Қоғам

ШҚО дәрігерлері зерттеудің бейнекапсулалық әдісін меңгерді

Облыстық Ана мен бала орталығында балалардың асқазан-ішек жолдарын зерттеудің бейнекапсулалық әдісі енгізілді. Емдеу орталығында екі балаға осындай алғашқы бейнекапсулалық эндоскопия жүргізілді. 

Ана мен бала орталығының мамандары өңірдегі балалардың көбісінде асқазан-ішек жолдары қызметі бұзылғанын, оларға дифференциалды диагностика жасау үшін осы әдісті қолдану қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

– Облысқа осы технологияны енгізу және одан әрі дамыту үшін сарапшы, Астана қаласының бас штаттан тыс балалар хирургі Р.Байгиреев арнайы келді. Астаналық хирургтің біздің мамандарға жұмыс орнында практикалық көмек көрсетуге тәжірибесі жеткілікті. Қазір екі шығысқазақстандық балаға капсулалық эндоскопия жасалды. Бұл әдіс арқылы біз асқазан- ішек жолдарының, атап айтқанда, аш ішектің қуысын бейне эндоскопиялық құралмен тексере алдық, – деді Ана мен бала орталығының өкілдері.

Мамандардың айтуынша, педиатрияда бұл әдіс аш ішектің ауруын анықтау үшін өте тиімді әрі бірегей саналады, өйткені ол ауыртпай, анестезиясыз, ең бастысы – хирургиялық араласусыз, аш ішектің 3D суреттерін қамтамасыз етеді. Оның басты артықшылығы – аш ішек ауруларын ерте бастан диагностикалауға мүмкіндік беруі.

– Біздің тәжірибеге осындай технологияны енгізу арқылы аймақтағы медицинаның деңгейін айтарлықтай көтеріп, балалардың өмірін сақтауға қол жеткіземіз деп есептейміз, — деді Ана мен бала орталығының дәрігерлері.

Осы айдарда

Back to top button