Шөп шабу науқаны басталды
Азамат Темірбеков
Шығыс Қазақстанның бірқатар аудандарында малдың қыстық азығын дайындау жұмыстары жартылай басталды. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы хабарлады.
Құзырлы органның берген мәліметіне сенсек, Алтай, Глубокое, Шемонайха, Ұлан аудандарында көпжылдық жоңышқаны шабу науқаны маусым айының ортасынан жартылай басталса, табиғи шабындықтардан шөп шабу науқаны жылдағы уақытта, яғни тамыз айының басында басталатын көрінеді.
Шөптің құнарлылығы өсімдіктің ботаникалық құрамына, оны жинаудың мезгілі мен әдісіне, кептіру ұзақтығына байланысты екені бесенеден белгілі. Мамандар осындай жұмыстар дер кезінде жүзеге асырылса, мал азығындағы минералдар мен дәрумендердің, ақуыздың молынан сақталып, қытымыр қыстан төрт түліктің қиналмай күйлі шығатынын айтады.
– Пішенге жабылатын шөпті шабу мен жинау уақыты аймақтардың климаттық жағдайы мен ауа-райына байланысты. Алайда жинау мезгілінің жалпыға ортақ көрсеткіштері де бар. Ол бұршақ тұқымдас, дәнді шөптердің қауыздануына немесе гүлденуіне сәйкес жүргізіледі. Дәл осы кезеңде өсімдіктердің құрамында құнарлы заттары көп мөлшерде болады, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.
Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл жыл басында өңірімізде 1,1 миллион бастан астам ірі қара, 1,7 миллион бастан астам қой мен ешкі, 453,7 мың бас жылқы мен 597 бас түйе тіркелген. Енді осынша төрт түлікті алдағы қыс маусымынан қиналмай шығару үшін облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 2590 мың тонна шөп, 122 мың тонна пішендеме, 250 мың тонна сүрлем, 161 мың тонна сабан, 245 мың тонна құрама жем дайындауы тиіс. Жалпы, облыста соңғы үш жыл ішінде орта есеппен жыл сайын 1,8 млн. тонна шөп дайындалған. Бұл бір бас малға 1,4 тоннадан мал азығы келеді деген сөз. Басқарманың хабарлауынша, жоспарланып отырған жем мен шөптің бұл деңгейі малды қыстаудан шығынсыз әрі өнімділігінің төмендеуінсіз алып шығуға мүмкіндік беретін көрінеді.
Синоптик мамандардың биылғы жаз маусымында түсетін жауын-шашын мөлшеріне қатысты жасаған мәліметтері көңіл көншітерлік екенін алға тартқан басқарма басшылығы алдағы науқанға байланысты қолайлы болжам жасауға болатынын атап өтті.
Мамыр айында жауын-шашын мөлшері аздау болғаны рас. «Қазгидрометтің» ақпаратына сәйкес, облыс бойынша орта есеппен 15 миллиметр ылғыл түсіп, ол көпжылдық деңгейдің 37 пайызын ғана құраған. Ал маусымда керісінше ылғал 45,3 миллиметр тереңдікке сіңіп, көпжылдық деңгейден асып түскен. Мал азығының пісіп-жетілу кезеңінде облыс бойынша жауын-шашын қажетті мөлшерде түсіп, шөптің бітік шығуына жағдай жасаған.
Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 1393,3 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 14,6 мың гектарға артты. Ал жемшөп дақылдарын егу 142,9 мың гектарды құрап, өткен жылғы деңгейден 88,8 мың гектарға өсті. Жалпы айтқанда, үстіміздегі жылы егілген мал азығы дақылдарының ішінде сүрлемдік дақылдар 14,4 мың, біржылдық шөптер 24,4 мың, көпжылдық шөптер 102,7 мың, басқа жемдік дақылдар 1,3 мың гектарды құрады.
– Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарын жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету үшін биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге Энергетика министрлігі зауыт бағасымен тоннасы 212 мың теңгеден Павлодар мұнай-химия зауытынан 33 мың тонна дизель отынын бөлсе, оның бес мың тоннасы наурыз айында, 12 мың тоннасы сәуір айында, 11 мың тоннасы мамыр айында, бес мың тоннасы маусым айына толықтай бөлініп берілді. Шөп шабу науқанын ойдағыдай өткізу үшін шаруаларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан субсидия түрінде берілетін қаражат қарастырылмаған. Субсидия төлеу тек егілген шөп тұқымына ғана қарастырылған, – деп қосты Рамиль Сағандықов.
Айта кетсек, облыста мал азығын дайындауды қамтамасыз ету үшін 17557 жемшөп жинайтын тракторлар мен өздігінен жүретін шөп шапқыштар, 4080 тіркемелі шөп шапқыштар және 755 престеуші техника бар. Техника паркінің қазіргі уақытта шөп шабу науқанына толықтай әзір екенін алға тартқан мамандар алдағы қыс маусымына қажетті мал азығын дайындау ойдағыдай өтетініне сенімді.