ШҚМТУ-да құрылыс материалы 3D принтерімен шығарылады
Ел экономикасын индустриялық-инновациялық жағынан дамытып жатқан бүгінгі заман қазақстандық жоғары оқу орындарынан осы бағытқа қажетті білімдерді терең меңгерген мықты мамандарды күтуде. Өскемендегі Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың студенттеріне сапалы білім алып, мол тәжірибе жинақтауға тағы бір үлкен мүмкіндік туды. Университетте құрылыс индустриясының келешегі саналып отырған заманауи өзгеше өндіріс – 3D құрылыс принтері іске қосылды.
3D принтердің тамаша мүмкіндіктерін жұрт жақсы біледі, суретті үш өлшемді етіп шығаратын осы технологияны жетілдірудің арқасында бүгінде медицина адам сүйектерінің жасанды көшірмесін жасап, Қытай бастаған бірнеше елде бірер күнде-ақ кәдімгі үйлер «басылып шығарылып» жатыр. ХХІ ғасырдың жоғары технологиясы құрылыс материалдарын ғана емес, уақытты да үнемдетуде.
3D принтері құрал-жабдықтары орнатылған «Құрылыс технологияларының ғылыми техникалық орталығы» зертханасын университет ғалымы Юрий Баталов ашты. Оқу орнының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтқанындай6 бұл орталықтың мақсаты – осы 3D құрал-жабдықтарымен құрылыс материалдарын шығару үшін пайдалануға болатын құрамдарды, шикізаттарды таңдап, іріктеу, өңірдегі өндірістік техногендік қалдықтардан құрылыс материалдарын жасап шығаруды жолға қою және құрылыс ғимараттарының салыну сапасына бақылау жасау.
Университет мұндай озық технологияға «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында Қазақстандағы ЖОО ішінде ең алғашқы болып қол жеткізіп отыр. Ықшам құрал-жабдық құрылыс басына, өндіріс аумағына алып баруға ыңғайлы, көп жұмысшыны қажет етпейді. Жұмыс үдерісі оператормен реттеліп отыратын компьютерде алдын ала өлшеніп, белгіленіп, жасалған бағдарлама бойынша қондырғы ыдысына салынатын шикізаттан шағын көлемдегі кез-келген құрылыс материалдары немесе сәулет нысандары құйылып шығарылады.
– 3D принтер үйлердің шағын сәулеттік элементтерін жасап шығаруға, әртүрлі ландшафтық бұйымдар мен үлгілерді өндіруге бейімделген. Бұл принтер түрі дизайн, сәулет, құрылыс материалдары технологиясы сияқты басым бағыттарды дамытуымызға, осы бағыттағы заманауи жетістіктерді болашақ мамандарға үйретуімізге мүмкіндік береді. Экономикалық тиімділік тұрғысынан алғанда үлкен баспа бұрын жасалуы, өндірілуі күрделі болған өнімдерді қысқа уақыттың ішінде өндіруге мүмкіндік береді. – дейді орталықтың меңгерушісі Ольга Руденко.
Өнеркәсіпті аймақта орналасқан техникалық жоғары оқу орнының білім беру жүйесін барынша дамыта түсуді мақсат етіп отырған университетте құрылыс технологиялары орталығымен бірге түсті металлургияның, машина жасау өнеркәсібінің жаңа, озық әдіс-тәсілдерін өндіріске енгізуге бағытталған «Үймелеп сілтілеу және флотация», «Минералды шикізаттарды өңдеу», «Машина жасау», сондай-ақ6 байланыс саласының жетістіктерін кеңінен қолданып, дамытуға негізделген «Телекоммуникация және радиотехника» зертханалары да ашылып, студенттер мен оқытушылардың пайдалануына берілді.
Жанаргүл Мұқатай