ШҚО-да жетуі қиын жерлерде өртпен күрес жүріп жатыр
ШҚО-ның жетуі қиын таулы аймақтарында өрт шықты.
Өрт Катонқарағай ауданы мен Риддер қаласының аумағында тіркелген, деп хабарлайды Didar ақпарат.
17 маусымда Катонқарағай ауданында, “Катонқарағай ұлттық табиғи паркі” РММ Ақсу филиалының аумағында (Усть-Язовское орманшылығы) өрт шықты. Шөп, бұта жанып жатыр. Алдын ала ақпарат бойынша, өрттің ауданы шамамен 15 гектардай.
Өртті сөндіруге “Қазавиаорманды қорғау” қызметкерлері, орманшылар, жергілікті атқарушы органдар, ШҚО ТЖД өрт сөндірушілері жұмылдырылды. Жеке құрамның 111 адамы, 3 техника және ШҚО әкімі аппараты әуе бөлімшесінің 2 тікұшағы жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндірушілер жасағы тікұшақпен жеткізілді, өйткені жер жадайына байланысты автотехникамен жүру мүлдем мүмкін емес еді. Төтенше жағдай қызметінің ақпаратына сүйенсек, елді мекендерге қауіп жоқ.
Осы күні “Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы” РММ аумағында, Риддер қаласынан 80 шақырым жерде де өрт шығып отыр. Жану ауданы – шамамен 6 гектардай. Өртті сөндіруге орман шаруашылығының 9 мен 58 адам, ШҚО ТЖД өкілдері, шекарашылар жұмылдырылды.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев, оның орынбасарлары, ШҚО ТЖД басшылығы өрт ошағын әуеден барлап, жағдайды бақылауға алған. Өртпен күрес жүріп жатыр. Елді мекендерге қауіп жоқ. Жел екпіні -1 м/сек.
– Өрт сөндіруге қатысушылардың үйлескен іс-әрекеттерінің арқасында Батыс – Алтай мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы өрт 6 сағат 45 минутта тежелді. Алдын ала аумағы – 6 гектар, – делінген ШҚО ТЖД хабарламасында.