Қоғам

Шығыстың «Супер әжесі» кім?

«Қариясы бар елдің – қазынасы бар» демекші,  қандай құрметке болсын лайық апаларымыз бен аталарымыздың төл мерекесі – Халықаралық қарттар күні биыл екі күн қатарынан «Уба» шипажайында тойланды. Өңіріміздің аудан-қалаларынан жиналған сексен қария шипажайдың ем-домын қабылдап, тынығып қайтуға мүмкіндік  алды.

Алғашқы күні өз ауданының «Супер әжесі» атанып келген он тоғыз апа облыстық «Асыл әже-2019» байқауында бақ сынады.Мерекеге жиналғандарды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев  құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

-Барлықтарыңызды қарттар күні мерекесімен құттықтаймын. Осы керемет шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған облыс әкіміне алғысымыз шексіз. Бізден басқа бірде-бір аймақта ардагерлерімізді шипажайға апарып, екі күн қатарынан тойлап жатқан тәжірибе жоқ екен. Осы мерекені бекіткен кезде балаларымыздың, жастарымыздың аға ұрпаққа деген құрметі артса деген мақсат болып еді. Бүгін ардагерлер бас қосып, жастық шақтарын еске алып, бір жасап қалды. Олардың өнегелі өмір жолы мен тынымсыз еңбектері өскелең ұрпаққа үлгі боларлық.  Бүгінгі байқауға қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, – деді Айтқазы Сейітұлы.

Бұл жолы тек әжелеріміз сайысқанымен, аталарымыз да назардан тыс қалмапты. Батамен көгерген елміз ғой, ақсақалдарымыз бұған дейін «Алтын бата» байқауына қатысып, бақ сынаған екен.

Жарыс шарты бойынша ақ жаулықты аналарымыз алдымен өздерін таныстырып шықты. Үміткерлердің дені бар ғұмырын ұстаздыққа арнап, зейнеткерлікке шыққан жандар болғандықтан, сөз саптауы мен өздерін сахнада ұстауы, кейбіреуінің  домбыраның сүйемелдеуімен ән-жырмен өзін таныстыруы жиналғандардың қошеметіне ие болды. Бұдан кейін апаларымыздың зейінін бағамдаған сайыс ұйымдастырылды. Қатысушылар ұлттық ұғымдар мен өнерге қатысты сауалдарға жауап берді.  Қарияларымыздың үйден әзірлеп әкелген ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары да қазылардың назарынан тыс қалмай, өзінің лайықты бағасыналды. Он саусағынан өнер тамған апаларымыздың көрмеге қойған қызылды-жасылды көрпешелері мен ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген көрпе-жастықтарынан, тоқыма бұйымдарынан көз тұнады. Әр бұйымнан ақ самайлы ананың шебер қолының табы, жан-тәнімен беріле істегені айқын сезіліп тұр. Үміткерлердің аспаздық өнерін бағалауға арналған көрмеде де дастарқан ұлттық тағамдардан қайысып тұрды. Әр ауданның өкілі бас табақ ретінде бас тартып, қазы-қартасын асып әкепті. Бұдан басқа жент, ірімшік пен құрт, бауырсақ пен шелпек сияқты тағамдардың да алуан түрі, жеміс-жидектер баршылық.

Екі сағатқа созылған тартысты  сайыстың  қорытындысында Тарбағатай ауданының өкілі Зәмзагүл Төлеубаева әжеміз жүлделі бірінші орынды алып, «Супер әже-2019» атанды. Екінші орынды шемонайхалық Лариса Миненко иеленсе, Жарма ауданынан келген Күмісхан Сейітқазинова үшінші орынды жеңіп алды.

Шемонайха ауданынан келген Лариса Миненконың  гүлдермен көмкерілген  «Алтын күз» сахналық көйлегі бірден көзге түсті. Бір бұрышта Лариса Петровнаның қолынан шыққан бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылған екен. Бұл жерге қойылған бұйымдар да көздің жауын алады. Әсіресе лентамен кестеленген гүлдерден жасалған картиналар, тастардан өрілген гүл композициясы, кестеленген жастықшалар тамаша өнер туындылары десек артық айтқандық  емес. Лариса Петровнаның сөзіне қарағанда, бұл өнер оған қанмен біткен екен.

-Ес білгелі, қолымнан ине түскен жоқ. Әсіресе табиғатты, бақшадағы гүлдерді кестелеуден ләззат аламын. Кейде көз майын тауысатын әсем дүниені бітірем де, қолыма қалың жіп алып, ешқандай қиын суреті жоқ бір бұйымды тоқып тастаймын. Сосын көкейімде  әдемілікке деген сұраныстағы оянады да, қайтадан кестеге кірісем, – дейді шебер.

Лариса Миненко бұрын мектепте еңбек сабағынан дәріс беріп, соңғы алты жылда медициналық-әлеуметтік мекемеде еңбек терапиясынан нұсқаушы болып істейді екен. Ол қарияларды кесте тоқуға, бізбен тоқыма тоқуға үйретеді. Осы өнерді үйренуге ден қойғандардың арасында сексеннен асқан әжелерде баршылық.

-Бұл техникаға кез келген жанды үйретуге болады. Мен тіпті зағиптарды да үйрете алам, – деп сеніммен айтады Лариса Петровна.

Жуықтағ ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен көрмеде шығысқазақстандық шебердің бұйымдары тіпті шетелдіктердің де қызығушылығын тудырыпты. Үстіндегі көйлегін үш ай тіккен екен. Бірақ шебер бұйымдарын тек көрмеге қою үшін ғана жасайтынын айтады.

-Мен заттарды  сату үшін жасамаймын. Өйткені әрқайсысы өзіме ыстық. Менің мақсатым – басқаларды  кесте тоқуға қызықтыру құлшынысын ояту.Әдемілікті өз қолымен жасаған адам оны бағалай да  біледі, демек қоршаған ортаға да залалын тигізбеуге тырысады. Мен өзім де шеберлігімді әлі де ұштай түсуге тырысамын. Қолыма қолөнер туралы жақсы кітап түссе, міндетті түрде сатып аламын, – дейді  Лариса Миненко.

 Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button