Мәдениет

«Шолпанның күнәсі» үздік шықты

«Шолпанның күнәсі» үздік шықты


Үш күн бойы Өскеменнің тұрғындары қасиетті өнердің шуағына бөленді. Үш күн бойы театр өнерінің небір туындыларын тамсана тамашалады. Сахнадағы сезімді селт еткізіп, жүректі жылытар қойылымдар қарашаның суығын ұмыттырып та жіберді. Осылайша, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, кино және театр актері, ақын, режиссер Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формадағы сахналанған спектакльдердің екінші республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті.

Той бітті, адам аяғы басылды. Ойланатын, атқарылған шаруаға баға беретін кез келді. Жалпы, бұл театр мерекесіне барғандар да, бармағандар да арманда. Бармағандардың барғандардан «Фестиваль қалай өтті?» деп сұрауы да орынды. Шынында да, республикалық деп ат қойып, айдар таққан Рүстем Есдәулетов атындағы фестиваль қалай өтті? Додада кім топ жарды? Жалпы, қазақ театр өнерінің даму деңгейі қандай? Режиссура саласында қандай жаңалық бар? Үкілеген үміттер бар ма? Республиканың түкпір-түкпірінен келген тоғыз театрдың өнерін тамашалаған халық қандай ой түйді? Жабылу салтанаты туралы баяндамас бұрын, алдымен фестивальді сахналанған қойылымдарға шолу жасап кеткеніміз орынды болар.

Фестиваль Астанадағы Жастар театры сахналаған Н.Коляданың «Тасбақа үміт» қойылымымен ашылды. Небары үш-ақ адам ойнайтын психологиялық драманың өзегі – отбасындағы мәселелер, ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынас. Кеше ғана бірін-бірі жанындай жақсы көретін ғашықтар неге бүгін жатқа айналды? Олардың бақытты болуына не кедергі? Небары үш кейіпкер: Тасбақа үміт образын сомдаған Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Құсанбаев та, Арман рөлін сомдаған Дәурен Серғазин мен Бақыт бейнесіндегі Мәдина Май да көрерменге барын беруге, көкірегіне ой салуға тырысқаны байқалып тұрды. Бірақ фестиваль аясында қойылған алғашқы спектакль болғандықтан ба, қойылым театр мамандары тарапынан сынға ұшырады. Театр сыншысы, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек психологиялық драманың ауыр екенін, режиссердің проблемаға проблема деп қарағанын, кейде драматургияның да сәулетті тұстары болатынын атап айтты.

– Эльдар Рязановтың «грустное лицо комедии» деген термині бар. Бір қарағанда, жылап тұрады, бірақ ол күлкілі. Біресе күліп тұрады, бірақ ол ішіңді зар еңіретіп жылатады. Сіздердің қойылымдарыңызға да осындай бір тұстар керек сияқты, – деді театр сыншысы. Сонымен қатар пьесада табиғи сөйлемнің аздығын айтып, аудармасын қайта қарауға кеңес берді. Ал Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Ерсайын Тәпенов «Бұл – фестивальға әкелетін материал емес. Колхоз-совхоздарға апарып көрсететін, үнді фильміне жылағандай жылап отырып тамашалайтын жеңіл дүние. Сіздердің театрдың атына сай емес», – деп бағасын берді.

Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласындағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры сахналаған Ш.Айтматовтың «Жәмила» спектаклі де театртанушы мамандардың сын садағына ілікті. «Мынау кәсіби театр ма өзі?» – деді режиссер, профессор Ерсайын Тәпенов ағамыз.

– Спектакль жоқ. Актерлер сахнада не істеп жүргенін білмейді. Образдарыңыз да жоқ. Себебі мектеп жоқ. Спектакльді фестивальға не үшін алып келгендеріңіз маған түсініксіз. Қалай қайтасыңдар? Жердің астымен бе, жердің үстімен бе? – деген Ерсайын Тәпеновтің сөзі қазақ театры саласындағы талай шындықтың бетін ашып бергендей болды.

Артынан Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры Бақыт Сраиловпен сұхбаттасқанымызда, ол кісі, шынында да, шалғайдағы өңірлердегі театрларға жас режиссерлер мен кәсіби актерлердің ықыласпен бара бермейтінін тілге тиек етті.

– Кәсіби мамандар келмеген соң, амал жоқ, театрға өзімізбен еншілес мамандарды, музыканттар мен филологтарды аламыз. Алматыда еңбек етіп жүрген жерімнен осы театрға өзім де қайта оралдым. Өйткені театр жабылуға шақ қалды. Қазақ театрының шамы сөнбесін, шаңырағы ортасына түспесін дедім, – дейді Бақыт Сраилов. Бір атап өтерлігі, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрына алдағы жылы 50 жыл толады екен. Жарты ғасырлық театрдың тағдырын ойлаған Бақытқа бір жағынан қатты риза болдық.

Осы күні кешкісін көрермен қауым Алматыдағы мемлекеттік қуыршақ театры актерлерінің өнерін тамашалады. Аталған театр актерлері ежелгі грек драматургі Еврипидтің «Медея» трагедиясын сахналады. Иә, театртанушы мамандар осынау күрделі шығарманы қуыршақ театрының репертуарынан көргендеріне алғашында таңданыс білдірді. «Сіздер бұл шығарманы балалардың назарына қалай ұсынасыздар?» деген сауал қойылмады емес, қойылды. Сөйтсек, бұл дүние 18-ден асқан көрермендерге арналған екен. Дегенмен, мамандар спектакльдің режиссурасындағы тың шешімдерге дән риза болды. Жаңалығы бар екенін жоққа шығармады. Бір атап айтарлығы, аталған шығарманың қоюшы-режиссері – Шығыс Қазақстан «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Айдын Салбан. Көрермен қауым Айдынның осынау дүниесінен Рүстем Есдәулетовтің қолтаңбасын да айқын байқап отырды. Сахнадағы ваннаның өзі ғана көрерменнің есіне көп нәрсені еске салып тұрғаны анық. Сонымен қатар кезінде Рүстем сахналаған «Атымды адам қойған соң» спектакльдерінің де детальдарын облыстық драма театрының актерлері тап басып танып, бірден байқады. Иә, Айдын – ізденімпаз режиссер, кешегі Рүстемнің ізін жалғастыратын да бүгінгі осы Айдындар екені сөзсіз.

Фестивальдың екінші күні де театрсүйер қауымның нағыз олжасына айналды. Бұл күні көрермен қауымның назарына Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық драма театры Оралхан Бөкейдің «Атау кере» спектаклін ұсынды. Бірақ бұл дүние де талғамы биік театртанушы мамандардың көңілінен шықпады. Театр сыншылары Меруерт Жақсылықова да, Бақыт Нұрпейіс те бірауыздан спектакльде актерлік ансамбльдің болмағанын, сахнадағы декорациялардың ойнамағанын ерекше атап айтты. Ең бастысы, кейіпкерлердің характерлері ашылмай қалған. Таған кім? Ол – интеллигенция өкілі ғой. Ол – институтта дәріс оқыған. Ендеше көрерменнің Таған образын сомдаған актердің бойынан сол тектілікті, сол зиялылықты көргісі келгені сөзсіз. Бірақ, амал не, көрермен оның бойынан іздегенін таба алмады. Бұл жерде біраз көрермен «Қазіргі актерлердің интеллектуалдық ой-өрісі қандай?» деген сауалдың толғандырғаны да рас.

Бұл күні кешкісін Бәйтен Омаров атындағы «Жас сахна» театры «Мой маленький Оскар» спектаклін қойды. Қойылым – Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының актрисасы Марианна Покровскаяның моноспектаклі. Француз жазушысы Эрик-Эмманюэль Шмиттің «Оскар және Розовая дама» романының желісі бойынша сахналанған қойылым онкологиялық дертке душар болған он жасар баланың тағдыры туралы. Оскардың өмірдің осынау қиындығын жеңуіне егде жастағы күтуші әйел ықпал етеді. Ол Оскарға өмірді сүюді, кешіруді, ғашық болуды үйретеді.

– Қарап тұрсаңыз, қазіргі күні онкологиялық дертпен ауыратындардың қатары көбейіп келеді. Әрбір адамның жақын туысы немесе досы осы мәселемен бетпе-бет келген. Мен осы моноспектакль арқылы көрермендерге өмірдің мәнін түсіндіргім келді, – дейді Марианнаның өзі.

Фестивальдің үшінші күні Семей қаласындағы Ф.Достоевский атындағы мемлекеттік орыс драма театры «Ниоткуда с любовью», С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры А.Галиннің «Қайран жас дәурен», Петропавлдағы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры «Шолпанның күнәсі» драмасын сахналады. Десе де осы күні сахналанған туындылардың ішінде соңғысының шоқтығы биік екенін театртанушы мамандар бірден айтып, бірауыздан мақұлдады.

– Бұл С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры – соңғы бес жылдың көлемінде республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, белсенділік танытып жүрген театрлардың бірі. Бүгінгі қойылымнан мен театр режиссурасының жоғары деңгейге көтерілгенін байқадым. Ең бастысы, спектакльде актерлік ансамбль бар. Шолпан мен Сәрсенбай образын сомдаған актерлер әдемі дуэт болды. Режиссер алдына нақты мақсат қойған және сол мақсатына жете білген. Мен режиссердің сахна мәдениетін мықты меңгергенін байқадым. Фестивальдің шоқтығы биік, көркемдік тұтастығы бар спектаклі де осы, – деп бағалады театртанушы Бақыт Нұрпейіс.

Еркін Жуасбек те әріптестерінің сөзін құптап, «Шолпанның күнәсі» қойылымын «төрт тағандап тұрған жақсы жұмыс» деп атады.

Осылайша, Рүстем Есдәулетов атындағы кіші формада сахналанған спектакльдердің екінші республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Сахнаға театр сыншысы Бақыт Кәкиқызы бастаған қазылар алқасы көтерілгенде, зал толы көрермен мен республикамыздың әр түкпірінен келген өнер өкілдері демдерін ішке тартып, фестиваль нәтижесін асыға күтті. Иә, дода болған соң, жеңістің де, жеңілістің де болуы заңдылық.

– Бүгін, міне, Шығыс Қазақстан облысында дүркіреп өткен үш күндік екінші республикалық театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл фестиваль барлығымызға жақсы таныс, ақын, режиссер, драматург, актер Р.Есдәулетовтің құрметіне арналды. Осы арада Рүстем Есдәулетов есімін асқақтатып, осы Шығыстың қасиетті топырағын бүкіл республика деңгейінде танытуға үлес қосқан облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасына, сол сияқты облыстық драма театры ұжымына және осы театр фестивалін өткізуге мұрындық болған ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін, – деп сөзін бастаған қазылар алқасының төрайымы Бақыт Нұрпейіс Рүстемнің қысқа ғана ғұмырында көп іс тындырғанын, әсіресе Өскемен қаласындағы қазақ театрының іргетасын қалағанын, өнер үшін жан-тәнімен ерекше еңбек еткенін атап өтіп, оның есімі алдағы уақытта да асқақтап, осынау фестиваль халықаралық деңгейге көтерілетінін жеткізді.

– Фестиваль қандай деңгейде өтті деген сауалға бірауыз тоқтала кететін болсам, әрбір спектакльден кейін қазылар алқасы өздерінің ойларын жан-жақтан келген актерлер мен режиссерлердің, өнер қауымы өкілдерінің арасында ашық талқыға салды. Жасыратыны жоқ, басты міндет – актерлік бейне жасау. Драматургтің сөзін сахнада құр айтып шығу – өнер емес. Сондықтан алдағы уақытта барлық театр актерлері бейне жасау процесіне көбірек көңіл бөлсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ режиссура саласында да жаңалықтар бар, эксперименттер жасалып жатыр. Десе де бұл фестивальда өткен ғасырдың 80-ші жылдары төңірегінде қалып қойған режиссураның да жоқ емес екеніне көз жеткіздік, – деді.

Сонымен, үш күнге созылған дүбірлі доданың бас жүлдесін Петропавл қаласынан келген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

– Біз бұл қойылымның тұсауын маусым айында Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойында кескен болатынбыз. Біз сыршыл ақынның бұл прозалық дүниесін тегін таңдап алған жоқпыз. Шығарманың айтар ойы да, философиялық астары да тым терең, – дейді театрдың көркемдік жетекшісі Батырбек Шамбетов.

Сондай-ақ Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының актрисасы Марианна Покровская «Фестивальдың үздік актрисасы» аталымына ие болса, «Фестивальдың үздік актері» аталымына Астанадағы «Жастар» театры сахналаған Тасбақа рөлі үшін актер, Мәдениет саласының үздігі Бейбіт Құсанбаев лайық деп табылды. Ал «Үздік режиссура» аталымы Алматыдағы қуыршақ театры сахналаған «Медея» қойылымының қоюшы-режиссері Айдын Салбанның еншісіне тиді. Сонымен қатар фестивальға қатысқан барлық театр облыс әкімі Д.Ахметовтің алғыс хатымен марапатталды.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button