Қоғам

Швейцариялықтар Шығыстың табиғатына тамсанып қайтты

Швейцариялықтар Шығыстың табиғатына тамсанып қайтты

Щвейцарияның туристері Шығыстағы қаһарлы қысқа қарамастан Алтайды аралап қайтты. Сонау Щвейцариядан келген Доминик Компани мен Ханс Фоглер облыстық туризм және сыртқы байланыс басқармасының ұйымдастыруымен Рахман қайнарына, одан кейін Марқакөл өңіріне барып қайтты.
Алтайға тұңғыш рет табандары тиген щвейцариялықтар шығыстың тамаша табиғатына тамсанғандарын жасырмады. Ханс фоглердің айтуынша, Катонқарағай өңірінің суықтығы болмаса, Щвейцарияға өте ұқсас екен. Рахман қайнарында болған олар табиғатты тамашалап, тау-тасқа шығып, естелік суретке түскен. Сол жердің тарихымен танысқан.
– Егер Рахман қайнарына дейін көзімді байлап алып келіп, Щвейцарияда жүрсің десе сеніп қалар едім, – дейді Доминик.
Катонқарағай өлкесін бірнеше күн аралаған олар Үлкен Нарын арқылы Марқакөлді бетке алады. Ол жақта олар мұзды ойып, көлден балық аулайды. Шетелдіктер үшін таңсық болса керек, ат шанаға мініп, Ұранхай ауылын аралап, мәз болысады. Бірақ Доминик пен Ханс Шығыстың аязына таңғала қоймаған. Доминик 1979 жылдары Нью-Йорктен Американың оң түстігіндегі Ушуая қаласына дейін барған. Ол жерден Аляскаға аттанған. Яғни, Алясканың аязы мен Марқакөлдің аязы теңесе алмайтын көрінеді. Бірақ олар алдағы жылы Қазақстандағы ең суық ауыл – Орловкаға баруды көздеп жүр. Күршім ауданына қарасты Орловка ауылында қыстың күні аяз минус алпысты алқымдап тұратыны белгілі. Доминик пен Ханс ол жаққа сапар дайындығын бастап та жіберіпті. Өскеменнің дүкендерінен -60 градуста киетін киімдер қарастырып, бойларына сәйкес өлшеп те қойған.
Бір аптаға жуық демалып қайтқан туристер Шығыс суық болғанымен халқы жылы қарсы алды деседі. Әсіресе, қазы-қарта, асылған ет, қымыз-қымыран ұнаған көрінеді.
– Қазақтың ұлттық тағамы адамға күш-қуат береді екен. Тау-тасқа шықсақ та, көп шаршаған жоқпыз. Тағамдары өте дәмді. Жалпы, Шығыстағы сапарымыз өте сәтті ұйымдастырылды, – дейді Ханс.
Олар осыған дейін Еуропаның барлық мемлекеттерін аралаған. Тіпті, Африкадағы Килиманджаро тауының ұшар басына дейін көтеріліпті. Айтуларынша, 5900 метр биіктікте адам тұншығады екен. Ал Алтай тауының саф таза ауасын жұтып қайтқан Ханс Фоглер жазға салым жора-жолдастарын ертіп, Шығысқа қайта келуді ойластырып отыр.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button