Шығыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 73-ке жетті
Аймақта соңғы мәлімет бойынша тағы жеті адамның қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Оның бесеуі Семей қаласының тұрғындары. Бұл жөнінде облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі мәлімдеді.
1980 және 1964 жылы туған әйел адамдар ауруханаға ЖРВИ ауру белгілерімен түскен. Вирус сондай-ақ, 1959 жылғы ер адамда пневмонияға мониторинг, 1973 жылғы ер адамда скрининг барысында анықталды. Ал 1980 жылғы әйел бұрын КВИ расталған адаммен байланыста болған тұлға ретінде тексерілген.
Сондай-ақ алматылық 2016 жылғы қыз баладан коронавирус мемлекеттік «Ауыл» шекара бекетінен елге оралу кезінде жүргізілген тексеруден барысында анықталған. Қазір ол Өскемен қаласына орналастырылды. Жетінші адам 1984 жылғы Өскемен қаласының тұрғыны Нұр-Сұлтан қаласынан келген адам ретінде өз өтініші бойынша тексеруден өткен.
Науқастардың барлығында ПТР диагностикалық зерттеу нәтижелері COVID-19 диагнозын растады.
Эпидемиологиялық тергеу және эпидемияға қарсы шаралар жалғасуда.
Осы уақыттағы жағдай бойынша облыста коронавирусты жұқтырған 73 адам тіркелді.
Байқап отырсақ, облыста қауіпті індет жұқтырғандар саны күн санап артып келеді. Бұған соңғы үш күндегі көрсеткіштер нақты дәлел. Сондықтан облыс тұрғындарынан, әсіресе семейліктерден карантин бітті деп арқаны кеңге салмай, сақтық шараларын бұрынғысынша сақтауды сұраймыз. Өйтпеген күнде індеттің таралуы өршіп кететін болса, облыс қайтадан өткен айдағыдай карантинге жабылуы әбден мүмкін.
Дәурен Аллабергенұлы