Қоғам

Шығыстың үздік футбол командасы

 Футболдан облыстың абсолюттік чемпионы атағын өскемендік «Имсталькон» мен «Востокцветмет» және семейлік «Фортуна» командалары сарапқа салды. Нәтижесінде өңірдің ең үздік футбол командасы атағы Өскемен қаласының «Востокцветмет» ұжымына бұйырды.

Бірінші ойында «Имсталькон» және «Фортуна» командалары кездесті. Матч тартысты өтіп, доп үшін талас алаңның әр бөлігінде жалғасты. Шабуылдардың бірінде «Имсталькон» гол салып есеп ашқанымен, тайм соңына қарай «фортуналықтар» таразы басын теңестіріп кетті. Екінші таймда қонақтар «Имсталькон» қақпасының маңында көбірек ойнағанымен, өскемендік команданы қақпашының  шеберлігі ғана сақтап қалды. Ойын барысында «Имсталькон» екінші голын қарсыластар қақпасына салып жеңісті жұлып әкетті.

Екінші күні алаңда «Фортуна» футболшылары «Востокцветмет» командасымен кездесіп, бірінші таймда ойын тең дәрежеде өтті. Қарсыластар кезек-кезек қақпаға гол салып, тайм 2:2 деген нәтижемен аяқталды. Екінші таймда «Востокцветмет» қатарында ойыншылар ауысып, таразы басы өскемендіктерге ауды. Ойын соңына дейін семейліктер есепті теңестіре алмады. Осылайша,  екі матчта қарсыластарына жол берген «Фортуна» командасы үшінші орынды қанағат тұтты.

«Имсталькон» мен «Востокцветмет» командалары арасындағы ақтық ойын 9 қазан күні «Восток» стадионында өтті. «Востокцветмет» ойыншыларына  тең  ойын да жеткілікті болса, «Имсталькон» үшін қалай да жеңіске жету ғана абсолюттік чемпион атағын әкелетін болды. Алғашқы минуттардан-ақ  шабуылға лап берген  «имсталькондықтар» алғашқы таймда екі гол салып, таймды 2:1 есебімен аяқтады. Дегенмен үзілістен соң ес жиған «востокцветметтіктер» тайм ортасына қарай таразы басын теңестірсе, соңына қарай  есепте алға шықты. Матч соңына дейін «Имсталькон» футболшылары  қанша  тырысқанымен ештеңе шықпады. Осылайша, «Востокцветмет» командасы 3:2 есебімен жеңіске жетіп, облыстың 2019 жылғы футбол маусымындағы абсолюттік чемпионы атанды.

Сонымен қатар «Үздік қақпашы» атағына  «имсталькондық»  Влад Бартенев, «Үздік қорғаушы»атағына «фортуналық»  Евгений Науменко ие болса, «Үздік жартылай қорғаушы» атағы «имсталькондық» Роман Демченко мен Дархан Юсуповқа бұйырды.

Еске сала кетсек, 2 қарашада футзалда  маусым басталады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button