Шілікті жазығында да саркофаг салынады
Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат мәжілісі өтті. Жиын барысында Зайсан ауданындағы Шілікті жазығында археологиялық мұраларды қаз қалпында сақтайтын ауқымды шыны саркофаг салынатыны мәлім болды.
Әуелі облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Алмасхан Сматлаевтың халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп қолға алынған инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы жөніндегі есебі тыңдалды. Алпауыт қаржы институтттарының ішінде Еуропа даму және қайта құру банкінің инвестициялық әлеуеті жоғары. Бұл банк облыста жүзеге асуы жоспарланған 12 жобаға 128,9 млрд. теңге құюға құлықты. Әзірге алты жоба бойынша алдын ала келісімдер мен нақты несиелік келісімшарттар жасалған. Осы келісімшарттар негізінде Еуропа даму және қайта құру банкі Өскемен қаласын сумен қамтамасыз ету жүйесін қайта жаңғыртуға 4,4 млрд. теңгенің несиесін, Семей қаласының су жүйесін жаңғыртуға 2,6 млрд. теңгенің несиесін, жылу жүйесін жаңғыртуға 8,4 млрд. теңгенің несиесін беруі тиіс. Ал облыс орталығының жылу жүйесін жаңалау және қос шаһарды жарықтандыру жүйесін жаңғырту жобалары бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Бұл үш жобаның жалпы құны 12,8 млрд. теңгеге бағаланып отыр.
Қалған алты жобаның құжаттары әлі де дайындалуда. Облыс басшысы бұл жобалардың барлығы өңірдің тыныс-тіршілігін жаңа сапаға көтеруге қауқарлы екенін атай келе, Шығыс Қазақстан тарапынан барлық талаптар мен құжаттар уақтылы дайын болуы қажеттігін ескертті. Әсіресе, 19 ауданның орталығын жаңа сапамен жарықтандыру, Бұқтырма бөгенінің үстінен көпір салу, Семей қаласының жылу жүйесін жаңғыртудың екінші кезеңі сынды жобаларға баса мән берілмек.
Қазақ медицинасын қайта жаңғырту қажет
2018 жылға дейін жалғасатын археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағдарламасының тырнақалды кезеңінің нәтижелері жөнінде облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Раушан Нұрмұханова ақпар берді. Бұл кезеңді тырнақалды деп атауымыздың себебі, бағдарлама үш жылға жоспарлағанымен, әр жылдағы жұмыстардың өзі төрт кезеңге бөлінген. Алғашқы кезең археологиялық қазбаларға
арналса, одан кейінгі кезеңде қазба нәтижелері форум форматында тақыланып, үшінші кезеңде жұмыс зертханада жалғасуы тиіс. Соңғы кезеңде барлық нәтиже таразыланып, көпшіліктің назарына БАҚ арқылы жарияланады деп күтілуде. Газетіміздің бұған дейінгі сандарында хабарлағанымыздай, Берел, Шілікті, Қырықүңгір, Елеке сазы, Аблайкит қорымдарын зерттеуге отандық және әлемдік деңгейдегі жетекші археологтар тартылған болатын. Мамыр-тамыз айларында жүрген зерттеулер нәтижесінде облыстық тарихи-өлкетану музейіне жалпы жиыны үш мыңнан астам жәдігер тапсырылыпты. Бұдан бөлек өңірдегі археологиялық мұралар туралы мазмұнды да мағыналы деректі фильм түсірілген.
– Бағдарламаның алғашқы кезеңі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына дөп келіп отыр және оның нәтижелері ұлы тойға үлкен тарту болмақ, – деді Раушан Нұрмұханова.
Аймақ басшысы бағдарлама аясында салынған Берел саркофагының сәтті шыққанын атай келе, нысанға қосалқы құрылыстар бой көтеру керектігін атады. Ал Шілікті жазығында Берелдегіден де ауқымды саркофаг салынуы тиіс. Осы жұмыстардың барлығы сәтімен жалғасын табуы үшін облыстық экономика және бюджетті жоспарлау, қаржы басқармалары бағдарламаны қаржыландыруды әрі қарай жалғастырады.
– Биыл Өскеменнен бөлек Катонқарағай және Үржар аудандарында туристер қарасының молайғаны байқалды. Салыстырып қарасақ, Қытайдың Шағантоғай деген өлкесіне жылына үш млн. турист барады екен. Экологиялық тазалығы, табиғи тартымдылығы жөнінен Катонқарағай сол Шағантоғайды он орайды. Бір өкініштісі, ол жақта сақталған қазақ халқының емшілік дәстүрі бізде мүлде дәріптелмейді. Катонақарағай ауданы қазақ медицинасының орталығына айналуы тиіс.Онда келген әрбір турист медицина атасы – Ибн Синаның қазақ топырағында туғанына көзі жетуі керек. Әзірге Алтайдың дертке дауа деген байлығы тонналап сыртқа шығып жатыр. Осы орталықты құру арқылы біз бұл тенденцияға тұсау салатын боламыз. Осындай істерге басымдық беру арқылы біз туристік кластер қалыптастыра аламыз, – деді облыс басшысы.
Сібе көлдеріне халық көлікпен тегін кіретін болады
Жиында сондай-ақ, «Жаңару» бағдарламасының арқасында жөндеу көрген білім ошақтарының жай-күйі талқыланды. Облыстық білім басқармасының басшысы Айжан Садықова ағымдағы жылы 244 білім беру нысанында түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 3,5 млрд. теңге бөлінгенін айтады. Жобалардың жартысына жуығы жылу жүйелерін жаңалауға бағытталыпты. Басқарма басшысы 2017 жылы тағы 170 білім нысанын жөндеу жоспарланғанын атады. Сол
үшін бюджеттен 5,1 млрд. теңге қарастырылған. А.Садықова аудан және қала әкімдерін мектептерді жөндеу бойынша ұсыныс көтеру кезінде жобаны кешенді етіп ұсынуға шақырды. Өйткені, нысандардың әр жылға бөлшектеп жөндеу уақыт жағынан да, қаржылай жағынан да тиімсіз екенін көрсетсе керек. Бұл ұсынысты облыс басшысы да мақұлдады.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Жаңару» бағдарламасы қолға алынды. Біз алғашқы жылдарда білім және медицина нысандарына, мәдениет және спорт ғимараттарына басымдық беретін боламыз. Ал 2018 жылы салаға бөлінген қаржының барлығын ішкі жолдарды жөндеуге бағыттаймыз. Сондықтан осы уақытқа дейін барлық аудан, қалалар білім нысандарына қатысты ұсыныстарын ақылға қонымды етіп өткізулері керек. Жөндеу жобалары кешенді болуы шарт, – деді облыс әкімі.
Өңірдегі шағын және орта бизнес нысандарын қолдау мақсатында «Даму» қоры мен облыс әкімдігі арнайы меморандум қабылдаған болатын. Меморандум шарты бойынша екі тарап саланы дамыту үшін бір млрд. теңгеден қаржы бөлуі тиіс. Бұл қаржы екінші дейгейлі банктер арқылы шағын және орта бизнес нысандарына 8,5 пайызбен жеті жылға несие ретінде таратылуы керек. Аталған шарттардың қалай орындалып жатқаны жөнінде «Даму» қорының аймақтық филиал директоры Тимур Екеев баяндады. Оның айтуынша, несие алуға ниеттілер көп болғанымен, талай кәсіпкердің кепілге қояр құнды мүлігі болмай жататын көрінеді. Осы мәселені шешу үшін «Даму» қоры өз атынан кепілдік беру тетігін жолға қойыпты. Аймақ басшысы жергілікі шағын және орта бизнес нысандарын қолдау үшін бір млрд. теңгеден де көп қаржы құюға дайын екенін атады. Алайда, бұл қаржы төрт бағытта қолға алынған жобаларды қамтуы қажет. Олар: ауылшаруашылық өнімдерін кооперативтік өндіру, тауарлы-сүт фермаларын құру, ағаш өңдеу және туризм.
-Біз бұл мәселеде негізгі төрт бағытты анықтап алдық. Бұдан басқа бағыттарға несие берілмейді деген сөз емес. Алайда, басымдық осы бағыттарға беріледі. Барлық әкімдер өз ұсыныстарын дайындасын. Жеті жылға 8,5 пайызбен несие беру – бүгінгі таңда ең тиімді қолдау дер едім, – деді аймақ басшысы.
Аталған бағыттар бойынша ұтымды жобаларды қолға алған «Восход-молоко» зауыты мен кәсіпкер Рустам Агаджанянды мысалға алған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ туризмді дамытудың орнына тұншықтырып отырған пайдакүнем меншік иелерін сынға алды. Алакөлдің жағасынан орын тепкен 136 демалыс базасының 110-ында қонаққа қолайлы жағдай жасалмағаны анықталған. Аталған орындардың иелеріне жағдайды түзеу жөнінде ескерту айтылып, арнайы меморандумдар да қабылданып жатыр. Айтылған ескертулерді ескерусіз қалдырған меншік иелеріне жаңа маусымда базаны қызмет көрсетуге пайдалануға рұқсат берілмейтін болады.
-Өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптардың ешбіріне жауап бере алмайтын нысандардың жылдар бойы еш тыйымсыз жұмыс істеп келгеніне таңым бар. Құзырлы орган өкілдері қайда қарағаны белгісіз. Сібе көлдерінің жағасындағы орындар жайында да осыны айтуға болады. Кез келген су көзінен 500 метрден жақын жерге құрылыс салуға болмайтыны бәрімізге белгілі. Сібедегі меншік иелері сол қарапайым ережеге пысқырып та қарамаған. Есесіне көлге келген әр көліктен 1500 теңге ақша алып отыр. Табиғаттың көлін ешкім олардың меншігіне берген жоқ. Сондықтан заңсыз шлагбаумның барлығы алынуы керек. Қарапайым халық өз жерінде еркін демалып, ақысыз аралауға құқылы. Осы мәселе бойынша орынбасарым Жақсылық Омар бастаған комиссия жұмыс істеп жатыр. Сондықтан түйткілдің түйіні тарқатусыз қалмайтынына сендіргім келеді, – деді облыс басшысы.
Жиынды қорытындылаған Даниал АХМЕТОВ жол жөндеу маусымы ойдағыдай аяқталғанын атап, келер жылы Өскемен-Семей, Өскемен-Шемонайха, Өскемен-Қалбатау, Достық-Алакөл бағытындағы жолдарға басымдық берілетінін жеткізді.
Есімжан Нақтыбайұлы