Қоғам

«Шығыс кәдесыйының» орны бөлек

Мейрамтай Иманғали

“Ұлттық рухани жаңғыру” бағдарламасы  және Балалар жылы аясында  қолөнер шығармашылығының “Шығыс кәдесыйы” атты облыстық фестиваль-конкурс  болып өтті.    Облыстың қалалары мен аудандарынан келген шеберлер  қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі тәсілде әртүрлі материалдардан жасалған сан алуан бұйымдарды ұсынды.

 Фестивальға келген қала тұрғындары мен қонақтары өңір шеберлерінің дәстүрлі және заманауи жұмыстарының көрмесі мен  түрлі-түсті бұйымдар мен кәдесыйларының жәрмеңкесін тамашалады. Сондай-ақ шеберлердің  түрлі бұйымдар жасау бойынша шеберлік дәрістеріне қатысып, шығармашылықтың қыр-сырымен танысты. Фестивальға қатысушыларды облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова құттықтап, ізгі тілегін білдірді.

– Сіздердің шығармашылық туындыларыңыз халқымыздың ықылым заманнан келе жатқан асыл мұрасы. Ал сіздер мұны бүгінгі заман талабы тұрғысынан зерделеп, ел игілігіне ұсынып отырсыздар. Бұл  –  болашақ ұрпаққа, балалардың зейініне руханият дәнін сіңіруге қызмет ететін мәдени мұра. «Шебердің қолы ортақ» дейді халық даналығы. Олай болса, сіздердің қолдарыңыздан шыққан бұйымдарыңыз бүкіл халықтың игілігіне айналсын, –  деді ол.

Жалпы, жәрмеңкеде  оюланған және боялған кәдесыйлар, саздан, қоғадан, киізден, былғарыдан жасалған бұйымдар, сондай-ақ тастан жасалған әшекейлер келушілердің назарын өзіне ерекше аударды. Шеберлік дәрістеріне  қатысқан қала тұрғындары мен қонақтары өзі жасаған сыйлықты өзімен бірге естелік ретінде ала кетті.

Сондай-ақ шеберлер мерекенің басты кейіпкерлері  –  балаларға арнап жұмсақ ойыншықтар да жасаған екен. Қолөнершілердің қай-қайсысы да осынау байқауға ерекше   дайындалғаны, солайша ересектер мен балаларды таңғалдыратын, таңдандыратын жұмыс ұсыну үшін көп уақыт және күш-жігер  жұмсағаны байқалып тұр.

– Мен қолөнермен бала кезімнен айналысамын. Анам    өте ісмер жан. Арғы жақта жүргенімде осы мамандықтың қыр-сырын оқыдым. Негізгі жұмыстарым бізкестемен орындалған. Сондай-ақ алаша тоқимын, шимен шұғылданамын, – дейді  Сайлан Мұхаметбек. Сайлан  –  қазір Ұлан ауданы, Гагарин орта мектебінде технология пәнінің мұғалімі. Ол қазір балаларға қолөнердің қыр-сырын оқушыларға терең үйретіп жүр.

– Қолөнерші болу оңай емес. Ол үшін шыдам, төзім керек. Еңбекқор болса, адамның алмайтын асуы жоқ, – дейді ол.

Байқау жеңімпаздары «Жоғары шеберлік», «Дәстүршілдік», «Жаңашылдық», «Қолөнершілдікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Жас қолөнерші», «Жас шебер» сынды аталымдар бойынша марапатталып, сый-сияпатқа ие болды.

Осы айдарда

Back to top button