ШҚО-да жылу желілерінің жартысынан көбі тозған
“Тарифті инвестицияға айырбастау” бағдарламасы бойынша тарифтік саясатты реформалау шеңберінде инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары басталды.
Бүгінгі таңда тарифтерді өзгерту және қолданыстағы инвестициялық бағдарламаларды ұлғайту үшін бірқатар құқықтық негіздер қалыптастырылған, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарын ұлғайту үшін инвестициялар тарту, өңірдегі орта салалық деңгей бойынша қызметкерлердің жалақысының өзгеруі, иесіз желілер мен жабдықтар шығындарының өтемақысы.
– Қызыл және сары аймақтағы желілердің тозу деңгейіне тоқталатын болсақ, “Өскемен ЖЭО” ЖШС-де 67%, “Согра ЖЭО” ЖШС-де – 63%, “Өскемен жылу желілері” АҚ-да – 65% және “Өскемен Водоканал” МКК-да сумен жабдықтау 62% және су бұру желілері 81% тозған, – дейді ШҚО табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының орынбасары Жұмагүл Мүсіпова.
Департамент ШҚО құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп коммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларын өзгертуге ұсынылған өтінімдерді қарады. Ал 29 мамыр мен 5 маусым аралығында облыс бойынша тарифтік саясат жөніндегі кеңес жанындағы табиғи монополиялар салаларында тариф белгілеу мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырыстары өтті.
– Ұсынылған іс-шараларды қарау кезінде, бірінші кезекте, объектілердің жай-күйі, сондай-ақ ЖСҚ, сараптама қорытындысының болуы сияқты жөндеу жұмыстарын жүзеге асыруға дайындық кезеңі бағаланады. Тиісінше, негізгі құралдардың тозуына әсер етпейтін іс-шаралар алынып тасталады, – деді департамент басшысы.
Қазір бірлескен бұйрықтар өңірдің құрылыс, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен келісілуде.
Инвестициялық бағдарламалардың қосымша іс-шараларының сомасы:
– “Өскемен ЖЭО” ЖШС – 1 млрд теңге (тариф есебінен);
– “Согра ЖЭО” ЖШС – 482 млн теңге (тариф есебінен);
– “Өскемен жылу желілері” АҚ – 1 млрд теңге (тариф есебінен);
– “Өскемен Су Арнасы” МКК – 2023 жылға арналған бірінші кезең – 64 млн теңге (тариф есебінен) және 2024 жылға арналған екінші кезең – 1,73 млрд теңге.
Департамент басшысының айтуынша, бұл қаражат табиғи монополиялар субъектілерінің желілері мен жабдықтарын реконструкциялауға және жаңғыртуға бағытталатын болады және кәсіпорындардағы тозуды орта есеппен 2%-ға төмендетеді.