ШҚО-да еуропалық стандартпен ет өндіретін цех салынып жатыр
Шығыс Қазақстан облысында бес жыл ішінде ет теңгерімі бес пайызға өседі деп болжанып отыр.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ШҚО әкімі Даниал Ахметов өңірде мал шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Жыл басынан бері ірі қара мал басы 3,5 пайызға, ұсақ мал – 0,9 пайызға, жылқы – 9,4 пайызға, құс – 1,2 пайызға өскен.
Салалық бағдарлама аясында биыл жеті мың бас ірі қараға арналған үш бордақылау алаңы салынып жатыр. Атап айтсақ, осындай жұмыстарды Ұлан ауданында «Көкжал» шаруа қожалығы, Тарбағатай ауданында «Асыл Агро-7»ЖШС және «Мәуліт» шаруа қожалығы жүргізуде.
Ангус тұқымын өсірумен айналысатын «Елім-ай Көкпекті» кәсіпорны бір мезгілде бес мың бас ірі қара мал ұстауға арналған алаңды іске қосты.
2025 жылға дейін 46 мың басқа арналған 20 бордақылау алаңы пайдалануға беріледі. Қабылданған шаралар бес жыл ішінде облыстың ет балансын бес пайызға арттыруға мүмкіндік береді.
– «Көкжал» шаруа қожалығы базасында жылына 7,5 мың тонна ет өндіретін еуропалық стандартқа сай цех салынуда. Жобаның құны – 1млрд. теңге, – деді Даниал Ахметов. – Өскемен құс фабрикасы жылдық өнім көлемін 29 мыңнан 55 мың тоннаға дейін ұлғайтады. Құны 15 млрд. теңгеболатын жобаны 2022 жылдың сәуір айында іске асру жоспарланған.
«SEMEY QUS» фабрикасында бірінші, екінші, үшінші санаттағы жұмыртқа өндірісі жолға қойылған. Жыл басынан бері бұл кәсіпорын 4 млн.жұмыртқа өндірді.
Бұдан бөлек, соңғы бес жылда 9 мың басқа арналған 38 тауарлы-сүт фермасы салынды және қайта жаңартылды, 70 сүт қабылдау пункті құрылды. Салаға құйылған инвестициялар халықтан сүт сатып алуды арттыруға мүмкіндік берді.
Жалпы, 2015 жылдан бастап қайта өңдеу кәсіпорындары қуаттылығын 29-дан 96 пайызға дейін арттырды. Келер жылы сүтті қайта өңдеу көлемін 195 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда, бұл барлық өндірілетін сүттің 50 пайызын құрайды.