Қоғам

ШҚО тұрғындары жауынгерлерге азық-түлік әкелді

Дәурен Аллабергенұлы

Бұл күндері шығысқазақстандықтардың бірлігі бұрынғыдан да арта түсті. Облыс тұрғындары құқықтық тәртіпті қорғауға жұмылдырылған жауынгерлерді қолдауға шешім қабылдады.

Барлық өңірлердегі сияқты біздің облыста да күштік құрылымдар құқықтық тәртіпті қадағалайды. Облыстың периметрі бойынша блок-бекеттер қойылған, әскери қызметшілер қызмет атқарады. Облыс кәсіпкерлері жауынгерлерді қолдауға шешім қабылдап, оларға ыстық тамақ, сүт өнімдерін, су және басқа да азық-түлік әкелуде.
– Біздің күштік құрылымдарымыз күндіз-түні құқықтық тәртіпті қорғауда тұр. Сондықтан, осылайша, біз оларға алғыс айтамыз. Олар бірге екенімізді, бәріміз бір екенімізді сезінуі үшін қолдау көрсетуді шештік және мүмкіндігінше тезірек бейбіт өмірге оралғымыз келеді, – деді “Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы” ЖШС директоры Фарид Абитаев.
Мұнымен қатар сүт өнімдерін өндірушілер мен басқа да кәсіпкерлер аймақтағы жаппай тәртіпсіздіктің алдын алып, жедел әрекет еткен құқық қорғау органдарына, өрт сөндіру бөлімшелеріне және медицина қызметкерлеріне шынайы ризашылықтарын білдірді.
– Біздің аспаздар күш құрылымдарының қызметкерлері үшін ыстық түскі ас әзірледі. Осындай қиын уақытта оларға бізден аз да болса жылулық пен қамқорлық болсын. Қазақстан халқын бірігуге шақырамын. Біз тәулік бойы бізді күзететін адамдарды қолдаймыз. Біз бейбітшілік пен келісімде, құрбандарсыз және жойылусыз өмір сүруді қалаймыз, – дейді облыстағы кәсіпкерлердің бірі Нина Рених.
Сондай-ақ, құқыққорғау органдарының қызметкерлеріне облыстық “Халифа Алтай” мешітінің еріктілері мен көпбалалы аналар да қолдау көрсетті.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда бүгінгі таңда жағдай тұрақталған. Облыста азық-түлік тауарларын жеткізуде іркілістер жоқ. Барлық өнеркәсіптік кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер коменданттық сағатқа сәйкес жұмыс істеуде. Штаттық режимде коммуналдық қызметтер, әлеуметтік нысандар және қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр.

Осы айдарда

Back to top button