Шірімейтін көкөніс ұрпағымызды ірітіп жүрмей ме?
Таңның атысымен-ақ жаңа күшпен тың істерге кірісеміз. 24 сағаттан тұратын бір тәулік күніміз табысты болуы таңғы, түскі және кешкі астың құнарлы болуымен тығыз байланысты. Ертеңгі астан бас тарту мүлдем дұрыс емес. Себебі денсаулығы мен күш-қуаты мықты адамдар ғана жұмысына бар ынта-жігерімен кірісе алады.
Зерттеушілердің сөзіне сенсек, әдетте әр таң сайын дастарқанымызда орын алып тұратын кейбір тағамдарды ашқарынға жеуге мүлдем болмайды екен. Мәселен, ащы, қуырылған және майлы. Десек те бұл күндері әркім әлеуметтік жағдайына орай тамақтанады. Тіпті арықтаймын деп азғана тамақтанатын, яғни диета ұстайтындардың қатары да аз емес.
Қазақ халқы «Дені саудың – жаны сау», «Бірінші байлық – денсаулық», «Ас – адамның арқауы» деп жатады. Бұл сөздердің терең мағынасы бар. Себебі адам баласына денсаулықтан қымбат, денсаулықтан қадірлі еш нәрсе жоқ. Олай болса, сау қылып жаратқан он екі мүшемізді аман сақтау әркімнің өз қолында.
– Қазіргі кезде белең алып бара жатқан балалардың және ересектердің арасындағы семіздік ауруы, оның басты себебі – тез дайындалатын және тез жеуге арналған тағамдар, – дейді Семейдегі мемлекеттік медицина университетінің №5 оқу-клиникалық ғимаратындағы «Салауатты тамақтану» орталығының жетекшісі, жалпы дәрігерлік тәжірибе кафедрасының оқытушысы әрі оқу ісінің меңгерушісі Надира Слямханова, – бұл – ғылыми тілде «фаст-фуд» деп аталатын ағылшын термині. Оларға гамбургер, хотдог, пицца және олармен қоса пайдаланылатын түрлі сусындар жатады. Осы «Фаст-фудтың» кесірінен дүниежүзінде миллиардтаған адамдар ас қорыту жүйелерінің түрлі ауруларынан азап шегіп, өмірден өтіп жатыр. Қазір көптеген мектеп оқушылары, студенттер сабақтан қайтып келе жатып, фаст-фуд пен хот-догтарды сатып ала салады. Бұл тамақтар жас ағзаға өте зиян, балалардың асқазаны бұзылуы мүмкін. Сондықтан да біз тамақтану орталығымызға келіп, ақыл-кеңес сұраған адамдарға көмектесіп отыруды жақсы жолға қойдық. Халыққа пайдасы тисін деген мақсатпен мектептер мен түрлі оқу орындарына да барып, салауатты тамақтанудың маңызы жөнінде семинарлар ұйымдастырып отырмыз.
Мамандардың зерттеуінше, Шығыс Қазақстан облысында түрлі жұқпалы аурулар жиі кездеседі екен. Оның ең басты себебі – дұрыс тамақтанбау, күнделікті қабылданатын ас құрамына жеміс-жидектер мен сүт өнімдерін аз қолданып, ағзаға ауырлық тудыратын ет өнімдері мен майлы тағамдарды шамадан тыс көп мөлшерде ішу. Алдағы уақытта жоғарыда аталған орталық мамандары бұл олқылықтың орнын толтырып, аймақ тұрғындарының салауатты тамақтануына кеңінен жол ашпақ.
– Салауатты өмір салты дегеніміз, – дейді Надира Слямханова, – ең алдымен адам денсаулығы, спорт, таза ауада дұрыс дем алу, яғни салиқалы өмір сүру. Сау кезімізде денсаулықтың бағасы мен қадірін елемейміз, бұл, әрине, өкінішті. Денсаулықты жоғалту оңай, қалпына келтіру қиын. Сау болғанның өзінде, әр адам өзін-өзі шынықтырып отыру керек екен, күнде таңертең ертерек тұрып ең болмағанда 300-600 метрге жүгіріп, жаттығу гимнастикаларын жасауға, суық яки жылы сумен шайынуға болады. Мейлінше дұрыс тамақтанғанда ғана денсаулықты сақтауға болады. Кешкі тамаққа сақ болған жөн. Шамадан артық ішілген майлы асты ағза бойға сіңіре алмайды. Осыдан келіп зат алмасу процесі бұзылады. Қазіргі кездегі бас көтерген аурулардың бірі – семіздік. Семіз адамдардың қалыпты адамдармен салыстырғанда 10-15 жылдай аз өмір сүретіні дәлелденген. Тағы бір айта кетер мәселе, елімізге сырттан келетін тағамның түрі көп. Әсiресе, түрлі газдалған сусындар мен шектен тыс тазартылған тағамдар, тез дайындалатын түрлері үлкен сұраныста. Қалай десек те қолдың майы, сүтіне жететін ештеңе жоқ. Өндіріліп жатқан тағамдардың құрамында табиғи тағам, мәселен, қан ауруы – анемияның алдын алатын темір, кальций дәрумендері мүлде жетіспей жатады. Оның есесіне көмірсуы басым тағам көп.
Гамбургерлерге біз неге үйірміз?
Қазақ даласында көшпелі тірлік кешкен ата-бабаларымыздың өмір сүру ортасы, мәдениеті қазіргіден мүлде басқаша болды. Олар шаң мен газ басқан қалада емес, далада, табиғат аясында өмір сүріп, бұлақтың таза суын ішті. Тіпті бұл күндері де ауылдың ауасы қаланың ауасынан гөрі таза десек, тағамдары да құнарлы, адам денсаулығына өте пайдалы. Біздің басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, дәрігерге, дәріханаға жүгіреміз. Ал бұрынғы қазақтар көп ауырмаған, олар желдің өтінен, күннің ыстық, суығынан қорықпаған. Олардың ағзаларының қорғаныс қабілеті күшті болған. Қорғаныс қабілеті немесе иммунитет болу үшін ішкі қуатың дұрыс болуы керек. Олар қажетті қуатты етті, майлы тамақтан, айран, сүттен алып отырған. Баяғыда аталарымыз туралы «бір тайдың етін бір өзі жеген» немесе «бір қойды бір өзі асып жейтін» деген ертегідей болып кеткен әңгімелер осыдан туындаса керек. Бүгінде біздің өмір сүру деңгейіміз өзгерді. Көбіне кеңселерде қимыл-қозғалысты аз жасайтын орындарда уақытын өткізеді қатарластарымыз. Үйге барса, пультпен басқарылатын теледидарлар, аталарымыз сияқты «қорадағы қойды, өрістегі малды байқап келейін» деп те ешкім қимыл жасамайды. Бәрі дайын дүние. Осылайша, өмір сүру ортасында көп энергия қажет етілмегендіктен, бір тарелке етті жеп алған соң, оны қорыту қиынға түседі. Ата-бабаларымыз етті көп жегендігін есепке алып, етті шамадан тыс жеу ағзаға күш түсіріп жібереді. Осыдан кейін, әрине, әйтеуір жұмыста отырғанда, көрші асханаға барып, бір гамбургер мен бір шыны кофе ішіп, жүрек жалғағанға барлығының еті үйреніп, бейімделіп кеткен.
Аурулардың 60 пайызы – дұрыс тамақтанбаудан
Семейдегі мемлекеттік медицина университетінің №5 оқу-клиникалық ғимаратындағы «Салауатты тамақтану» орталығын іске қосу жобасы академик Төрегелді Шармановтың бастауымен қолға алынған. Басты мақсаты – дұрыс тамақтануды үйрету арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, салауатты өмір салтына дағдыландыру. Орталық ең алдымен халықтың ерекше күтімді талап ететін топтары – балалар мен жасөспірімдер, қариялар, жүкті әйелдер мен бала емізетін әйелдер және студенттердің күнделікті тамақтану дағдысын талдап, оларды түрлі әдістер арқылы салауатты ас ішуді үйретеді.
Ал көкөністер мен азық-түлікті қарапайым базар, дүкендерден алуға болады. Тек дұрыс пісіруді үйренген жөн. Әсіресе, жүрек-қан тамыры және тағы басқа да ауру түріне шалдыққандарға қалай дұрыс тамақтану керектігі жөнінде тегін кеңес беріледі. Ең бастысы, ағзаға күш түсірмей, тепе-теңдікте ұстау.
Бұл күндері құрт жеген алма бәрінен де пайдалы болып тұрғандығы айтпаса да түсінікті. Кәдімгі картопты алып қарайық, пышақпен сыртын аршып, турасаңыз, ол лезде қарайып кетеді. Ал «фаст-фуд» өнімдерін дайындайтын фирмалар картоптың осы қасиетіне қарсы қандай әдіс қолданады? Бұл жерде тағы да консерванттардың, қышқылдардың, реагенттердің көмегі тиеді екен. Мәселен, картоптан жасалған фри – ең көп тараған жеңіл тағам, дейді мамандар. Соңғы кездері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып, дүкендер мен тамақтанатын орындар молынан пайда табатын болды. Міне, осыны ескерген картоп өсіруші фермер Д.Арсинг картоп өңдеудің жаңа технологиясын ойлап тапқан. Картоп зауыты осылайша пайда болып, мұнда аталмыш тағам іріктеліп, жуылып кептірілгеннен кейін ыстық будың көмегімен қабығы аршылады. Одан соң ол автоматты қондырғыда туралып, үлкен ыдыстардағы қайнап тұрған майға салынады да, әбден қытырлақ болғанша қуырылады. Ары қарай тоңазытқышта салқындатылып, сосын мұздатылады. Сөйтіп, дайын тауар дүкен сөрелеріне жол тартады. Сөйтіп, 3-4 минутта қарайып кететін табиғи өнім картоппен дайындалатын «фаст-фуд» тағамының бірі – фри өзінің тауарлық түрін жылдап жоймай, сақтап тұрады. Өзі арзан, қолжетімді. Оның құрамын тек зертханалық түрлі зерттеулерден өткізіп, адам ағзасына қаншалықты пайдалы, зиян екендігін сонда ғана нақты анықтауға болады. Яғни, шірімейді, бұзылмайды. Бірақ шірімейтін тағамдар ұрпағымызды ірітіп жүрмесе болғаны.
Ашыған көжені ме әлде кока-коланы таңдайсыз ба?
Келмеске кеткен сонау кеңестік кезеңде қазақтың басым көпшілігі ауылда тұрды. Барлығы мал ұстады. Бидай, тары дейсіз бе, әйтеуір дәндідақылдарды салып, сүттен ашытып, салқын көже дайындап қою, айран ұйыту әр үйде атқарылатын шаруа болды. Бұл күндері басым көпшілік екі қолға бір күрек іздеп, қалаға қоныс аударған. Ұлттық тағамды енді тек базар сөрелерінен көресіз, онда да қымбат бағаға ғана сатып ала аласыз. Көздің жауын алып бауырсақ, құрт-ірімшік, қымыз – барлығы да осында тізіліп тұр. Бірақ, мәселен, қызыл ірімшіктің килограммы 2 мың немесе 2 жарым мың теңге көлемінде. Сөйтіп, көпшілік бар болғаны 80-100 теңге көлемінде ғана тұратын тіске басар «пирожки-самсаны» сатып алуға бұрылады. Ал шөлдегенде айран ішетін қазақ бұл күндері сусын ішуге бейім болып алды. Қазірде кез келген дүкенге кіргенде, сусынның түр-түрі тізіліп тұрады. Кока-кола, Спрайт, Пепси секілді газдалған және энергетикалық сусындар жетерлік. Дұрыс, шөліңізді қандырып ішкен де жөн. Бірақ, ғалымдардың айтуынша, газдалған сусындарды шамадан тыс көп ішу асқазан-ішек, бауыр ауруларына әкеліп соқтырады. Жоғарыда айтылып өткен тәтті сусындардың құрамында көптеген консерванттар, ароматизаторлар, бояулар мен қоюландыратын заттар бар. Сонымен қоса, барлық газдалған сусындарда көмірқышқыл газы бар. Бұл қышқылдың әсерінен, әсіресе асқазандары ауыратын адамдарда кекірік пайда болады. Біздің елімізде түрлі шырындар нарығы жақсы жолға қойылған. Сондықтан да отандық өнімдердің сапасы шетелдіктерден гөрі жақсы екендігін еске салғымыз келеді. Дәрігерлердің айтуынша, адам ағзасының 60 пайызын су құрайды. Бойдағы су тепе-теңдікті сақтау үшін адам күнделікті қажетті мөлшерде су ішіп тұруы керек. Кофе, көк шай, газдалған салқын сусындар, минералды сулардың негізін су құрайды. Алайда, судан бөлек сусындардың құрамында басқа да заттар да кездеседі. Соның бірі – газ. Газдалған сусындарды да ішкенде адам өзі қаралып жүрген дәрігерінен кеңес алып, ішуіне бола ма, жоқ па, сол жағын байқап қарау керек. Әйтпесе өз денсаулығыңызды өзіңіз құрдымға жібересіз. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Ал енді осыдан кейін үйде ашыған көже дайындаймын десеңіз, өзіңіз білесіз. Кейбір өңірде тілдік ерекшелікке сай ашымал көже деп те атайды.
Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні: колбаса-шұжықтың орнына қазы-қарта немесе сиыр етін жеп, табиғи сүт ішу керек. Йогурт және басқа да өңделген жасанды өнімдерді шектеп, көкөніс, жеміс-жидектерді пайдаланған жөн. Қайнатылған еттің сорпасы, жеміс-жидектің сөлі, шай, су сияқты сусындарды жиі ішу біздің денсаулығымыз үшін аса пайдалы. Өйткені адам баласы үшін денсаулықтан маңызды еш нәрсе жоқ.
Раушан Нұғманбекова
Семей.