Қоғам

Шоқтығы биік Шоқановтар

Мейрамтай Иманғали

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде тарбағатайлық суретшілер отбасы Шоқановтардың «Алтын арқау» атты  көрмесі ашылды. Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі  Әлібек Төкенұлы Шоқанов бастаған отбасының көрмесі  Республика күніне арналып отыр.  

Шығыс Қазақстан Өнер музейіне келуші өнерсүйер қауым тарбағатайлық суретші  Әлібек Төкенұлы Шоқановты жақсы таниды. Өйткені суретшінің жеке көрмесі мұнда жиі өтеді десек те болады. Атап айтқанда, Әлібек Шоқановтың жеке көрмесі бұл музейде 2004, 2010 және 2016  жылдары өтіпті. Семейдегі Невзоровтар музейінде де Әлібектің «Тарбағатай әуені» атты жеке көрмесі өткен болатын. Ал бұл жолғысы отбасылық көрме. Бұл көрмеге тек Әлібек Төкенұлының ғана емес, ұлы Әділет пен қызы Альбинаның, келіні Дилинұр Исмаилованың қолынан шыққан шығармашылық жұмыстары қойылып, көпшілік назарына ұсынылды.  

Көрмені тамашалаған адам олардың әрқайсының өнерде өзіндік жолы, қолтаңбасы бар екенін бірден байқайды. Әлібек Төкенұлының картиналарына қазақы қоңыр мінез, ауылдың жұпар иісі тән болса, Әділеттің картиналарынан жастық жалынның, өнердегі өз жолын іздеген жастың  қуаты ерекше сезілетіндей. Ал қызы Альбинаның картиналары да заманауи, бояулары да жарқын. Дилинұр болса өзінің келіндік жолын жақсы біледі. Оның қолынан шыққан бұйымдарда әлдебір салмақтылық пен даналық бар екенін байқадық.

Әлібек Төкенұлы Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылының тумасы. Бала кезінен-ақ сурет өнеріне жақын болған ол мектепті бітірген соң Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық университеттің көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. 1993 жылы университетті бітірген Әлібек жолдамамен Талдықорғандағы Жоғары кәсіби өнер лицейінде сабақ беріпті. Бірақ туған жерге деген махаббат оны ауылы Ақжарға жетелеп әкеледі. Осындағы мектепке бейнелеу өнерінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Бос уақытында тауға барып сурет салуды өзінің әдетіне айналдырады.  

О, құдірет, туған жердің табиғаты Әлібектің талантына қанат бітіреді. Шынында да, Тарбағатай тауларын алғаш кенепке түсірген суретші де Әлібек болса керек.   

2018 жылы мен Әлібек Төкенұлынан сұхбат алған болатынмын. Сол сұхбатта ол 2010 жылы Беларусь елінде өткен халықаралық пленэрге қатысқанын айтқан еді. Сонда Польша, Германия, Қытай, Бразилия секілді елдерден келген суретшілердің ашық түсті бояуларға құмар екенін байқапты. Сол пленэрдегі картиналардың ішінде Әлібектің картиналары қоңыр-жасыл түсімен ерекшеленіп тұрыпты.

«Қоңыр-жасыл түс өзімнің мінезіме, болмысыма сай келеді. Бұл – қазақтың түсі», деп еді сол сұхбатта Әлібек Төкенұлы.

Бір байқағанымыз, бұл көрмеге қойылған картиналарында Әлібек Төкенұлы ашық түстерді де пайдалана бастаған екен.

Мұның себебін сұрағанымызда, ол қазіргі өнерсүйер қауымның ашық түстерді ұнататынын айтты.    

Әлібек  Шоқанов 2012 жылы Ақжардан балалар өнер мектебін ашып, бүгінде Ақжар өңіріндегі қаншама баланы бейнелеу өнеріне баулып жүр.

Әлібектің ұлы Әділет те әке жолын таңдапты. Ол да әкесі сияқты Абай атындағы педагогикалық университетте  бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жоғары білім алған. Қазіргі күні ол да Балалар өнер мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Әділет 2019 жылы Шығыс Қазақстан Өнер музейі ұйымдастырған облыстық «Жастар шығармашылығы»  байқауында «Графика» аталымы бойынша бірінші орынды жеңіп алыпты. Осынау көрмеде  біз Әділетті тағы бір жаңа қырынан танығандай болдық. Оның исламдық каллиграфиясы мен реалистік кескіндемесі көрермен қауымның көңілінен шықты.

Жалпы, каллиграфия деген өнер бар, яғни  ол жазу өнері. Қазір кирилл, араб әріптерімен жазылған каллиграфиялық өнер туындылары көп. Арабша жазылған жазуларды біз  Ахмет Яссауи кесенесінен, батырлардың дулығасынан кездестіреміз. Бұл бұрынғы кезде қазақта жазба мәдениеті болмаған дегенді жоққа шығарады. Біздің де көнеден келе жатқан жазба мәдениетіміз бар. Каллиграфиямен айналысқан маған ұнайды. Сондықтан да мен каллиграфияға өзінше көне образ беруге тырыстым. Бұл идея маған Түрік еліне іссапармен барған кезімде келді. Ол жақта осы жазу өнері кеңінен дамыған. Осы өнердің қыр-сырын үйрететін арнайы оқу ордалары бар. Ендеше, осы өнердің түрін неге Қазақстанда  дамытпасқа деген ой келді, дейді Әділеттің өзі. 

Ал осы отбасының келіні Дилинур Исмаилова Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Ақтам ауылында дүниеге келіпті. Әділет екеуі Алматыдағы бір оқу орнында білім алған. Қазіргі күні Дилинур да Ақжар ауылындағы бейнелеу өнері мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 2021 жылы оның туындысы «Шабыт тарландары» халықаралық шығармашылық байқауында қара үзіп, бірінші орынға ие болған екен. Бұл жолғы көрмеде оның дәстүрлі шым-ши техникасында орындалған ши мен жүннен жасалған сәндік композициялары ұсынылды.

– Бұл – ерекше өнер. Бар назарыңды аударып, қолмен тоқығандықтан ба, ерекше шығады. Ауырып тұрсаң, тоқуға болмайды. Одан сайын ауырып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан да ши мен жүннен тоқылатын сәндік композицияларды көңілді кезде ғана тоқу керек. Мен өзім жүнді саусақпен орап отырып тоқимын. Бір жерінен қателессең, бүкіл жұмысты қайта бастауға тура келеді, дейді Дилинур.  Айтуынша, бұл өнерді ол университетте Майра Нұркен деген ұстазынан үйреніпті.   

Алдымен қарапайым ғана дүниені жасап көрдік, өте ұнады. Содан кейін алдыма үлкен дүниелер жасап, көпшілікке көрсетемін деген мақсат қойдым, дейді ол.  

Дилинур бұл сәндік композициялардың әр қазақтың үйінің төрінде тұрғанын қалайды. Интерьер үшін таптырмайтын бұйым.

Егер адамдар менің үйімнің төрінде тұрғанын қалаймын деп тапсырыс беріп жатса, тек қуанамын. Әлі де заманауи стильде жасауға тырысамын, дейді ол.  

Әділет пен Дилинурдың екі ұлы бар. Үлкені  бес жаста болса, кішісі бір жарым жаста. Осынау көрмеде кішісінің тұсауы кесілгенін де айта кеткіміз келеді.  

Әлібек Төкенұлының қызы Альбина да өнерден кенде емес. Альбина қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқиды. Ол – болашақ  көркем еңбек және графика маманы. Көрмеге оның кенеп, акрил техникасындағы көркем туындылары қойылыпты. Көрмеге С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қатысып, Альбинаға Абай шәкіртақысының иегері болғанын айтып қуантты.

– Өнер жолындағы ұстазым, әрине, әкем. Бірақ әкемнің картиналары көбіне қазақы нақышта болып келеді. Қазір жиырма бірінші ғасыр ғой. Сондықтан да мен өнердегі өзімнің стилімді қалыптастырғым келеді. Әлі де ізденудемін, көп жұмыс істеуім керек, – дейді Альбина бізбен әңгімесінде.

Көрменің ашылу салтанатында Өскемен қаласының ақсақалдар алқасының төрағасы Сағынбек Ақанов, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков, қалалық мәдениет бөлімі басшысының орынбасары Роза Әшімхан сөз алып, жылы лебізін білдірді.   

Өзінің өнердегі жолын ақырын жүріп, анық басып тапқан, бүкіл қазақ еліне танымал болған өнер иелерінің бірі – осы Әлібек Шоқанов. Әлібектің туындылары туған жері – Тарбағатайдың тұмса табиғаты, елі мен жері, дәстүрінің алтын арқауы іспетті. Егер жазушы Оралхан Бөкей өзінің Катонқарағайының табиғатын, жұртының мінезін, болмысын көркем әдебиет арқылы әспеттесе, Әлібек Төкенұлы оны қылқаламның көп ешкім сезе бермейтін сырлы бояуларымен ұсынған деуге болады. Қалайда екеуінде бір үндестік бар. Бүгін әкелерінің жолын қуған балаларының да өнерін тамашалау мүмкіндігі туып отыр, деген Роза Әшімхан Шоқановтар отбасына шығармашылық табыс тіледі.

Жалпы, көрмеге  35 картина қойылыпты. Көрмені 30 қарашаға дейін тамашалауға болады.

Осы айдарда

Back to top button