Тылсым дүние

Шыңғай бақсының шапағаты

Шыңғай бақсының шапағаты


Қалбатау ауылының солтүстік шығысына қарай 11-12 шақырым жерде «Қалбатау» ауылдық округінің Ортабұлақ атты бөлімшесі орналасқан. Жері өте қасиетті, құнарлы, құтты мекен десе де болғандай. Қасиетті дейтініміз, бұл өлкеде бақсылық-әулиелігімен танылған атақты Райымбайұлы Шыңғай бақсы туып-өсіп, мекен етіп, талай адамға көріпкел емшілігімен көмек көрсеткен.

Ұзақ ғұмыр кешіп, 80 жасында дүниеден өткен екен. Сонымен қатар, бұл өңірде иісі қазаққа аты мәлім Жәнібек батыр да жерленген. Осы атақ-даңқы белгілі адамдарды әлемге әйгілеп тұратындай шипалы «Әулие көл» атанған шағын көл және бар. Таяуда сол өлкенің төл тумасы Төлеу Кәрімұлына жолығып, ел-жұрттың амандығын сұрасам: «Ой, ағасы жағдай жақсы. Жұрт орынша, ептеп жүріп жатырмыз. Оның үстіне біздің өлкені білесіз, адамдар рақаттанып дем алатын орын десе де болады ғой», –деп күледі. «Қалайша? Демалыс орны ашылды ма?» -деп жатырмын мен. «Бізге келушілер қазір көбейіп келеді. Әсіресе, Шыңғай атамызға тәу етушілер, «Әулие көлге» түсушілер, Жәнібек батыр басына барушылар үзілмейді», –деді. «Бірер мысал айтшы, кәне», -дедім.

«Айтайын, осы Қалбатау ауылында тұратын бір жас жанұя үйленгендеріне 3-4 жыл болса да бала сүймепті. Содан жас келіншек Семейдегі дәрігерлерге барып қаралады. Емделуге барған дәрігер әлгі жас келіншекке: – Сен үйіңе қайт та ауыл іргесіндегі Шыңғай бақсының басына барып, сиынып түне. Содан жүкті боласың, –дейді. Дәрігердің айтқанына көніп, жас келіншек бақсы зиратына құран бағыштап, бір түнеп, ертеңінде үйіне қайтады. Әулиенің қолдауымен әйел жүкті болып, келер жылы дүниеге шекесі торсықтай ұл бала әкеліпті. Содан бері жас жұбайлар бақсыға дұға бағыштап, «Әулие көлге» суға түсіп, сәбилерін жуындырып, «атамыз берген бөпеміз деп» келіп-кетіп тұрады», –деді Төлеу.

-«Тағы да, –дейді Төлеу әңгімесін жалғастырып, – осы ауылда ертеректе тұрып, бұзақы жолға түсіп, азыңқырап кетті дейтін бір азамат үйге келіп: – Әй, ағасы, бақсы атам басына барып, құран бағыштайықшы, –дейді қиыла қарап. –Е, не болды? – десем. – Атам «түзу жолға түсем десең, кел басыма», – деп қатты ақырып, қолындағы ыстық темірімен маңдайымнан салып қалды. Қатты шошып ояндым. Түсім екен. Міне, содан ешқайда бұрылмай саған келіп тұрмын. Көңілін қимай ертіп барып, аят оқып, «Жөнге кел, атаңның айтқанын орында» деп, шығарып салдым. Естуімше, сол азамат қазір түзеліп, оң жолға түсіп, жанұясымен тату- тәтті тұрып жатқан көрінеді. Байқауымша, бақсы атамның басына тәу етушілер қатары жылдан-жылға артып келеді. Кім біледі, бұрынғылардың «Өлі жебемей, тірі байымайды» деген қасиетті сөзінің бір сыры бар шығар. Әйтеуір, біз білмейтін тылсым дүниенің сыры көп қой.

Мәуітқазы Зүкенов
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button