Қоғам

Шіліктінің малына шектеу қойылды

Шіліктінің  малына шектеу қойылды


Төрт түлігін өргізіп отырған малды өңірдің бірі – Зайсан ауданының Шілікті ауылдық округінде бруцеллез ауруының белең алып отыруы осы аймақтағы ел-жұрттың берекесін алып барады. Қорадағы малының қарасы күннен-күнге азайып бара жатқанын уайымдаған ауыл тұрғындары, әсіресе, Шілікті ауылының елі ала жаздай баққан ірі қараның аяқ астынан ауру малға айналып жатқанына қатты алаңдаулы. Ауыл тұрғындары ауру малдардың етін арзанға сатып алып жатқан саудагерлердің әрекетіне наразы болып, ауылдағы мал дәрігерлерінің жұмысына да көңілдері толмай отыр.
Қамбар Шілібаев, Зайсан аудандық ветеринария бөлімінің басшысы:

– Шілікті ауылдық округі бойынша қазіргі күні 426 бас ірі қарада бруцеллез ауруы тіркелініп отыр. Былтырдан бері округтің малында бруцеллез ауруының көбейе түскеніне байланысты Шілікті ауылдық округіндегі Шілікті, Кәкенталды, Жалши, Тасбастау, Қазақстан ауылының малдарына биылғы 16 қаңтардан бастап жеке-жеке шектеу қойылды. Бұл ауылдардың малын шектеу біткенше ешқайда шығаруға болмайды. Осы ауылдарда қазір эпизоотияға қарсы топ сауықтыру, залалсыздандыру шараларын жүргізіп жатыр. Халықты түсінеміз, малдарын арзанға өткізіп жатқаны рас, ауру мал, оның үстіне малдың арықтығы тағы бар. Бірақ біздің міндетіміз – ауылдарды ауру малдан түгелдей тазарту. Қайта-қайта қанын тексеріп, зерттеп, ауру малдың бірде-бірін қалдырмай, анықтап, табуымыз қажет. Шектеу сол үшін қойылып отыр. Әйтпесе, дендей береді. Бұл ауылдардың малында бруцеллездің белең алуы 2016 жылдан бастап тіркелініп келеді. Қазір аталған елді мекендердің малдарына сауықтыру шаралары жүргізіліп жатыр. Бруцеллез ауруын жұқтырған малдар ауылдағы мал сою алаңында сойылып, сол жерден базарларға, Өскемендегі «Ұлан» ет өңдеу комбинатына өткізіліп жатыр.

Бруцеллезбен ауырған ірі қара мал тірі кезінде ғана қауіпті, сойылып, еті 24 сағат көлемінде сорғытылған соң, етін пайдалануға, қайта өңдеуге жіберуге болады. Сол себепті мал індетіне шалдыққан ірі қара үшін тұрғындарға өтемақы берілмейді.

«Малым – жанымның садағасы» деген, қолдағы малымен жанын бағып, күнін көріп отырған Шілікті ауылдық округіндегі малда неге бруцеллез бұлайша дендеп барады?

Осы сауалды Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалы басшысының орынбасары Бейсен Күреншиновке қойдық.

– Кез келген жұқпалы мал ауруының тууына, таралуына ауру мал, ауру малдың сырттан, құжатсыз сатып алынуы, қолдағы малдың дер кезінде тексерілмеуі басты себеп болады. Аурудың таралып кетуіне мал дәрігерлерінің шалағайлығы да басты себеп болуы мүмкін. Себебі, жұмыстың, жалпы ауылдағы ветеринарлық жағдайдың 60-80 пайызы тікелей мал дәрігерлерінің жұмысына байланысты. Ауылдағы мал дәрігері өз міндетін дұрыс атқарса, мұндай ахуал қалыптаспас еді. Алдағы уақытта Шіліктідегі осы жағдай бойынша тексеру шараларын жүргіземіз. Сатылып алынған, сатылатын мал сол жергілікті жердегі мал дәрігерінің қадағалауында болуы қажет. Қан алу кезінде қорадағы малдың біреуі мал дәрігерінің назарынан тыс қалса,(тексерілмей немесе жасырылып), ол бүкіл малға ауру жұқтырады,-дейді маман.

Қазақстанда республикалық бюджет есебінен алдын алуға, екпе жасауға қаржы бөлініп отырған 25 түрлі қауіпті мал ауруларының қатарында бруцеллез ауруы жоқ. Бір кездері бұл аурудың вакцинасы тегін егілген болатын. Малда бруцеллез ауруының көбеюіне елімізде осы ауруға қарсы егілетін вакцинаның ақылы болып отыруы түрткі болды деген де пікірлер аз айтылып жүрген жоқ. Алайда, мамандар бруцеллезге қарсы вакцинаның жайдан-жай егіле бермейтінін, аурудың көбеюіне вакцинаның ақылы болуы себеп емес екенін алдыға тартты.

Ветеринариялық қызметтің сапалы жүргізілуіне, мал басының аман болуына мамандардың жетіспеушілігі кері әсерін тигізбей отырған жоқ. Зайсан аудандық ветеринария бөлімі басшысының айтуынша, бұл ауданда да жоғары білімді мал дәрігерлері аз. Ауылға келіп жұмыс істеп жатқан жас мамандарға көтерме төлемақы берілмейді, баспана бөлу жағы мүлде қарастырылмаған. ««Дипломмен-ауылға» бағдарламасы ветеринария саласында да қолға алынса, жаңағыдай азды-көпті қолдау, көмектің өзі мал дәрігерлерінің ауылға баруына бірден-бір игі ықпал етер еді», – дейді ол.

2016 жылы облыста 7200 бас ірі қара, 5900 бас ұсақ мал бруцеллез аурына шалдыққан. Аймақта бруцеллезбен ауырған ірі қара саны Зайсан, Тарбағатай аудандары мен Өскемен, Курчатов қалаларының аумағындағы малда көп тіркелініп отыр. Зайсан, Глубокое, Үржар, Тарбағатай аудандарында осы ауруды жұқтырған ұсақ мал басы да көбейген. Бұдан бірнеше жыл бұрын бруцеллезден бас көтере алмай қалған Көкпекті ауданында аталған індеттің тіркелуі әлдеқайда азайып, ахуал жақсарған. Жалпы, Шығыс бруцеллез ауруының таралуы жағынан республикада бесінші орында тұр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button