ДінҚоғамӨзекті

Шомылу кезінде сақ болуға шақырды

19 қаңтарда православ христиандары «Крещение» мейрамын атап өтеді. Осыған байланысты биыл құтқарушылар өңірдегі 23 суға шомылу орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Бұл жөнінде Өскеменде өткен арнайы брифинг барысында белгілі болды.

Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің міндетін атқарушы Хамит Илюбаевтың айтуынша, суға шомылу кезінде эпидемиологиялық талаптардың сақталуына айрықша мән берілетін болады.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Дмитрий Титовтың мәліметінше, суға түсуге арналған жерлердің маңында киім шешетін кабиналар, жылыту шатырлары мен ыстық шай сататын сауда нүктелері болмақ.

– Суға шомылуға арналған жерлердегі қауіпсіздікті құтқарушылармен қатар полицейлер мен жедел жәрдем бригадалары да қамтамасыз етеді. Дәлірек айтсақ, облыс бойынша бұл жұмыстарға ТЖД-дан барлығы 150-ден астам құтқарушы мен 28 бірлік техника, екі жүзу құралы тартылмақ. Сонымен қатар бұл күні 45 медицина қызметкері мен 20 жедел жәрдем көлігі, 113 полицей мен құқық қорғау органына тиесілі 25 техника кезекшілікте болады, – деді брифингке қатысқан облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикенов.

Өскемен қалалық төтенше жағдайлар басқармасының аға офицері Валентин Литвиненко хабарлағандай, облыс орталығында суға шомылуға арналған екі ресми орын бар екен. Оның бірі Ертістің сол жағалауындағы этнографиялық кешеннің, ал екіншісі Аблакетка ауданындағы ғибадатхананың жанында орналасқан.

Брифингте сонымен қатар жүрек, тыныс алу жүйесі және жүйке аурулары бар адамдарға суық суға шомылудан бас тарту қажет екені айтылды.

 

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button