Штаб бастығы

8 наурыз – асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Қазақта «Ұл туса, ұрпағым өседі, қыз туса, ұлтым өседі» деген ұлағатты сөз бар. Осындай ұлтымыздың ұлағатты қыздарының бірі – ішкі істер саласында аянбай абыройлы еңбек етіп келе жатқан, Тарбағатай аудандық ішкі істер басқармасының штаб бастығы, полиция майоры, қоғамдық тәртіптің сақшысы Лаура Сейтолда.
Ауылдастары үнемі мақтап жүретін майор қызды жұмыс орнында жолықтырдым. Әйел заты әсемдік пен әдеміліктің, көркемдік пен даналықтың символы ғой. Майор формасын киіп, алдымда тұрған қара торы келіншектің бойынан батылдық пен парасаттылықты байқадым.
Әр сөзін шегедей қадап айтады жанарында батылдық, жүзінде жылулық бар. Лаура қарындасымыз – сөзге шешен, ісіне берік жан. Қиындығы мол әрі әскери тәртібі бар қызметке 1996 жылы ішкі істер саласына арнайы жарияланған байқау арқылы келіпті. Қолына қару ұстап, қоғамдық тәртіпті қадағалайтын нәзік жанды офицер шалғай өңірде сирек кездеседі. Алғашқыда жетекші маман бола жүріп, «бірер жыл тәжірибе жинақтаған соң, қыз балаға ыңғайлы жұмысқа барамын ғой» деп топшылаған-ды. Алайда «ер-азаматтар атқаратын жұмысты маған неге істемеске?» деп өзін-өзі қайраған қайсар қыз мамандықты жылдам игерді. Халықаралық қатынастар институтын тәмамдаған соң, кәмелетке толмаған жас өспірімдердің аға инспекторы болып бес жылдай қызмет істеп, аудандағы 51 мектепті өз қадағалауында ұстады. Күні-түні ауыл-ауылды аралады, қоғамдық көлік жетіспегенде, жақын ауылдарға жаяу барған кездері де болған. Осының барлығы – жас жеткіншектер арасындағы қоғамдық тәртіпті түсіндіру, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу үшін жасалған шаралар. Лаура «жас жеткіншектермен жұмыс істеу қиын болғанымен, бұл бір ғанибет болатын» деп еске алады. Тегінде үй арасындағы ұсақ-түйек тентектік болмаса, аса ауыр қылмыс бұл өңірде кездеспейтінін айтады.
Ішкі істер саласының жұмысы уақытты талғамайды. Бұл жерде тәулік бойы дайын болуың, дабыл қағылғанда, бес қаруыңды асынып, сапта тұруың керек. Әрине, нәзік жандарға бұл ауыр болғанымен, Лаура сүйікті ісінен ләззат алғанын жасырмайды. Қызметінің ұтымды тұстары да бар еді. Үнемі әскери қалыпта жүргендіктен, денсаулығы жақсы болды. Жұмасына екі рет бірнеше сағат денешынықтыру жаттығуларын жасап, жұма сайын ату-даярлық сабақтарына қатысып жүрді. Лаура Сейтолдақызы туралы әріптестері де айрықша лебіз білдірді.
-Лаура әріптесіміз – біздің бөлімнің мақтанышы. Ол – облыста да беделді, ісіне мығым жан. Қандай тапсырма болсын уақытында орындайды. Оны бөлім қызметкерлері аяулы ана ретінде де мақтан тұтады, – дейді аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Ә. Бауыржанов.
Лаура Сейтолдақызы бүгінгі күні аудандық ішкі істер бөлімінің штаб бастығы болып абыройлы қызмет атқарып жүр. Аудандағы қылмыстың алдын алу шараларына жауап береді. Еңбек жолын қарапайым анықтаушы маманнан бастаған аяулы нәзік жан майор шеніне дейін көтерілген 23 жыл ішінде ішкі істер саласына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Нағыз әмбебап маман, нағыз офицер, құралайды көзге атқан мерген, бөлімдегі нәзік жандардың алдыңғы шебінде. Қыз бала тәрбиелеп отырған ана. Біз әсте, бабалары найзаға сүйеніп түн қатқан, аналары найзаға сүйеніп толғатқан жаугершілігімізді айтқанда ғана айбарланамыз. Алайда шалғайдағы өңірлердегі бейбіт ауылдың тыныштығының күзетінде жүрген нәзік жандарды да ұмытпаған абзал.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.