Шопанға арналған еліміздегі тұңғыш мүсін бой көтерді
Берекелі істердің ұйтқысы болған Бесқарағай ауданы жақында тағы бір жарқын бастамамен жадыратты. Шопанға арналған еліміздегі ең алғашқы сәулет мүсін тұғырға қонды. Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына қарағайлы өңір осылай тарту жасады.
Өткен аптаның соңында Бесқарағай ауылында ұлан-асыр той өтті. Қалың бұқара аудан орталығына ағылды. Жұма күні кешкілік орталық алаңға жиналған халық Астанадан арнайы келген талантты жас әнші, бірқатар халықаралық байқаулардың лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Нұрбол Балапановтың концертін тамашалады. Қазақ эстрадасында қанат қатайтып, үлкен сахнада көпшілікке енді танылып жүрген өнерпаз ауыл жұртын ән бесігінде әлдиледі. Бір сағаттан артық уақытқа созылған концерттің соңы жастарға арналған би кешіне ұласты.
Жергілікті өнімдер жетіп артылады
Мерекелік шаралар ертеңінде ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасын тапты. Әр сенбі сайын тұрғындарды азық-түлік тауарларымен аста-төк қамтып тастайтын шаруашылықтар бұл жолғы жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келіпті. Сатылымдағы тауарлары да сан алуан, әрі мол. Ет пен сүттен бастап, көкөністің түр-түрі, бал, құрт-ірімшік, талқан, жент, қымыз деймісіз, сөрелерде сықап тұр. Ұлттық тағамдар мен сусындарға толы қайырымдылық дастарқанынан дәм татып, арқа-жарқа болған ағайындар, ақжарма тілектерін арнаған дос-жарандар, бәрі де мерекелік көңіл күйге бөленді.
Бір шетте шөркеленген ағаш тиелген жүк көліктері де көзге ұшырасады. Сөйтсек, дайын отын да сатылады екен мұнда.
– Мен өзім Қоянбай ауылынан келдім. Жәрмеңкеге жұрт әбден үйреніп қалды ғой. Барлық қажетті азық-түлігін осы жерден алады. Ауылдық округтердің шаруа қожалықтары қолдарында барын арзан бағамен сатып жатыр. Алушы да, сатушы да риза. Бұл жәрмеңке екі жаққа да тиімді болып тұр. Ең бастысы, өзіміздің жергілікті өнімдер. Құнарлығына, сапасына, бағасына ешқандай күмәніміз жоқ, –дейді қоянбайлық зейнеткер Назигүл Малғаждарова.
Иә, оған біздің де көзіміз жетті. Жүк көлігіне тиелген дәмі тіл үйірер жергілікті қауын-қарбызды тұрғындар түске жеткізбей талап әкетті. Бағасы Өскеменнің өзінен арзан тіпті. Қарбызыңыз 50 теңгеден келісі.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесінен кейін бесқарағайлықтар Омбы-Майқапшағай күре жолының бойында еңсе тіктеген сәулет құрылысының тұсауын кесті. Шопан ата мүсінінің ерекшелігі сол, мұндай сәулет туындысы әзірге елімізде жалғыз. Бір қолына таяғын ұстап, екінші қолына қозы көтеріп, алысқа көз тігіп тұрған қойшыны құдды бір шынайы дерсіз. Қасында жайылып жүрген қойлары мен оны қас қақпай күзетіп жатқан иттің бейнелері де үйлесімді. Тас тұғырында «Ұлы дала еңбеккерлерінің даңқы арта берсін» деген жазуы бар ескерткіштің бой көтеруіне осы өңірдің тумасы, белгілі меценат Қайрат Итемгенов демеушілік көрсеткен. Сондай-ақ, атымтай азамат аумақтық оңалту орталығына шетелдік микроавтобус сыйға тартты. Жасы ұлғайып қалғанына қарамай бала-шағасымен бірге сонау Астанадан туған еліне ат шалдырып, ағайындармен жүз көрісуге Гүлжазира Омарқызы да келді. Марқұм күйеуі Шәкіртпен бірге ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, өсірген ардақты ананы ауылдастары ыстық ықыласпен қабылдап, емен-жарқын сырласты.
– Біздің аудан үшін қой шаруашылығы таңсық емес. Кезінде бұл өлкеде 200 мыңнан астам қой өсірілген. Ата кәсіптің даңқын асырған атақты шопандарымыз болған. Осындай ұлы даланың төсінде мыңғыртып мал өргізген еңбеккерлеріміз үшін бүгін міне, елімізде бірінші болып шопан ата ескерткішін тұрғыздық. Қарап тұрсақ, металлургтер мен кеншілерге, механизаторларға, басқа да мамандық иелеріне арналған ескерткіштер бар екен. Алайда, ерен еңбектің иелері малшылар, оның ішінде шопанның мүсіні ешбір жерде жоқ. Сондықтан кәсіпкер азаматтардың демеушілігімен осы игілікті істі қолға алып, жүзеге асырған жайымыз бар, – деп түсіндірді Бесқарағай ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов.
Сәулет-құрылыстың ашылу салтанатына ауданның барлық ауылдық округтерінен, облыс орталығынан, Астана мен Павлодар қалаларынан құрметті қонақтар жиналып, мерекемен құттықтады. Кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні зор тағылымды істің қуанышымен бөлісті. Туған жеріне, еліне тағзым еткен азаматтарға алғыстарын жаудырды.
– Бүгін мінеки, бәріміз тарихи шараның куәгерлері болып тұрмыз. Тоғыз жолдың торабы түйіскен Бесқарағай ауданында ерен еңбектің иесі, қазақтың дарқан даласын жалпақ әлемге әйгілеген шопандарымызға арналған мүсін қойылды. Мұндай игілікті істердің қолға алынуы, осындай мерекелік шаралардың іске асуы – Елбасы жүргізген дұрыс саясаттың, елдегі тыныштық пен береке-бірліктің жемісі. Кіндік кескен жеріне басын иіп, жерлестеріне үлкен сый жасаған меценаттарға халқы дән риза, – деп ағынан жарылды қоғам белсендісі, зейнеткер Владимир Казинский.
Шағын атвобус тарту етті
Семей ядролық полигоны салдарынан зардап шеккен мүмкіндігі шектеулі балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық патологиялары бар мүгедектерге және қарттарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін Бесқарағай аумақтық орталығында да бұл күні ерекше қуаныш болды. Неше жылдан бері бір шағын автобусқа қол жеткізе алмай келе жатқан оңалту орталығына Итемгеновтер әулеті құны 10 миллион теңгеден асатын «HYUNDAI» маркалы темір тұлпардың кілтін тарту етті. Заманауи автобус мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауға барынша жайлы. Қыста жылы, жазда салқын. Мүгедек арбаны бірге алып жүруге ыңғайлы етіп жасалған екен.
– Оңалту орталығы 2012 жылы Елбасының тапсырмасымен ашылған. Содан бері жұмыс істеп келеміз. Мұндағы мүгедек жандарды ары-бері тасымалдау үшін осындай бір микроавтобустың қажеттілігі арқамызға аяздай батып жүрген. Әсіресе, қыста қиналып қалатынбыз. Енді міне, қайырымды азаматтардың арқасында арманымыз орындалып, қам көңіл жандар бір қуанып қалды, – деп атап өтті оңалту орталығының директоры Ғалия Байқадамова.
Орталықта қазір екі бөлімше жұмыс істеп тұр. Олар: үйде қызмет көрсету және күндізгі бөлімше. Алғашқысы 180 адамды қамтыса, күндізгі бөлімшеде бір жастан 18-ге дейінгі 15 мүмкіндігі шектеулі бала ем-дом шараларын қабылдайды.
Тағдыр тауқыметін тартса да тауы шағылмаған, кемдіктің кесіріне шалдықса да, келешектен үміт үзбейтін кембағал жандар ізгі ниетті қамқоршыларына деген ризашылық сезімдерін жүрек толқытар ән-жырмен жеткізді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың әуелете салған әніне жұмыр жүректі адам баласы түгілі қара тастың өзі жібіп, қара орман иігендей болды.
Шарапатты істен шет қалмауды жөн көрген осы өңірдің тумасы, ішкі істер органының ардагері, отставкадағы полковник Құмар Мұқашев оңалту орталығына балаларды иппотерапиямен емдеу үшін бір жылқы тарту етті.
– Осындай жерлестерімнен айналып кетейін. Қашан да қабаққа қарап тұратын қазақтай қайырымды халықтың өкіліміз ғой. Көңілін мұң шалған мүгедек жандарға қол ұшын беру үлкен сауап. Мен де бұл игіліктен құралақан қалмайын деп бір жылқыны орталыққа сыйладым, – дейді Құмар Мұқашев.
Бесқарағай өңіріндегі игі шаралар аудан орталығының «Мир» дәмханасында берілген аспен түйінделді.
Серік Әбілхан
Бесқарағай ауданы.