Шәкірттері шетінен домбырашы

Қандай керемет. Жаны шалқып, көңілі тасыды. Көктемнің жылы шуағымен бірге шәкірттерінің домбырасынан күмбірлей төгілген құдіретті күй үні жүрегін тербеп, тебірентіп, көңілін көкке көтерді. Аққудың балапандарындай қаз-қатар отырған балғындарға мақтанышпен мейірлене қараған ол қолына қайтадан қара домбырасын алды.
Өскемендегі «Асыл Мұра» балалар өнер мектебінің домбыра сыныбынан жыл сайын жүздеген ұл-қыз түлеп ұшып жатыр. Осы өнер шаңырағындағы домбыра сыныбына жетекшілік ететін Әлия Ақылбаева атадан мирас болған домбыраны балаларға үйретіп қана қоймай, олардың ұлттық аспапта шебер ойнап, талаптарын ұштауға бар күш-жігерін жұмсап келеді. Құрманғазының, Сүгірдің, Тәттімбеттің, Түркештің, Динаның, Нұрғисаның дүркірей құйылған рухты күйлерін тартып жүрген Әлияның домбырашы ұл-қыздары талай рет облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, қатарынан озып шықты. Құйқылжыта күй төгілтуге машықтанған талантты шәкірттері еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан айтулы жарыстарда жеңістен-жеңіске жетуде.
Бұдан екі-үш жыл бұрынғы конкурстарды айтпағанда, 2018 жылы оның шәкірттерінен құрылған «Назқоңыр» ансамблі Астана қаласында өткен «Шашу» халықаралық конкурсында үшінші орынды, Алматыда өткен «Музыкальный LIFT» Almaty» халықаралық конкурсында бірінші орынды, «Қазақстан таланты» халықаралық конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Домбыраның құлағында ойнаған шәкірттерінің бірі Мансұр Әбдікәрімов «Таңғы шұғыла» сайысынан бірінші орын алды. Өскемендік «Асыл Мұра» өнер мектебі домбырашыларының аймақтық, облыстық конкурстардан алып жүрген жүлделері өз алдына бір төбе.
Бала кезінен қос ішекті домбыраға әуес болған Әлия Алматыдағы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада цирк колледжінің домбыра сыныбын бітіріп келгеннен кейін туған жері Аягөздегі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мәдениет үйінде еңбек етеді. Облыс орталығына қоныс аударғаннан бері «Асыл Мұра» балалар өнер мектебіндегі домбыра сыныбын өз жетекшілігіне алған.
Шәкірт оздырып, ән айтып, күй тартып, бойына қонған өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген Әлия бүгінде түздің де, үйдің де жұмысына үлгеріп, отағасы Тілеукен екеуі бес бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Мектепті «Алтын белгіге» тәмамдаған тұла бойы тұңғыштары Марлен Еуразия университетінің студенті, сүт кенжесі Айзада биыл бірінші сыныпқа барды.
– Алдыма келген, домбыра шертіп отырған ұл-қыздардың бойынан ұлттық аспапта ойнауға, оны үйренуге деген ынта, ықыласының зор екендігін байқаймын. «Болам деген баланың белін бу» демей ме, талаптанған баланың еңбегі еш кетіп жатқан жоқ, домбыраны құр үйреніп қана қоймай, шебер ойнап жүр. Олардың бәрі бірдей музыкант болып кетпеген күннің өзінде ұлттық құндылықтарымызды, қастерлі домбырамызды қадірлеп өсер ұлағатты ұрпақ боларына сенемін, – дейді Әлия.
«Өнер – адамдар жүрегіне асыл қасиеттер егеді» деген ойшылдарымыз. Домбыраны, өлең, жырды, суретті, өзге де шығармашылық туындыларды ұғына алған адам жамандыққа жуымай, адалдыққа, жақсылыққа үйір жүреді. Балғындарға қазақтың қара домбырасын үйретіп жатқан Әлия оларды өнерге ғана емес, ізгілікке да баулып жатыр ендеше.
Жанаргүл Мұқатай