Қоғам

ШҚО: жиырма жылда 23 мың адамға азайған

Бұрынғы аудан орталықтарын дамытатын уақыт жетті

Кейінгі жиырма жылда ШҚО-ның бұрынғы аудан орталықтарының халқы 23 мың адамға (27%) азайған. Қазір аталған өңірлерде 60,7 мың адам тұрып жатыр. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің онлайн режимде өтіп жатқан халық алдындағы есептік кездесуінде мәлім болды.

Атап айтсақ, осы уақыт ішінде Қатонқарағайда халықтың 53,6%-і, Бозанбайда 51%-і, Жаңа Шүлбіде 46,3%-і, Баршатаста 45%-і, Марқакөлде 30%-і көшіп кеткен.

– Біздің міндет – жақын маңдағы ауылдардан халықты тарта отырып, бұрынғы аудан орталықтарын дамытуға көңіл бөлу, нақты сектордың өсуіне және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасау, – деп атап өткен облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта өңірдегі бұрынғы аудан орталықтарын дамыту мәселесіне ерекше мән берілетінін айтты.

Аталған елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылым сақталған. Тұрғындар орта және мектепке дейінгі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт қызметтерімен қамтамасыз етілген. Дегенмен оларды қаржыландыру қазіргі аудан орталықтарына қарағанда айтарлықтай аз. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық саласында және жол инфрақұрылымында проблемалар жетерлік.

Барлық бұрынғы аудан орталықтары көшелерінің тек 44%-і ғана жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Мәселен, Қайнар ауылындағы жолдың 100%-і, Бозанбайда 69,2-і, Баршатаста 63,6-і процент нашар жағдайда.

Бұрынғы аудан орталықтарында аузсумен қамту көрсеткіші орташа есеппен – 90%.

Ауылдардың аудан орталығынан алыстығы, халықтың өмір сапасына әсер етіп, көші-қонға әкелетінін көріп отырмыз.

– Бұл үшін аудан әкімдері мен Семей қаласының әкіміне экономика басқармасымен бірлесіп бұрынғы аудан орталықтарын дамытудың үш жылдық бағдарламасын жасауды, бюджет шығыстарын барлық бағыттар бойынша теңестіруді тапсырамын. Сондай-ақ 10,5 млрд. теңгеге 44 жобаны іске асырылатын болады, оның ішінде 5,4 млрд. теңге қаржы бөлінген 15 жобаны іске қосу көзделіп отыр, – деді аймақ басшысы.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button