ШҚО әкімі Д.Ахметов: -Қымбат құрал-жабдықтар науқасты емдемейді

Жоғары технологиялы құрал-жабдықтардың да, қымбат дәрі-дәрмектің де дәрігерсіз құны көк тиын. Науқасты емдеп жазатын, аяғынан тік тұрғызатын ол – дәрігер. Сондықтан халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету үшін Шығыс Қазақстанда бірінші кезекте дәрігерлердің біліктілігін арттыруға баса көңіл бөлінген.
Облыс әкімі Даниал Ахметов халық алдындағы онлайн есептік кездесуінде өңірдің медицина саласында атқарылып жатқан оңды істерге тоқталды.
– Коронавирус пандемиясына қарамастан облыста денсаулық сақтау саласын жаңғырту жұмыстары тоқтаған жоқ. Осыдан үш жыл бұрын біз дәрігерлерімізді шетелдің маңдайалды клиникаларына жіберіп оқытуды қолға алдық. Жоба іске асырылғалы үш жылда 3,4 млрд. теңге жұмсалып, 5,5 мың медицина қызметкері оқып келді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені біз дәрігерлердің біліктілігін арттыруымыз керек. Білімді де, білікті мамансыз жоғары технологиялы құрал-жабдықтар да, қымбат дәрі-дәрмек те көмектеспейді. Науқасты емдейтін басқа емес дәрігер, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі ана мен балаға медициналық қызмет көрсету сапасын көтеру мақсатында ауылдық жердегі үш аурухананың қызметін бірінші деңгейге, тоғыз аудандық және екі ауданаралық аурухананың қызметін екінші деңгейге жоғарылату көзделіп отырғанын жеткізді. Оған қоса үшінші деңгейлі перзентханалар да жұмыс істейтін болады. Жиыны 4,1 млрд. теңгеге медициналық құралдар сатып алынбақ.
Балауса Мэлсқызы