Шәкәрімнің 160 жылдығын лайықты атап өтеміз

Былтыр МұхтарӘуезовтің 120 жылдығын атап өтсек, осы жыл Шәкәрімнің 160, Абай ауданының 90 жылдығымен айшықталмақ. Тамызда өтетін тойға дайындық жүріп жатыр. Осыған орай аудан әкімі Жарқынбек Байсабыровпен сұхбаттасқан едік.
Экономикада серпіліс бар
– Жарқынбек Борашұлы, Абай елінің бүгінгі ахуалы қалай? Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде сөз қозғасаңыз.
– Аудан әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша біршама жақсы деңгейде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруден, мал басының артуынан тұрақты алға жылжып келеміз. Осы жылдың бес айының қорытындысы бойынша аудан-қалалардың әлеуметтік-экономикалық рейтингісінде екіншіорындамыз.
Тау-кен өнеркәсібі саласында «БАСТ» акционерлік қоғамының толық қуатта іске қосылуы өндірістің өсуіне әсер етуде. Бұл кәсіпорында 160 адам жұмыспен қамтылған. Мұнда жылына 400 мың тонна мыс өндіретін кен байыту цехы бар.Өткен жылы аудан әкімдігі және «БАСТ» АҚ арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Шартта кәсіптік-техникалық «Абай колледжі» кәсіпорынға мамандар даярлау, ал кәсіпорын оларды жұмысқа қабылдап, аудандық бюджетке салық төлеу жөнінде міндет алған.«БАСТ» осы жылдың бес айында 10 миллион теңге салық аударды.
– Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласына қатысты әңгіме қозғасаңыз.
– Осы жылдың бес айында ет, сүт, жұмыртқа өндіру артығымен орындалды. Қой-ешкі малы 238247 бас, былтырмен салыстырғанда 71,9%, ірі қара 73494 бас (100,5%), жылқы 48782 бас (101,4%), түйе 201 бас (112,9%).
Асыл тұқымды шаруашылық саны – 20. Аудан шаруа қожалықтары асыл тұқымды 119 бас сиыр, 115 бас бұқа сатып әкелді. Тұқымдық түрлендіруге қатысатын шаруашылықтар 200-ге жетіп отыр. Жеті шаруа қожалығы 57 тонна қымыз өндіріп, субсидиялауға құжаттарын өткізді.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 11 шаруа қожалығына 65 шақырым электр желісі тартылды. Сегіз шаруа қожалығына 25 шақырым электр желісін тарту жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар ауданның шалғайдағы 120шаруа қожалығына күн панельдері орнатылды.Құрылғыны орнатуға кеткен шығындардың 80 пайызы субсидиялау арқылы қайтарылды.
Кооперативтерді дамыту ісі қолға алынуда. Ауданда сегіз кооперативке 454 адам тіркеліп, кәсіптерін жандандыруда. Мәселен, «НұрНаз Береке» кооперативінде 485 бас ірі қара бордақыға қойылып, нарыққа шығарылды.
«Дерикар» ЖШС Алматы облысындағы «Ақсұңқар-2030» ЖШС-мен қой жүнін жуу бойынша шартқа отырды. Жуылған жүн «Ақсұңқар-2030» ЖШС тарапынан Қытайға жөнелтіледі.Осыған орай, Аягөз, Жарма, Үржар, Тарбағатай, Күршім аудандарымен келіссөздер жүргізілді. Аталған аудандарда дайындау пункттері ашылып, жұмыс істеуде. Қырқу науқаны маусымнан басталғандықтан, бүгінде жүн қабылданып жатыр. Қой жүнін жуу жұмыстарын 30 адам атқаруда. Өндіріс қуаты – тәулігіне 3 тонна, қабылдау көлемі – шектеусіз. Қабылдау бағасы 70-100 теңге мөлшерінде.

– «Жұмыспен қамту»,«Дипломмен – ауылға» бағдарламалары бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Ауданда нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші бағыты бойынша техникалық-кәсіби біліммен қыркүйек айына дейін 15 адамды қамту жоспарлануда. Қысқа мерзімдік кәсіптік оқыту үшін 20 адамға 6297 мың теңге бөлініп, 10 адам «Құрылыс колледжіне» тракторист-машинист мамандығына оқуға жіберілді.
Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамытуға биыл 93400 мың теңге бөлінді. Мал шаруашылығын дамытуға 31 адам өтініш білдірді. Жастар іс-тәжірибесі үшін 18215 мың теңге 49 адамға, әлеуметтік жұмыс орындарына 40 адамға 10528 мың теңге бөлінді. Елу бір адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа жіберілді, 266 жұмыссыз тұрақты және уақытша жұмыстарға жолдама алды.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша былтыр 22 жас маман келді. Бәрі көтерме жәрдемақы алып, 10 маманға бюджеттік несие арқылы үй берілді. Жалпы, бағдарлама басталғалы ауданға 160 маман келіп, оның 70-і арзан несиемен үй сатып алды. Биыл 25 маман келеді деп күтілуде.
«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауданымызға командалық спорт түрлерінің жаттықтырушылары жұмысқа орналасып, көтермеақы, тұрғын үй алған болатын. Нәтижесінде, абайлық спортшылар биылғы облыстық ойындарда тұңғыш рет 3-орынды жеңіп алды.
Мерейтойлық іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасады
– Биыл ауданның 90 жылдығы, Шәкәрімнің 160 жылдығы тойланбақ. Келетін қонақтар да көп болмақ. Осы орайда жол жөндеу мәселесіне тоқталып өтсеңіз.
– Облыс әкімінің қолдауымен биыл «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы Семей – Қарауыл жолының 61,6 шықырымына 1 287 792 мың теңге және қосымша 67,3 шақырым жолға 1 205 677 мың теңге бөлініп, орташа жөндеу жүргізілуде.Бұл – алда келе жатқан Абайдың 175 жылдығына дайындық.
– «Тойдың болғанынан боладысы қызық» дегендей, шара аясындағы ұйымдастыру жұмыстарына тоқталсаңыз.
Абай елі –қазақы қаймағы бұзылмаған іргелі жұрт, қабырғалы халық. Шәкәрімнің 160 жылдығы мен ауданның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге ауданды ұзақ жыл басқарған ел ағалары, ақсақалдар мен ақжаулықты аналар, атқамінер азаматтар аудан орталығындағы Абай ескерткішінің жаңадан жасалуын қолдап, үлестерін қосуда.
Халықтың ұлы ақынға деген құрметін, хакімді ұлықтауға деген жігерін көрген кезде біз де бар күш-қайратымызды салып, аталған бұл мерекелерді абыроймен өткеруге бел будық. Сондықтан барлық мекеме басшылары, ауыл әкімдері, атқарушы орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, өнер адамдары, спортшылар, жастар, барлығы жүрек қалауымен ұлылар мекені үшін сүбелі қызмет атқаруда.
Шәкәрім бабамыздың 160 жылдығы мен ауданның 90 жылдығын мерекелеу шаралары жыл басынан бері ұйымдастырылуда. Дәстүрлі ауыл-мекеме көркемөнерпаздарының байқауы биыл осы атаулы даталарға орай ұйымдастырылып, аудан халқы болып ақын мұрасы, аудан тарихы насихатталды.
Бүгінгі күні тойдың арнайы комиссиясы құрылып, бірнеше рет жиын өткізіліп, нұсқау-тапсырмалар берілді. Ауданның жаңа логотипі белгіленіп, тойдың төсбелгісі бекітілді. Бүгінгі күнге дейін Абай елінің әнұраны болмаған, осыған орай жергілікті ақын-композиторларға байқау жарияланды. Тойдыңарнайыіс-шарасыжасалып, өтетінуақыты, орныанықталды.
Тамыз айының басында Семей қаласындағы Шәкәрім мемлекеттік университетімен бірлескен аудан тарихына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күніне орай «Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық» атты облыстық ақындар мүшәйрасы байрағын көтеретін болады.Тамыздың 10-ы күніне межеленген бағдарлама туралы айтар болсақ, мерейтой Қарауыл ауылының орталығында орналасқан Абай ескерткішінің және Абай алаңының ашылуынан бастау алмақ.

Сондай-ақ дәл осы күні облыс әкімінің тікелей қолдауымен салынған жүзу бассейнін пайдалануға беру жоспарлануда.Онымен қоса Қарауыл төбеде ұлттық ат спорты түрлерінен дүбірлі бәсекелер өз байрағын көтеріп, бабалар рухына ас беріліп, қазақ күресінен тойдың түйе балуаны анықталады. Мерекелік іс-шараны «Қаламқас» халықән-би ансамблінің гала-концерті қорытындылайды.
16-17 тамыз күндері түрлі этнос өкілдері арасында облыстық Шәкәрім оқулары өтсе, күз айларында жылдағы дәстүр бойынша республикалық деңгейде өтетін Абай оқулары өз үздіктерін анықтайды. Айшықты іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасын таба береді.
Анар Сәрсенбина
Абай ауданы.