Журналистік зерттеу

Ішімдікке салынған әйелдер неге азаймай тұр?

Ішімдікке салынған әйелдер неге азаймай тұр?


Бүгінде әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында маскүнемдік дертіне бой алдырған жандар көп. Тіпті, олар темекі тартып, ішімдік ішуді қалыпты жағдай деп түсінетін сияқты. Осы орайда, біз «Маскүнемдіктен қалай арылуға болады? Ішімдікке салыну дерт пе, әлде, жұрт айтқандай, аздап көңіл көтеру ме?» деген сұрақтардың жауабын іздеп көрген едік.

Ащы судан бас тартуға қыздары себепкер болған

«Кезінде айрандай ұйып отырған отбасым болды. Алайда біздің түбімізге арақ жетті. Жолдасыммен шаңырақ көтерген алғашқы жылдары тату-тәтті өмір сүрдік. Кейін отбасында қаржы мәселесіне байланысты қиындықтар туындаған соң, базарға жұмыс істеуге шықтым. Ал онда сауда жасайтын әйелдер күз-қыс мезгілдерінде «жылынамыз» деп, күн сайын арақ ішеді екен. Бастапқыда, ішімдік ішуден бас тартқаныммен, кейін біртіндеп бойым үйрене бастады. Арада 5-6 жыл өткен соң, маскүнемдікке кәдімгідей салынып кеттім», – деп әңгімесін бастады біздің кейіпкеріміз Қарлығаш (есімі өзгертілген).

Ащы судың құрығынан он жыл құтыла алмаған Қарлығашты аяғы қос перзенті облыстық наркологиялық диспансерге апарып, ем қабылдауға көндіріпті. Кейіпкеріміздің айтуынша, оның сол кезде арақ-шараптан түбегейлі бас тартуына қыздары ықпал еткен.

– Балаларым маған психологиялық тұрғыдан үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қыздарымның мені өте жақсы көретінін түсіндім. Олар кезінде қандай қиыншылықтарды бастан өткерсе де маған еш уақытта ренжіп, қабақ шытып көрген емес. Керісінше «Мама, бұл әлемде саған тең келер адам жоқ. Әрдайым бағыт берер бағдаршамымыз болып, ортамызда жүре берші» деп отырады. Ендігі мақсатым – жиендерімді бағып-қағып, солардың қызығын көру, – деп сөзін түйіндеді Қарлығаш. Бұл әңгіме көпке дейін ойымнан кетпей қойды.

Бірде қала көшесінде келе жатып, қайыр тілеп отырған әйелдің арлы-берлі өткен адамдарға былапыт сөздер айтып отырғанын естіп қалдық. Сөйтсек, ол халықтың берген азын-аулақ тиын-тебеніне риза болмай отыр екен. Содан аялдамада автобус күтіп тұрған егде жастағы ер адам оған жақынырақ барып, бұл қылығының дұрыс еместігін түсіндіруге тырысты. Алайда ішімдікке тойып алған әлгі әйел бейтаныс адамның сөзін құлағына да қыстырмады.

Осындай келеңсіз оқиға облыстық наркологиялық диспансерге баруымызға себеп болды. Ондағы дәрігер-нарколог Гүлмира Талғатбекқызы әйелдер арасындағы маскүнемдік туралы біршама мәліметтерді алға тартты.

Ішімдікке салынған әйелдер неге азаймай тұр?

Емделген соң қайта ішетіндер де бар

Өкінішке қарай, Өскеменде алкоголь өнімдерін шектен тыс тұтыну салдарынан дәрігерлер көмегіне жүгініп отырғандардың ең төменгі жасы он үште екен. Ал қалада арақ-шараптың «құрығына ілінген 525» әйел адам бар. Облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы Гүлмира Талғатбекқызының айтуынша, әйелдерде маскүнемдік дерті ер адамдарға қарағанда тез өршиді.

– Ішімдікке салынған әйел мен еркектің бір-бірінен айырмашылығы жоқ. Тіпті, мұны ащы судың жетегінде кеткен адамдардың өздері де біледі. Менің жеке дәрігерлік тәжірибемде ер адамдар орта есеппен алғанда 22 жастан, ал қыз-келіншектер 25 жастан асқан кезден бастап ішімдікке бой үйрете бастайтынын байқап жүрмін. Тіпті, әйелдердің ащы судан мас болуы да ерекше. Мысалы, арақ-шарапқа сылқия тойып алған әйелдер дауласуға, төбелесуге дайын тұрады. Өздеріңіз білетіндей, әйел адам ішімдікке салынған үйде береке-бірлік болмайды. Сондықтан маман ретінде қыз-келіншектерге кез келген мәселені ақылдың көмегіне жүгіне отырып шешкен жөн дер едім, – дейді Гүлмира Талғатбекқызы.

Медициналық зерттеулер үнемі ішімдік ішетін әйелдердің есте сақтау қабілеті бұзылып, денсаулығында алкогольді гепатит және алкогольді цирроз сияқты асқынулар белең алатынын да дәлелдеп отыр. Жалпы, әйелдер маскүнемдігінің бұлайша қалыптасуы мен даму ерекшелігі ауру басталысымен мамандандырылған наркологиялық көмек алудың қажеттігін көрсетеді. Ал әлем ғалымдарының зерттеулеріне сүйенсек, арақ-шарапты салынып ішетін адамдардың өмірінде қуанышты жағдайлар орын алса, олар ішімдік ішуді бірден қойып кетеді екен. Алайда оған дейін арақ-шарапты іздеп тұратын организм біраз уақыт өткен соң, «Бүгінгі қуанышта ішпесең, қашан ішесің» деген сөзді желеу етіп, қайтадан салынып кетуі ғажап емес. Мұндай жағдайда ол адамға ешкім көмек көрсете алмайды. Себебі, ондай адамда абстиненттік синдром пайда болады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл синдромға ұшыраған адамның тамаққа тәбеті жойылып, ұйқысы бұзылып, ағзасы улы заттарға толып кетеді. Ал ондай науқасты міндетті түрде мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызып, ем қабылдату қажет. Гүлмира Талғатбекқызының айтуынша, олар ең алдымен ішімдікке салынған адамның жүйке жүйесін, жүрек, бауыр мен бүйрегін қалпына келтіреді. Науқас 10-15 күн емделіп шыққан соң, бейімдеу орталығына жіберіледі. Екі айға жуық психологпен психотерапевтің қарауында болады.

– Облыстық диспансерге өз еркімен емделуге келген адамдардың 60 пайызы ішімдікті қойып кетеді. Ал қалған 40 пайызы қайтадан маскүнемдікке салынады. Себебі, наркологиялық диспансерде есепте тұрған адамның жұмысқа орналасуы екіталай. Осылайша, екі қолға бір күрек табылмаған соң олар өз ортасына оралып, тағы іше бастайды. Содан кейін туған-туыстары сот шешімімен маскүнемге мәжбүрлі түрде ем жүргізіп беруге өтініш жазады, – дейді дәрігер.

Ішімдікке салынған әйелдер неге азаймай тұр?

Бала тәрбиелі болсын десек, өзімізді тәрбиелейік

Бүгінде облыс бойынша шектен тыс араққұмарлықтың салдарынан 20976 адам наркологиялық диспансердің есебінде тұр. Оның ішінде 3441 әйел бар. Өкініштісі сол, маскүнем анадан туған балаларда туа біткен жарымжандық пен ақыл-естің кемістігі жиі кездеседі. Гүлмира Талғатбекқызының маман ретінде тағы бір келтірген дәлелі, қыз-келіншектердің жүйке жүйесі ер адамдарға қарағанда әлсіз болатындықтан, оларды маскүнемдіктен емдеу ұзақ уақытқа созылады екен. Арақ адам ағзасына түскеннен кейін, бауырдағы фермент бөлуші жұмысын тоқтатып, этанол бөлініп ағзаны зақымдап, улану реакциясына ұшырайды. Соның салдарынан, адамның ұйқы безі бұзылады. Ал уақытымен демалмаған адам үнемі жаман түс көріп, бейне бір жамандық болатындай сезініп тұрады екен.

Қазіргі күні Өскеменде наркологиялық диспансер дәрігерлерінің профилактикалық бақылауында тұрған 52 оқушы бар. Психолог маман Меруерт Башикованың айтуынша, балалардың ішкілікке салынуына отбасындағы әлеуметтік жағдай мен ата-ананың арасындағы кикілжің де әсер етеді.

– Кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің арақ-шараптан бойын аулақ ұстауы үшін олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет. Жалпы, бала тәрбиесінде – отбасы ең үлкен тәрбие ошағы. Сондықтан, әрбір ата-ана алдымен өзін тәрбиелеуі тиіс. Өйткені, бала шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап, әке-шешесін көріп өсетіндіктен, сіздің әрекетіңізді ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір қайталайтыны анық, – дейді Меруерт Башикова.

Осы орайда, мақаланы жазу барысында облыстық наркологиялық диспансерде емделіп жатқан адамдармен тілдесуге мүмкіндік болмағанын айта кеткен орынды. Себебі, мұнда есепте тұратын адамдардың бәрі құпия түрде ем-дом алады екен…

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button