Қоғам

Шәуешекпен байланысты нығайта түсеміз

Шәуешекпен байланысты нығайта түсеміз

Салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды саф алтындай сақтап келе жатқан шеттегі қандастарымыз, шүкір, көп бүгінде. Ал солардың басым көпшілігі қазір көршілес Қытай елінде тірлік етіп, түтінін түзу ұшырып келеді. Жақында сол ағайынды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтау мақсатында Шығыс Қазақстан облысының Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономды районының Шәуешек қаласында мәдени күндері өтті. Шығысқазақстандық делегацияны облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев бастап барды.

Алты тоннаға жуық бал әп-сәтте сатылып кетті

Ең алдымен шығысқазақстандық қонақтарды ҚХР коммунистік партиясының Тарбағатай аймағы бойынша бірінші хатшысы Жаң Бо мырза қарсы алды. Екіжақты байланыстың нығаюы қос тарапқа да тиімді болатынына сенім білдірген ол облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаевқа естелік сыйлықтар табыс етті.
Бұдан кейін ресми топ өкілдері Шәуешек қаласының орталығындағы «Дихай» базарында ұйымдастырылған жәрмеңкеге бет алды. Бұл күні базар қонақтарына біздің облыстың Үржар, Тарбағатай, Глубокое, Зырян және Жарма аудандарынан әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік тауарлары ұсынылды. Жалпы, 180 мыңға тарта халқы бар шаһарда кәдімгі құрт пен майға, сүт пен ірімшікке, кондитер өнімдеріне сұраныс өте жоғары екені байқалды. Алайда, қалың жұртшылықтың ең қалаулы тауары деп балды айтуға болады. Бұл сөзімізге Үржар мен Өскеменнен және Глубокоедан әкелінген алты тоннаға жуық балдың әп-сәтте саудаланып кетуі дәлел.
– Қазақстаннан азық-түлік әкелініпті дегенді естіп, осы жаққа тезірек жетуге тырыстық. Бүгін базарға келушілердің қарасы тым көп, аяқ алып жүргісіз. Әйтеуір, бал алып үлгергеніме қуанып тұрмын. Сіздердің балдарыңыз ерекше дәмді, әрі табиғи таза, қоспасыз болып келеді. Сол себепті, біздің жақтағы қазақтың да, ұйғырдың да, қытайдың да зор сұранысына ие. Бүгін төрт литрін сатып алдым. Болашақта мұндай жәрмеңкелер жиірек ұйымдастырылса деген бір тілегім бар, – дейді Шәуешек қаласының тұрғыны Махмұд Аджи есімді ақсақал.
Ал Нұрық Шүленбайқызы Қазақ елінен жеткен азық-түліктің сапасы қашан да мақтауға тұрарлық екенін жеткізіп, ойындағы бір әттеген-айын да айтып қалды.
– Өнім аз әкелініпті. Біздің бала-шағамыз сүйсініп жейтін қазақстандық кәмпиттер тіптен жоқтың қасы. Сол сияқты ұн, қазы-қарта, жал-жая, қымыз бен шұбатты да таба алмадық бүгін. Осындай игі шараны ұйымдастырған екі ел ағалары болашақта тауар көлемі мен түрлерін молайтса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Нұрық Шүленбайқызы.
Базарға келушілерге орталық алаңқайда тігілген Тарбағатай, Үржар, Жарма және Аягөз аудандарының ақшаңқан киіз үйлері есіктерін айқара ашып, дәмі тіл үйіретін қымызбен, қазы-қартамен қарсы алды. Дәл осы кезде жәрмеңке төрінде орын тепкен сахнада шығысқазақстандық өнер шеберлерінің концерттік бағдарламасы қойылып жатты. Семей мемлекеттік филармониясының әртістері мың бұралған бимен, күмбірлеген күймен көрермен қауымды баурады.
Жәрмеңкені аралап шыққан облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев болашақта елдің Тарбағатай аймағына әкелінетін балдың үлесін еселеп арттыру керектігін айтып, бұл мәселені аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВҚА жеткізетінін хабарлады. Сонымен қатар, қытайлық кәсіпкерлерді Шығыс Қазақстанда үйрек өсіретін шаруашылық құруға шақырды.
– Сіздерді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ пен барша шығысқазақстандықтар атынан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Наурыз – қазақ халқы үшін орны ерекше мейрам. Өйткені, бұл – ықылым заманнан атадан балаға мұра болып келе жатқан игі мереке, халқымыздың ұлттық қазынасы, қайнар көзі. Бүгінгі мереке екі елдің достығын нығайта түседі деген сенімдемін. Ұлыстың ұлы күні баршаңызға бақ-береке, татулық пен шаттық әкелсін! Ақ мол болсын! – деді алаңға жиналған жұртшылыққа арнаған құттықтау сөзінде облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев.
Жәрмеңкемен қатар, бұл күні Шығыс Қазақстан суретшілерінің туындылары ұсынылған көрме де болып өтті. Оған қылқалам шеберлерінің 50-ден астам еңбегі қойылыпты. Бір қызығы, қазақтың балы мен қымызына ерекше аңсары ауып тұратын шәуешектіктердің көркемөнер туындыларына да сұранысы жоғары болып шықты. Өскемендік суретші Николай Аштеманың сөзіне қарағанда, көрмеге қойылып, құны 500 юаньнан жоғарыға бағаланған суреттердің түгелдей дерлігі сатылып кетіпті.
– Қазақта «Жақсы көрші тапқаның – көп олжаға батқаның» деген бір нақыл сөз бар. Біздің халық Қазақ елі мен онда шығарылатын тауарлар туралы әрдайым құлағдар, біздегі қазақстандық өнімге деген сұранысы қашан да жоғары. Енді мұндай сауда-саттықпен қатар, мәдениет жағынан байланыстарымызды нығайтсақ, тамаша болар еді. Болашақта жәрмеңке, көрме сөрелерінен сіздердің ат әбзелдері, тоқыма бұйымдары сияқты ұлттық нақыштағы дүниелеріңізді де көргіміз келеді. Жалпы, қытайлықтар тастан жасалған бұйымдарға айрықша қызығушылық танытады. Осы жайтты ескере отырсаңыздар деген пікірім бар, – дейді Шәуешек қаласы сыртқы байланыс орталығы бастығының орынбасары Шю Пиң Пиң.
Орайы келгенде бұл азаматша туралы аз-кем айта кеткеніміз абзал болар. Алғашқыда сөзге тартқанымызда оның қазақ па, қытай ма, кім екенін ажырата алмай қалғанымыз шындық. Түрі қазақтан еш аумайтын Шю Пиң Пиң өзін Фарида апай деп айта беруін сұрады. Біз бұған қуанып қалдық та, оның қазақ тілін осыншама жетік меңгеруінің себебін сұрадық. Қазақша мақал-мәтелдеп, майын тамыза сөйлейтін Фарида апайымыз мұның себебін қазақтардың арасында өсіп, қазақша мектепте оқуымен түсіндірді.
– Ұлтым қытай болса да, қазақ тілі маған ерекше жақын. Бұл тілдің әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қазақтардың арасында өскендігім болар, сіздердің ұлттарыңызға қашан да бүйрегім бұрып тұрады. Оның үстіне жарым да – қазақ. Жалпы, қазақ, қытай және ұйғыр тілдерін жетік меңгеруім маған өмірде көп көмектесті. Қазағым деген қабырғалы қауымның қатары еш сиремесін. Екі ел арасындағы достық байланыс қашан да мықты болуын қалаймын, – деді ол.

Қарамай мен Аягөз арасын теміржол жалғайды

Жәрмеңкеден кейін қазақ және қытай кәсіпкерлері мен лауазымды тұлғалары қатысқан шекаралас екі аймақ арасындағы сауда-экономикалық, әдеби-мәдени байланысты нығайту мақсатындағы кездесу болып өтті. Бұл басқосу екі ел арасында «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру жолындағы алғашқы ұмтылыс болғандай. Кездесуде тараптардың туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика сынды салалардағы байланысы сөз болды.
– 2013 жылы тұсауы кесілген «Жасыл дәліз» жобасы екі ел арасындағы байланысты нығайтудың ең маңызды қадамы болды деп айтуға толық негіз бар. Аталған жоба аясында Қазақстаннан әкелінетін тауардың көлемі 230 есеге өсті. Болашақта бұл алыс-берістің мөлшері ұлғая бергенін қалаймыз, – дейді Тарбағатай аймағы коммунистік партиясының бірінші хатшысы Жаң Бо мырза.
Кездесу барысында тараптар туризмді дамыту, шағын су электр стансаларын салу сияқты мәселелерді талқылады. Қытайлық тарапты әсіресе, болашақта Аягөз бен Қарамай қалаларының арасын жалғайтын теміржолдың салынуы қызықтырды. Биыл мамыр айында басталатын бұл теміржол құрылысы екі жарым жыл ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта шекарадан өтетін тауардың жылдық мөлшері 1,7-2 млн. тоннаны құрайды екен. Ал аталмыш теміржол пайдалануға берілгеннен кейін оны 13-15 млн. тоннаға дейін өсіруге болатын көрінеді. Алыс-беріс жыл он екі ай жүргізіліп тұрмақ. Нәтижесінде Қытайдан тасымалданатын тауарлар біздің елге ғана емес, Ресей мен Орталық Азия, Еуропа елдеріне де жөнелтілетін болады. Яғни, басқосудағы әңгіменің арқауы болған «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құруға даңғыл жол ашылады деген сөз.
– Бұл өте ауқымды жоба екенін жоғарыда келтірілген сандарға қарап-ақ түсінуге болады. Жалпы, қазір біздің облыста Зырян – Майқапшағай теміржолын салу турасында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, болашақта Аягөз – Жеменей, Шар – Жеменей, Жаңғызтөбе – Жеменей сияқты теміржол бағыттарын ашу жағын да қарастырып жатырмыз. Сіздерден осы бағыттардағы теміржолдардың қаншалықты тиімді болатыны туралы көбірек мағлұмат алғымыз келеді, – деді бұл мәселе жөнінде Нұрлыбек Шерубаев.
Сонымен қатар, жиын барысында Шығыс Қазақстанда жел және су күшімен жұмыс істейтін электр стансаларын салу туралы мәселелер де сөз болды. Бұл жайында қытайлық тарап жағынан сөз сөйлеген У Жинхуа мырза біраз деректер келтіріп өтті.
– Біздің бұл салада қызмет ететін компанияларымыз әлемдегі үздік бестіктің қатарына еніп отыр. Қазір желдің қуатымен жұмыс істейтін стансаларда 127 мыңнан астам жұмысшымыз еңбек етуде. Яғни, электр қуатын өндіру бағытында сіздермен бөлісер тәжірибеміз көп. Енді рұқсат етсеңіздер, Шығыс Қазақстанның көршілес аудандарында желдің қуатымен жұмыс істейтін стансалар салуды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Өз кезегінде облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев инвестиция тартып, электр стансаларын салу мәселесін аймақ басшысының және тиісті министрліктердің назарына жеткізетінін атап көрсетті.
Келіссөздер барысында тараптар туризм мәселесін де айналып өтпеді. Атап айтқанда, екі ел азаматтары үшін үш күндік визасыз тәртіп енгізілгелі бері, Қазақстаннан Қытайға және кері бағытта өткен халықтың саны еселеп артқаны байқалуда. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстаннан Шәуешекке демалуға, сауда-саттық жасауға барғандардың саны 31 мың адамды құрапты. Болашақта бұл санды 40 мыңнан асыру жоспарда бар екені айтылды. Қазіргі уақытта Шәуешектің маңайындағы Дөрбілжің және Шағантоғай аудандарына саяхат жасау мәселелері қолға алынып отырған сыңайлы. Осы тұста қытайлық өкілдер «Алакөлге барып демалсақ» деген ұсыныстарын да жасырмады.
– Аталған мәселелерді еліміздің Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп қарастыратын боламыз. Жалпы, Алакөлге үш күндік визасыз жолдамамен туристік саяхат жасауды ұйымдастыруға және туристік фирма ашуға біз де мүдделіміз. Бізде сонымен қатар, Бұқтырма су қоймасы бар екенін естеріңізге салғым келеді. Бұл су қоймасының маңы туризмді дамытуға өте қолайлы. Сіздердің тараптарыңыздан инвестиция бөлінсе, бұл жерді де ірі туристік аймаққа айналдыруға болады, – деді облыс Әкімінің орынбасары.
Кездесуде Аягөз, Жарма, және Үржар аудандарының әкімдері де қытайлық әріптестеріне бірнеше тартымды ұсыныс жасады. Келіссөздер соңында екі аймақтың аудандары мен салалық басқармалары арасында әріптестік жөніндегі бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Ресми кездесуден кейін делегация мүшелері Шәуешек қалалық мәдениет үйінде Семей мемлекеттік филармониясының әртістері ұсынған концерттік бағдарламаны тамашалады. Концерт барысында қазақ, орыс, қытай және татар тілдерінде ән шырқаған шығысқазақстандық өнер шеберлері тыңдарман қауымның зор қошеметіне ие болды.

Енді Үрімжіге сандалмайтын боламыз

Ресми іссапары барысында облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев бастаған делегация мүшелері Шәуешек қаласының бірқатар сауда нүктелерін, құрылыс нысандарын, сондай-ақ, жылыжай кешені мен көкөніс қоймаларын аралап көрді.
Ең алдымен, шығысқазақстандық делегация шаһардың іргесінен салынып жатқан Бақты (Ляута) жаңа аймағының жоспарымен танысты. Бұл жоспарға сәйкес, Шәуешек қаласының аумағы кеңейтіліп, болашақта өнеркәсіп, сауда-саттық және тұрғын үй сияқты үш ірі аймаққа бөлінбек. Қала халқы да жарты миллионға дейін өседі деп жоспарлануда.
Ал іргесі қаланып қойған «Чаннань» халықаралық сауда-коммерциялық қалашығының жоспары тіптен керемет. Болашақта бұл жерде аумағы 210 мың шаршы метрді құрайтын алып базар-қала пайда болмақ. Жоспар бойынша, «Чаннаньда» 800 сауда орны ашылып, онда 10 мыңнан астам адам қызмет ететін болады. Құны 1,5 млрд. юаньді құрайтын алып базардың құрылысы келесі жылы аяқталатын сыңайлы. Мұндай бірегей нысанның пайдалануға берілуі сөз жоқ, бізге де пайдалы. Себебі, бұған дейін нәпақасын саудадан тауып жүрген отандастарымыз тауарларын көбінесе Шәуешектен емес, оның шығысында, 550 шақырым қашықтықта орналасқан Үрімжіден тасымалдауға мәжбүр болған-ды. Енді алып базар салынып біткеннен кейін алыстан арбалаудың да қажеттілігі жойылады. Қалай десек те, Қазақстан-Қытай шекарасынан 17-ақ шақырым жерде орналасқан қаладан тауар жеткізген ақша жағынан да, уақыт жағынан да әлдеқайда тиімді болары хақ.
Өз кезегінде облыс Әкімінің орынбасары Нұрлыбек Шерубаев дәл мұндай ауқымды болмаса да, осыған ұқсас базарларды Өскемен мен Семей қалаларының бірінде салу қажеттігін айтып, қытайлық әріптестерінен бұл мәселені назарға алуларын сұрады.
Сонымен қатар, делегация мүшелері ауылшаруашылық техникасын сатумен айналысатын жергілікті ірі кәсіпорынның жұмысымен танысып, көкөніс қоймасындағы елімізге жөнелтілетін азық-түлік өнімдерінің сапасын өз көздерімен көріп қайтты.

Өскемен – Шәуешек (ҚХР) – Өскемен.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button