жағдайда тұрмыз, сондықтан шекаралық аймақтарды одан сайын дамыта түсуіміз керек. Шекаралық аймақтардың тағдыры – еліміздің, Қазақстанның тағдыры екенін әсте ұмытпағанымыз жөн.
– Зайсан ауданына барғаныңызда Шілікті ауылдық округінде ауыл шаруашылығына қажетті су мәселесі алдыңыздан шыққан сияқты.
– Зайсан ауданына келетін болсақ, өзіңіз айтқан Шілікті, Жалши, тордың түбіндегі Қарасай ауылында судың жоқтығы. Білсеңіздер, кезінде Шіліктіде 5 мың гектарға жуық суармалы егістік болған. Бұрынғы Тарбағатай ауданы егінінің 70 пайызын сол Шілікті округі беретін. Енді қазір су жоқ. Су келу үшін Шағаноба өзенінде шағын тоспа, өзге де қажетті су бұратын гидроқұрылымдар салыну керек. Шіліктідегі ағайынның ең үлкен мәселесі –егіншілікке, көпжылдық шөп өсіруге қажетті осы судың жайы. Су болмаған соң Шілікті жақта малға шөп жоқ, қуаңшылық. Шөпті сатып алады, оның бағасы жыл сайын шарықтауда. Бұл – Тарбағатайдың көп ауылдарына тән мәселе. Содан соң тағы бір өзекті проблема – интернет байланысы. Тиісті министрлік интернет бар, орнатылды деп ақпарат бергенімен, іс жүзінде жоқ, істемейді, заставаларға да енді тартылып жатыр. Бізбен бірге барған министрлік өкілі жағдайды көзбен көрген соң, оң шешім қабылдайды деп тосамыз.
Ал Зайсанның өзіне келетін болсақ, экономикалық жағдайы жақсы. Газ қолжетімді болғандықтан, халықтың әлеуметтік деңгейі көтерілетіні анық қой. Дегенмен, Зайсанда болған кездесуде тұрғындар аудандағы басқа ауылдарға да газ тарту мәселесін көтерді. Облыс әкімінің бастамасымен қалған ауылдарға газ тарту үшін мемлекеттік бюджетке ұсыныс берілген. Сол ұсыныс осы наурызда бюджетте қайта қаралып, қаржы бөлінеді. Сол кезде екінші кезеңге қалған сегіз ауылға да газ жеткізіледі.
– Күршім ауданынан, табиғаты көз тойғысыз Марқакөл жақтан қандай өзекті мәселелерді ойға түйіп қайттыңыз?
– Марқакөл жақтағы да бірінші өзекті мәселе – сол шекарашылармен тұрғындар арасындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерді пайдалануға байланысты қарым-қатынас жайы. Қазір оның бәрі реттелген. Тұрғындар бұрынғыдай шекара маңынан шөбін шаба алады. Мәселен, біз Зайсан жақтан Марқакөл өңіріне түнде өттік. Сонда байқағанымыз, Қытай жағы шекара маңына үлкен-үлкен зәулім үйлер салып тастаған. Кәдімгідей қала тұрғызып жатыр. Бұрын ондай болмаған. Сондықтан, осының барлығы қазіргі уақытта шекаралық аудандар мәселесін қарастырғанда халықты әкелу, орналастыру жағы өте өзекті екенін анық көрсетіп отыр.
– Осы мәселені ұдайы көтеріп жүрген депутат ретінде шекара шебіне халықты, әсіресе жастарды қайтадан тарту үшін нақты-нақты қандай механизмдерді қолға алуымыз, қандай тиісті заңнамалар қабылдауымыз керек деп ойлайсыз?
– Сауалға қатысты ең өзекті мәселе бар, оны өзіміз де ойланып жүрміз. Ол мынау кеңестік заманда шекаралық аймақтар, аудандар туралы арнайы заң болған. Сол кезде Тарбағатай ауданында жарыққа, көмірге белгілі бір преференциялар болған. Содан кейін жалақыға шекаралық үстемелер қосылған. Осы сияқты қолдау тетіктерін мемлекет тарапынан неге қайта қалыптастырмасқа? Мысалы, көрші Ресейде кеңес кезінен бергі сол жеңілдіктер әлі күнге дейін сақталған. Шекарада тұратын ресейліктер соның бәрін қолданып, мемлекеттің қандай да бір жеңілдігін көріп отыр. Негізі, бұл – әлем бойынша қалыптасқан дүние. Мұндай жеңілдіктер Канадада, Австралиядада бар, тіпті территориясы шағын мемлекет Израйль де шекара маңына халықты неғұрлым көп шоғырландыру үшін бірталай жеңілдіктер жасап отыр. Сондықтан бұл мәселені, менің ойымша, ары қарай ұштай түсу, мемлекеттік органдармен, қоғамдастықтармен бірлесе ақылдасу қажет. Дегенмен, ең бастысы, шекаралық аудандар туралы заң бәрібір қажет. Оған ықпал етуге тырысамыз.
– Шығысқа сапар аясында облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездескеніңізді білеміз. Шығыс өңіріне қатысты қандай мәселелерді ортақ талқыға салдыңыздар?
– Кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін, аймақтық дамудағы диспрапорцияларды жою мәселесін қарастырдық. Облыс экономикалық даму бойынша оң көрсеткіштер көрсетуде, әлеуметтік дамудың динамикасы жоғары. Шекаралық аудандарды дамытуға, инфрақұрылым объектілерін салуға да қомақты қаржы бөлінуде. Әрине, экологиялық, басқа да проблемалар бар. Оларды шешудің де тетіктері анықталуда.
Даниал Кенжетайұлы Өскемен қаласының даму перспективасы жөнінде де өз ойымен бөлісті. Сондай-ақ Мәжілісте аймақтың дамуы мәселесіне көңіл аудару тетіктеріне тоқталды. Кездесу барысында облыстың тұрақты даму мәселелеріне бірге атсалысуға келістік.
Тағы да қайталап айтамын, Шығыс Қазақстан облысының әкімі, белгілі мемлекет қайраткері Даниал Кенжетайұлының шекаралық аудандарды дамытуға қатысты нақты ойы, қоғамның мүддесіне сәйкес келетін ұстанымы, нақты бағдарламасы бар. Бағдарламада туризмді дамыту жағы да қарастырылған. Осы орайда, айта кететін бір мәселе, Шығыс Қазақстан облысы – шекаралық аудандарды дамыту туралы 2021-2025 жылдарға арналған, Үкімет мақұлдап, бекіткен бес жылдық арнайы бағдарламасы бар республикадағы бірден-бір облыс. Бағдарламаның алғашқы нәтижелерін де байқап отырмыз. Бағдарламаның орындалуынан үлкен үміт күтеміз. Жалпы, облыстың экономикалық-әлеуметтік даму қарқыны жоғары. Көрсеткіштерге көңіл толады.
– Шекаралық аудандар мәселесін сөз еткенде, айналып соға беретін әрі редакциямызға көп жолданатын бір сұрақ бар, ол – сол баяғы жабылған аудандар қайта ашылса деген сауал. Әсіресе Тарбағатайдың Ақжар жағының халқы бұл мәселені дүркін-дүркін белсенді көтеруде. Өзіңіз айтыңызшы, егер сол жабылған аудандарды қайта аша қалған жағдайда, осыдан 25 жыл бұрын қалаға көшіп сіңісіп кеткен, тұрақты жұмысқа орналасып, ипотекаға болсын үй алып үлгергендер, балалары өсіп қалған жас отбасылар енді елім, жерім деп қайта ауылға орала ма? Жас мамандарды интернеті, қаладағыдай қолайлы өмірі жоқ ауылға апара аламыз ба? Жалпы, бұл қадам экономикалық жағынан қаншалықты тиімді? Әлде сол бағдарламамен қаржыны молынан құйып дамыта берген дұрыс па?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, шекаралық аудандарды жабу туралы шешім қате, саяси қате шешім болды. Бұдан халық та, мемлекет те ұтқан жоқ. Екеуі де ұтылды, шекарадағы жер бос қалды. Менің ойымша, Үкімет шешім қабылдауы қажет, әсіресе мына Қытаймен шекарадағы аудандардың барлығы да сөзсіз қайтадан ашылуы керек.
Бұл жерде мынадай үш аспект бар. Біріншісі, мен өзім Тарбағатайдан Қазақстанның әр жеріне көшіп кеткен азаматтармен, ірі кәсіпкерлермен сөйлесіп тұрамын. Олар егер Ақжар аудан болып ашылса, қайтамыз деп отыр. Жай қайтпай, кәсіптерін де осы жаққа көшірмек. Ауылдан шыққан, бүгінде өте ауқатты бизнесмендер өз фирмаларының бәрін осы жаққа тіркеуге қоямыз деп отыр. Бұл ауданның бюджеті үшін қомақты түсім болмақ. Екіншісі, бір мысал келтірейін. Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданы, қазір Райымбек деп аталады, сол қайтадан ашылды. Осы үш жылдың ішінде ауданға бес мың адам көшіп келді. Жаңа жұмыс орындарын ашып, ресторан, дәмхана, асхана, шаштараз, дүкендер ашып тастады. Мал шаруашылығы кеңінен өркендеп жатыр. 15 млрд. теңге инвестиция құйылған.
Сондықтан Шығыстағы аудандар ашыла қалса, міндетті түрде экономикалық өрлеулер болады. Мұны халықтың өзі де тосып отыр, отыз жылда белгілі бір дәрежеге жеткен кәсіпкерлер де қолдау білдіруде. Әрине, мемлекеттің де қолдауы болуы тиіс. Ең бастысы, бұл аймақтар Қазақстан үшін геосаяси мәнге ие екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Үкімет шекаралық аудандар үшін қаржыны аямауы тиіс, себебі бұл жақта Қазақстанның тағдыры шешіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Мемлекет – халық үшін» деп нақты айтты. Сол жолда бәріміз бірлесе тер төгуіміз қажет.
– Мазмұнды сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы
Фото авторы – Ермек Иманғазинов