ШҚО-да Тұңғыш Президент салдырған тұрғын үйлердің құжаты әлі реттелмеген
Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра ауылының тұрғындары көптен бері шеше алмай келе жатқан мәселесін айтып шағымданды. Осыдан он бір жыл бұрын болған су тасқынының салдары бұл ауылда әлі бар көрінеді. Зардап шеккен ауыл тұрғындарына сол тұстағы ел Президентінің тапсырмасы бойынша өкімет салып берген үйлердің жері үшке бөлініп, құжаты бір қалыпқа келмеген.
Бұл ауылға табиғат тосын мінез танытып, 2010 жылы су басқан. Баспаналарын су шайып кеткен тұрғындарға өкімет ауыл шетінен жер бөліп, жаңадан үй салып беріпті. Алайда ауыл тұрғындарына салып берген үй Көкжыраға қарағанмен, жері Сәтбаев пен Екпін ауылына қарасты болып шыққан. Енді ауыл тұрғындары Көкжырада тұрған үйлерінің қасына қосымша қора-қопсы салу үшін бірі Сәтбаевқа, бірі Екпінге шапқылап жүргендерін айтады.
– Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арнап 2010 жылы 210 үй салған болатын. Бір қызығы, үйіміз Көкжыраға қарағанмен жеріміз үшке бөлініп қалған. Салынған үйлердің жерінің бір жартысы Көкжыраға, бір жартысы Екпін мен Сәтбаев ауылына қарасты. Енді үйіміздің қасына тағы да басқа қора-қопсы салу үшін үш жаққа жүгіреміз. Осы мәселені бірізді етіп, жер құжаттарын реттеп берсе. Ал ауылда жайылымдық жер мәселесі де оңып тұрған жоқ, біріміздің малымызды біріміз қуып жүрміз, – дейді ауыл тұрғыны Талғатбек Қалибеков.
Үш ауылдың жерінің түйіскен тұсында орналасқан үйлердің тұрғындары бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына біраз уақыт болғанын айтады. Ауыл әкімі де мұндай мәселенің бар екенін растап отыр.
– Жаңа ауыл салынған жерде үш елді мекеннің жері жатыр. Сондықтан да үйлері Көкжыраға, жерлері Сәтбаев пен Екпінге қарасты болып қалған. Енді тұрғындар үйінің қасына қора-қопсы салу үшін басқа ауылдарға сабылып жүр. Ауыл тұрғындарының талабы бойынша аудандық әкімдікке хат жазғанбыз. Аудан әкімі жауапты адамдарға тапсырма берген. Алдағы уақытта шешіледі, – дейді Көкжыра ауылының әкімі Ғабит Жанахметов.
Апаттан кейін арада он бір жыл өтсе де, құжаты реттелмеген ауылдың тұрғындары мәселеміз тезірек шешілсе екен деп отыр. Ал жауапты мамандар болса мәселенің қаралып жатқандығын алға тартты.
Қызырбек Дүргінбайұлы