Шойынжолға қоқыс шашқандар айыппұл арқалайды
Теміржол бойына шашылған қоқыс семейлік қаңғыбастардың «азық-түлік белдеуіне» айналыпты. Сенбілікке шыққан жұртпен бірге оған журналистер де көз жеткізіп қайтты.
Пойыз жолында қобырсып қоқыс қалатын болып алды. Бұған шойынжолдың бойындағы елді мекен тұрғындарының да, қоқыс төбешіктерін мекен еткен қаңғыбастардың да еті әбден үйренген. Тіпті, баспанасыз бейбақтар қоқыс үйілген жерге жетіп, фотосуретке түсіре бастаған журналистерге дүрсе қоя берді.
– Бұларыңнан ештеңе шықпайды, – деді олар сес көрсете.
Сонымен, қоқыс Семейге қайдан келеді? Қала әкімі Ермак Сәлімов теміржол, ТҮКШ өкілдерімен аталмыш мәселеге қатысты жиын өткізген. Сол жиында теміржолдың тазалығын жауапсыз жолаушымен қатар, жергілікті тұрғындардың да көптеп ластайтыны айтылды. Тіпті, кейде базардан шыққан қалдықтар да рельс бойына төгілетін көрінеді. Әсіресе Деповская көшесі, «Жансая» базарының маңы, №905 құрылыс ауданы қоқыстан көз ашпай келеді.
– Бүгінде қала әкімінің тапсырмасымен 400 адам теміржол бойында сенбілікке шығып отырмыз, – деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ААҚ-ның Семей қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Ерғазы Жұмаділов, – десек те, жыл сайын осы көрініс. Биыл осы қоқысты аламыз, тазалаймыз, содан кейін келер жылы тағы пайда болады. Қаншама қаражат кетеді. Уақытымызды шығындаймыз, мұны ойлап жатқан тұрғындар жоқ.
Семей қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Амангелді Үтелбаевтың айтуынша, әкімдік өкілдері теміржолға жақын орналасқан шағын және орта бизнес нысандарының жетекшілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал жергілікті полиция қызметкерлері аулаларды аралап, қоқыс тастаушыларға айыппұл салатын болды.
– Теміржол бойында гаражы бар тұрғындардың басым бөлігінде қоқыс шығаратын мекемелермен келісімшарт жасамағаны анықталып отыр. Сенбілік күндерінің өзінде заңсыздыққа жол берген нысан иелерінің үстінен 500 мың теңгенің хаттамасы толтырылды. Мұндай жағдай жыл сайын қайталанбас үшін осындай шараға баруға мәжбүрміз, – дейді әкімдік өкілі.
Раушан Нұғманбекова
Семей.