Білім

Шәкәрім үш тілде оқытады

Шәкәрім үш тілде оқытады


Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Семейдегі үш тілде оқытатын көпбейінді Шәкәрім атындағы №5 мектеп-гимназияда болды.

Мектеп-гимназияның жұмысына жоғары баға берген министр осындағы «Рухани жаңғыру» кабинетінде кездесу өткізді. Гимназия директоры Алма Әубәкірованың айтуынша, бұл алғашқы Алаш мектебі – бүгінде Шәкәрім атындағы мектеп-гимназияның 100 жылдық тарихы бар.

Қазақ баласының білімді, саналы азамат болып өсуі осыдан 100 жылдай бұрын Алаш азаматтарының арманы болды. Бүгінде қаладағы үш тілде білім беретін көпбейінді Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының тарихы сонау Алаш мектебінен басталады.

-Тарихта аты «Алаш» мектебі атымен қалған, бүгінде Шәкәрім атындағы мектеп 2007 жылдан бастап, Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауы негізінде «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезең-кезеңімен іске асыруда, – деді гимназия директоры Алма Әубәкірова. – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларына орай біз де барымызды салып, жұмыс істеп жатырмыз. Аға ұрпақтың өнегелі істерін, тәлімін жастарымыздың тәрбиесіне жаратпақпыз. Семейде біздің мектепті ашуға алғаш бастама көтерген – Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов. Алғашқы директоры Хайрулла Ибрагимов Уфада «Ғалия» медресесінде оқыған білім алған, мұғалімдік қызметін 1901 жылы медреседе сабақ беруден бастап, Совет үкіметі орнаған соң, 1919-1920 жылдардан қазақ балаларына арналған бастауыш мектепте сабақ берген. Осы Хайрулла Ибрагимовтың Ахмет Байтұрсыновпен бірге түскен суреті туралы Қайым Мұхамедханов мақала жазған болатын.

Мектептің «Рухани жаңғыру» кабинетінде ұстаздармен жүздескен Күләш Шәмшидинова былай деді:

-Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан химия, физика, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын ұстаздарды даярлауға басты назар аударып отыр. Ұстаздарымыздың біліктілігіне сай, міне, осындай Шәкәрім атындағы гимназиядағыдай басқа мектептер де үш тілде оқытуға дайын болулары керек. Дегенмен, оқыту барысында қай тілді басымдықпен таңдап аламыз дейді, оны оқушылар, ата-аналар мен мектеп ұжымы өзі шешеді. Біз мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, төмен жалақы алатын мұғалім, кітапханашылардың еңбекақысына заң аясында тиісті қосымша төленуіне мүмкіндік жасаймыз.

Министр Күләш Шәмшидинова сондай-ақ, №49 мектепте және бірқатар білім мекемелерінде болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button