Шөп пен отын қымбаттап барады
Қара күз түскеннен ауылда қарбалас басталады. Қыстық отын мен мал азығын қамдау басты мәселеге айналады.
Биылғы көктем мен жаз тарбағатайлықтар үшін аса қолайлы болмады. Соған қарамастан шөптің шығымы бар, малдың қоңы жаман емес. Шөп мол шықты екен деп, оны арзанға сатып жатқан ешкім жоқ. Бағасы екі есеге қымбаттап кетті. Өткен жылы бір машина шөптің құны 12-15 мың теңгенің арасында болса, биыл 30-45 мың теңге аралығында. Тұрғындардың айтуынша, бес бас ірі қараны қыстан аман алып шығу үшін кем дегенде төрт машина шөп керек екен. Жұмысы жоқ, бірді-екілі малымен күн көріп отырған халықты қымбатшылық қос бүйірден қыса берсе, тігерге тұяқ қалмауы бек мүмкін.
Жанармай қымбаттамаса, шөптің шығымы жақсы болса, қымбатшылық қайдан пайда болды?
Мәселенің мәнісі мынада: аудан орталығындағы заңсыз шөп тасып жүрген кәсіпкерлер ебін тауып, шабындық жерлерді ұзақ мерзімге жалға алып алған. Оның ішінде «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен өтіп кеткен жайылымдық алқаптар да бар. Жайылымы тарылған халық мәселені депутаттардың алдында да көтерген. Бірақ нәтиже болмады. Ең сорақысы, сол өзгенің иелігіне өтіп кеткен жерлер игерусіз жатыр. Иесі не өзі шаппайды, не өзгеге шапқызбайды. Заң бойынша пайдаланылмаған жер мемлекетке қайтарылуы керек. Бұл мәселеге келгенде, жергілікті билік жұмған ауыздарын ашпайды. Мұндай жайт шөп сатып шіренген кәсіпкерлерге қол болып тұр. Қыс қаҺарына мінсе, бір машина шөптің бағасы 70-80 мың теңгеге жетуі мүмкін.
– Шөптің бағасы шабындық басындағы келісімге байланысты. Шөп сатушы жердің иесі болса, баға сәл арзандау. Ал біреудің жерін жалға алған адам болса, баға да қымбат. Біз бір тіркеме шөпті шабындық басында 20 мың теңгеге сатып алсақ, үстіне 10 мың теңге қосамыз. Өйткені тиеуге, жанармайға кететін шығындар бар. Оның сыртында табыс түсуі керек. Бар сенгенім осы екі тіркемем. Қысқа қор жинау үшін осы кәсіпке қарап отырмын, – дейді Мұхамед Қайырлин есімді жүргізуші.
Отынның да жағдайы оңбай тұр. Өткен жылы аудан көлемінде көмірдің бір тоннасы 16-18 мың теңгені құраған болатын. Биыл ол баға көтеріліп келеді. Желтоқсан мен қаңтардың сарышұнақ аязы қысқанда бір тоннасы 25-38 мың теңгеге барады деп болжап отыр алыпсатарлар.
Аталған мәселеге орай жекеменшік «Камаз» көлігі бар осы кәсіппен айналысып жүрген азаматтармен сұхбаттасып көрдік. Айтар уәждері біреу ғана. Қаражыраның басынан бағаны көтеріп қойған. Осы жайдан хабардар болған тұрғындар қазір балталарын сайлап, сай-саладағы шағын ормандарды отауға, қараған мен шеңгелді шабуға дайын отыр. Дәл осындай жағдай бұл өңірде сонау 90-жылдары болған. Бағынбай тұрған баға елдің күнкөрісін артқа сүйреуде.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.