ШҚО-дағы жылу орталықтары қыс мезгіліне дайын ба?
ШҚО-дағы жылу электр орталықтарында қысқы кезеңге дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы жылыту маусымына облыстағы жылу көздерінің 94 пайызға жуығы дайын.
Бұл туралы бүгін облыстық мәслихат сессиясы барысында ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Рамазанов мәлімдеді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
– Облыстағы жылу электр орталықтарының дайындығы 93,9 пайызды құрайды. “Өскемен ЖЭО” ЖШС – 94,4 пайыз, ал “Согра ЖЭО” ЖШС 100 пайыз дайын. Риддердегі орталықтың дайындығы -89,1 пайыз. Онда қазір Үкімет пен облыс резервінің қаражаты есебінен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, – деді Нұрлан Рамазанов.
Оның айтуынша, қазір Риддер ЖЭО-да екі орта қысымды қазандық агрегаты жұмыс істеп тұр. Қаланың әлеуметтік нысандарына жылу беріліп, халық ыстық сумен қамтамасыз етілген. Үш жоғары қысымды қазандық қондырғыларында жөндеу жұмыстары 15 қарашаға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Нұрлан Рамазанов қазір ЖЭО-ның коммуналдық меншікке беру процесі жүріп жатқанын айып өтті.