Қоғам

Шорбас тауына Қар барысы қашан келіп жүр?

Шорбас тауына Қар барысы қашан келіп жүр?

Шынын айтсақ, Тарбағатай ауданы жануарлар және өсімдіктер дүниесіне жұтаң, жазық, шөлейт жерде дейтін жаңсақ пікір бар. Алайда, еліміздің мақтанышына айналған көрікті жерлердің бірі – Тарбағатай мемлекеттік зоологиялық қорғалымы біздің ауданда.
Тарбағатай мемлекеттік зоологиялық қорғалымы 1968 жылы Зайсан қазаншұңқырының оңтүстік-батысында «Қазақстанның қызыл кітабына» енген арқар, елік, тағы басқа жануарлардың түрлерін сақтау мақсатында құрылды. Бірақ қорғалымдағы жануар түрлері жаппай жойылып отырды. Осыған байланысты 1983 жылы қорғалым қайтадан құрылып, Маңырақ тауына қарай жылжыды. Қорғалымның аумағы 240 мың гектарды құрайды.
Қорғалымда қосмекенділердің 2 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, құстардың 151 түрі және сүтқоректілердің 51 түрі кездеседі. Маңырақ жотасының басты байлығы мен мақтанышы – «Қызыл кітапқа» енген жыртқыш құстар. Маңырақ тауының құзды-шатқалды жерлері ителгі мен лашын, дала қыраны мен бүркіт сияқты құстардың балапан басып шығаруына таптырмас жер. Мұнда кейде жемтікпен қоректенетін ең үлкен жыртқыш құс – қоңыр күшіген (тазқара) ұшып келеді. Бұлардың қанаттарының ұзындығы жайған кезде 3 метрге дейін жетеді. Түнгі құстардан кездесетіні – үкі, жапалақ және байғыз. Маңырақ жотасында жыртқыш құстардың көптеп кездесуі біріншіден, ашық алаңқайда орналасуынан, екіншіден, ол құстардың ұя салуына ыңғайлы құзды-жартасты болуынан, үшіншіден, мұнда суыр, тышқан және тағы басқа кемірушілерді аулауға оңтайлы болуымен түсіндіруге болады.
Қорғалымның жазығында және шөлейтті жерлерінде үлкен дуадақ, жек дуадақ, қарабауыр шіл және убақ кездеседі. Бұл құстардың барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Ал құрғақты-тасты жерлерін кекіліктер, бұталы-қарағанды жерлерінде сұр шіл, қоңыр шіл, аз мөлшерде болса да құрлар мекендейді.
Таулы жерлерінде ақ қоян мен құм қоянды кездестіруге болады. Сондай-ақ, қорғалымның аумағында түлкі, қасқыр, борсық, күзен, аққұлақ, ақкіс тіршілік етеді. Жергілікті аңшылар мен малшылардың айтуынша, Шорбас тауына Сауыр мен Тарбағатай тауларынан қар барысы да келіп кеткен екен.
Өкінішке қарай, аң-құсты заңсыз ататындықтан, дала өрті кесірінен Тарбағатай мемлекеттік зоологиялық қорғалымындағы жануарлар мен өсімдіктерге әлі де болса қауіп төніп тұр. Қорғалымды негізінен Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығына қарасты Тарбағатай және Зайсан аудандарында тұратын инспекторлар бақылайды. Олар қаумалда кездесетін жануарлар түрлеріне жыл сайын қысқы есеп жүргізіп отырады. Заңсыз аң аулаушылардан қорғайды.

Тақырыпқа тұздық

Егер заңсыз аң ауланса, Үкіметтің 2001 жылғы 4 қыркүйектегі № 1140 қаулысымен бекітілген «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» ережені бұзумен келтірілген зиянды өтеу айыппұлдарының мөлшерін естеріңізге сала кетейік.
Арқар – 2 778 000 (1500 АЕК) теңге
Елік – 185200 (100 АЕК) теңге
Борсық, күзен, ақкіс, суырдың әрбіріне – 18 520 (10 АЕК) теңге.
Қоян, қарсақ, түлкі, саршұнақтың әрбіріне – 9260 (5 АЕК) теңге.
Ителгі, жек дуадақ – 1296400 (700 АЕК) теңге.
Бүркіт, жыланжегіш қыранның әрбіріне – 740 800 (400 АЕК) теңге.
Кекілік, шіл, құрдың әрбіріне – 9260 (5 АЕК) теңге.
Үкі – 370400 (200 АЕК) теңге
Бұған қоса, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодектің 298 бабына сәйкес айыппұл салынады.

Керек дерек

Қорғалым – өсімдіктер мен жануарлардың бір түрін немесе бірнеше түрін биогенеценоздарды қорғау үшін шаруашылық қызметінің кейбір түрлеріне тыйым салынған (ұдайы немесе уақытша), жалпы сипаттағы қорғалатын аумақ. Биогенеценоз – функциональды өзара байланысты тірі организмдер мен айналадағы абиотикалық (биологиялық емес) ортаның біртектес табиғи жүйесі екені баршамызға мектеп қабырғасынан таныс екені мәлім.

Болатбек Асылханов,
Тарбағатай мемлекеттік зоологиялық қорғалымының инспекторы.

Шорбас тауына Қар барысы қашан келіп жүр?

Осы айдарда

Back to top button