Шығыс аштықтан ең көп зардап шекті

Ержан Әбіш
Өткен ғасырдың 30-шы жылдарында болған ашаршылықтың екінші әрі ауыр толқыны екі миллионға жуық қазақтың өмірін жалмады. Ұлтымыздың 47 пайызы, яғни жартысына жуығы қырылып қалды. Бұл ретте ең көп зардапты еліміздің Шығыс өңірі шеккен-ді. Аймағымыздағы қазақтың 64 пайызы аштық құрбаны болды, шекара асқандардың дені де – өлкеміздің халқы.
Бұл жөнінде біраз деректі бізге Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, демографиялық мәселелерді жіті зерттеп жүрген ғалым Гүлжан Сәрсембаева ұсынды.
– Ашаршылық – тарихымыздағы қайғылы беттердің бірі. Бұл зұлматты әсте ұмытуға болмайды, аштықтың зерттелмеген қырлары өте көп. Әсіресе қазақ этносының демографиялық шығын мәселесі ерекше өзекті, – деген ғалым ашаршылықтың алғашқы толқыны 1919 жылдан 1922 жылға дейінгі кезеңге келгенін айтады.
Осы кезеңде халықтың кемуі жалпы 1 миллион адамды құрады, негізінен қазақтар қырылды. Ашаршылық салдарынан Ақтөбе, Қостанай, Ақмола және Орал губернияларында тұратын қазақтар көп зардап шекті. Этнос саны аштықтан зардап шекпеген Семей губерниясында ғана ұлғайды, есесіне бұл аймақ аштыққа ұшыраған көшпенділердің үлкен легін қабылдады.
– Ашаршылықтың келесі толқыны 1931 жылдан 1933 жылға дейінгі кезеңге сәйкес келеді, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының екінші жартысында Қазақстанда Кеңес өкіметі көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын күштеп отырықшыландыра бастады. Сталиндік-голощекиндік саясат малшылардан диқаншы жасауға, адамдардың тұрмыс-салтын өзгертуге бағытталған болатын. Ғасырлар бойы қалыптасқан және қазақ даласының климатына сай шаруашылық жүргізудің дәстүрлі формасынан ажырау 30-шы жылдардың басында жаппай елден көшуге және ашаршылыққа алып келді, – дейді ғалым.
Қазақстанда 30-шы жылдардағы ашаршылықты «голощекиндік ашаршылық» деп те атайды. Оның барысында қазақтардан мал тәркіленді, бұл олардың жалғыз тіршілік көзі болатын. Ашаршылық жағдайы қызыл әскердің Қытайға, басқа көрші елдерге қоныс аудару әрекетін қатаң басуымен күрделене түсті. Дегенмен, қазақ халқының бір бөлігі, кейде тұтас ауылдар аштықтан басқа мемлекеттерге қашып кетті.
– 30-шы жылдардағы ашаршылық салдарынан қазақ халқының шығыны 1,8 миллион адамды немесе этнос санының 47%-дан астамын құрады. Ең көп зардап шеккен – республиканың шығысындағы қазақтар. Мұндағы шығындар этнос санының 64%-ын құрады. Бұл аймақта ел жаппай шекара асты. Солтүстік Қазақстанда этнос өкілдерінің жартысынан астамы қырылды. Батыс Қазақстанда ұлттың 45%-ы жойылып кетті, – деген мәліметтерді келтіреді Гүлжан Сәрсембаева.
1939 жылы кезекті халық санағы жүрген. Осы деректер бойынша Қазақстанда 6151,1 мың адам тұрған, бұл ретте қазақтар бүкіл халықтың 37,8%-ын, орыстар 40,0%-ын, өзге этностар 22,2%-ын құрапты. Яғни, ашаршылық салдарынан қазақтың абсолюттік саны да, салыстырмалы саны да азайған. Қазақстан халқы жергілікті емес этностың, бірінші кезекте, орыстардың есебінен өсті, бұл олардың республика аумағына көптеп көшіп келуінен болды.
Осылайша, 1939 жылға қарай Қазақстанда жарты ғасырға жуық байырғы ұлт пен басқа этностар арасындағы сан мен үлес салмағының жаңа арақатынасын айқындап берген этнодемографиялық жағдай қалыптасты.
Сонымен, жаппай ұжымдастыру, көшпенділерді күштеп отырықшыландыру, «Кіші қазан» саясаты республикада ашаршылық тудырды. Демографиялық жағдай ашаршылықтың, шетелге көшудің, індеттердің, сталиндік қуғын-сүргіннің салдарынан тіптен ушыға түсті.
– Жалпы, 20-шы және 30-шы жылдары ашаршылықтың екі толқыны қазақтың демографиялық өсіміне айтарлықтай зиян келтірді. Бала туу және табиғи өсу көрсеткіштері күрт төмендеді. Ашаршылық салдарынан 10-15 жыл ішінде қазақтың саны екі есеге қысқарды. Әлем тарихы мұндай ауқымды трагедияны білмейді, – дейді тарихшы.
Ұлтымыздың бұрынғы саны XX ғасырдың 80-ші жылдарының соңына қарай ғана қалпына келді, сол кезде қазақтар республика халқының құрамындағы үлесін біршама көбейте алды. Осылайша, қазақтардың қайтадан республикадағы ең көп санды этнос болуы үшін жарты ғасырдан астам уақыт қажет болды.
https://baq.kz/asharshylyqtyn-demografiyalyq-saldaryn-ali-de-tartyp-kelemiz-tarihshy_279486/
Материал BAQ.KZ сайтынан алынды