Қоғам

Қандастарды бейімдеу орталығы қажет пе?

Шетелдерге тарыдай шашылған қазақтың атамекенде басы қосылып, қуанышқа кенелуі баға жетпес бақытымыз -Тәуелсіздіктің арқасы! Еліміз тізгінін өз қолына алғаннан бері шет елдерден бір миллионнан астам қандасымыздың Отанға оралуы азаттықтың бір үлкен жетістігі деп білеміз. Көш үрдісі үзілген жоқ. Десе де соңғы жылдары саябырсып қалғаны да жасырын емес.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз сөзінде: «Қоғамдық пікірге қозғау салған отандастар мәселесін қолдан саясаттандыруға болмайды. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің парызымыз» деген болатын.

Сонымен қатар Қазақстан билігі 2025 жылға дейін елге 80 мың қандасты қоныстандыруға ниетті екендігі жайлы ақпарат тарады. Этникалық қазақтарды атамекенге қоныстандыру саясаты жалғаса беретіндігін Елбасымыз да өз сөзінде айтқан болатын. Осыған қарап алдағы уақытта көші-қон қарқынды жүріп, елге оралатын қандастар саны арта түседі деп болжанып отыр.

Қазіргі уақытта үкіметтен бөлінген квота саны 1426 ғана болса, көшіп келушілер саны бұдан бірнеше есе көп. 2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша 195 қандасымызға квота бөлінді. Өткен жылы небары 150 ғана квота бөлінуі себепті көптеген қандасымыз бұл игілікке қол жеткізе алмады. Себебі Қазақстан азаматтығы шығып қойған қандастар квота ала алмайды. Көшіп келген әр қандасымызға құқықтық көмек беретін, ортаға бейімдейтін, Қазақстан заңнамаларын түсіндіретін орталықтар ауадай қажет. Елімізге шет мемлекеттерден көшіп келіп жатқан қандастарымыз өте көп екендігін ескеріп, Премьер-Министр Асқар Мамин Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай қатарлы төрт облыста қандастарды бейімдеу орталығын ашуды тапсырды. Бұл өте уақытында қолға алынған жүйелі шара. Премьер-Министр: «2021 жылы Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарын құру мәселесі пысықталуда. ХҚКО мен бейімдеу орталықтарында қандастар мәселелеріне қатысты барлық қызметтер мемлекеттік тілде көрсетілетінін атап өту қажет» деп айтты.

Сондықтан облыс орталығында бейімдеу орталығы тапсырма бойынша дер кезінде құрылып, өз қызметін жүйелі бастап кетсе құба-құп болар еді. Осы орталық арқылы қандастар құжатын әзірлеу, квотаға тапсыру, Қазақстан азаматтығын алу, зейнетақы рәсімдеу, жұмысқа орналасу қатарлы мәселелерге оңай қол жеткізе алады.

Сонымен қатар бұл орталықтарға қандастардың жағдайын білетін, олармен жұмыс істей алатын, көші-қон саласында тәжірибелі мамандарды жұмыс істетсе бұл бағыттағы шаруалар өз ретімен жүзеге асатыны түсінікті.

ДҚҚ «Отандастар қоры» КеАҚ басшылығы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен бірлескен меморандумға қол қоюының нәтижесінде фронт-кеңсе барлық мекемелермен тікелей жұмыс атқарып жатыр. Індет кезінде де Шығыс Қазақстан облысы бойынша фронт-кеңсе былтыр 1000-нан аса қандасымызды онлайн және жүзбе-жүз қабылдап, әртүрлі деңгейде көмек көрсетті. Қандастарымыздың арасындағы құжат алу, зейнеткерлікке шығуға қатысты түйткілдер, тұрақты тіркеу, оқу визасына қатысты бірқатар мәселелерді жергілікті көші-қон мен жауапты мекемелер дер кезінде шешті. Фронт-кеңсенің қандастармен жұмысы қазіргі уақытта да жүйелі жалғасып жатыр.

Ең бастысы орталық ашылса,уақытша паналап, тіркеуге тұратын жері болса, атамекенім деп аңсап келген әр қазақ Отанға келген қуанышына қуаныш қосылып, еліміз үшін құлшына еіңбек етері сөзсіз.

«Жиылсын қауым, құйылсын көшің», ағайын!

Әскерхан Ақтай

Осы айдарда

Back to top button