Ауыл шаруашылығыТОП

ШӨП ШАБУ НАУҚАНЫ ҚЫЗЫП ТҰР

«Қыстың қамын жазда ойла» деген халық тәмсілін жадында берік ұстайтын аудан шаруалары шілденің ортасында шабындыққа шалғы түсіріп, қазіргі таңда шөп шабу науқанын қызу жүргізуде. Тамыздың қолайлы күндері де шаруалардың жұмысын жүргізуге пайдасын тигізуде.

   Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінше, биыл ауданда жоспар бойынша 139 мың тонна шөп, 6 мың тонна пішендеме, 7,5 мың тонна сүрлем, 16   мың тонна сабан қорын дайындау қажет. Бүгінде шөптің 97 мың тоннасы әзірленіп қойса,  пішендеме мен сүрлем жоспар бойынша түгелімен дайындалып болған.

Ауданда алғашқылардың бірі болып Малонарымка ауылындағы Анатолий Матасовтың «Жас қанат» шаруа қожалығының пішеншілері шабындыққа орақ салды. Құрылғанына ширек ғасырдан астам уақыт толған ауданымыздағы ірі ауылшаруашылық құрылымдарының бірі болып саналатын «Жас Қанаттың» иелігінде бүгінде егістік алқаптарын қоспағанда, 700 гектарға таяу шабындық жерлері бар. Малонарымдық шаруа қожалығының шабындық жер телімдері ауылдан он бес шақырым жерде орын тепкен.

– Шөп шабу науқанын шілденің онынан кейін бастадық, – дейді «Жас қанаттың» пішеншілер бригадирі Руслан Айдабулов. – Биыл өткен жылға қарағанда, шөп  түсімі жақсы. Былтыр шабындықтағы шөп сұйықтау еді, биыл қою шығыпты. Бүгінгі таңда 40 пайызына жуық жерді шауып, жинап қойдық. Шөп шабу науқаны қыркүйекке дейін жүреді, себебі шабындық аумағы үлкен, бірақ қолда бар соңғы үлгідегі жаңа ауылшаруашылық техникасының арқасында жұмысты тоқтатпай әр күнді тиімді пайдаланудамыз.

Бір жақсысы, шабындық алқаптары түгелімен бір аумақта орналасқан. Оның шекарасы бірінші қыстақтан басталып,  Толстуха деп аталатын таудың етегіне дейін созылып жатыр. Бұл жер таудың етегі болған соң жергілікті халық «Подтолстушонок» деп атайды.

«Жас қанат» шаруа қожалығының далалық бригадирі әрі механизаторы Руслан Айдабуловтың айтуынша, шабындық алқаптарында биыл көпжылдық шөп жақсы шыққан.

Бүгінде малонарымдық шаруа қожалығының пішеншілерінің қай-қайсысы  болмасын, жоғарыда айтып өткендей, бір-бір судай жаңа техниканы тізгіндеген. Оған А.Матасов басшылық ететін шаруашылықтың бүгінгі таңда мүмкіндігі әбден бар. Шабындық даласындағы қызу жұмысты шаруалар  3 бірлік МТЗ-1221, Қытайдан жасалып шығарылған екі бірлік «Ловол», 1 бірлік американдық «Джон Дир» тракторлары сияқты қуатты да сапалы ауылшаруашылық техникаларының күшімен жүргізуде.

– Техникаларымыздың барлығы да жаңа. Ең ескісінің өзіне екі-үш жыл ғана, қалғандары былтыр сатып алынған. Шөп шапқыш, шөп жинағыш, пішен тайлағыш сияқты ең қажетті техника түрлері сақадай сай істеп тұр. Жаңа техника болғандықтан тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Егер де ақаулары болып жатса, шаруашылық базасында оларды қалыпқа келтіретін арнайы механих бар. Жөндеу жұмыстарымен Юрий Марилов дейтін азамат айналысады.

Бұрындары шөпті шауып, оны жинап, отау үйіп, артынан қыстақтарға жеткізуші едік. Қазір жұмыс әлдеқайда жеңілдеді. Шөпті жыққан соң жалда жиналып жатқан жерінен оны пішен тайлағышпен рулондап орап, сол қалпында қалдырамыз. Рулонда жатқан шөпті жауын-шашын да, жел де алмайды. Сол күйі арбаларға тиеп, тракторлармен етекке түсіреміз, – дейді   қожалықта еңбек етіп жүрген  жұмысшылар.

«Жас қанат» шаруа қожалығының иелігіндегі барлық техникада тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Байқағанымызша, көбі жастар. Биылғы шөп шабу науқанында малонарымдық шаруашылықтың шабындық даласындағы қызу жұмысқа оннан астам адам жұмылдырылған. Жұмысшылар өз уақыттарын тиімді пайдалану үшін екі уақыт асты шабындық даласында ішеді. Күн сайынғы асты шаруашылықтағы қамту жұмыскері Сергей Шапошников «Уаз» автокөлігімен жеткізіп беріп отырады.

– Жұмыс уақыты бізде таңғы жетіден кешкі жетіге дейін жүреді. Түскі және кешкі асты бізге шабындыққа әкеліп береді. Түскі және кешкі ас бізде тегін. Кешкісін жұмыс уақыты біткенде қайтадан  көлікпен қайтамыз.

Жұмысшылардың айлық жалақысына келер болсақ, қай-қайсысы болмасын, 100 мыңнан кем алмайды. Шабындық науқанында бір бөлек, егістік ору кезінде атқарған жұмыс көлеміне байланысты бір бөлек еңбекақыларын алады. Бүгінде, жалпы алғанда, шаруа қожалығында 50-ге таяу адам еңбек етуде. Ұжымымыз ұйымшыл. Басшылық та барлық жағдайымызды жасауда, – дейді шабындық даласындағы жұмыс бригадирі Руслан Айдабулов.

Тимур Смағұлов

 Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button