ҚоғамТОП

ШҚО-да орманды өрттен қорғау жұмыстары нәтижесін беріп жатыр

ШҚО-да былтыр жалпы ауданы 478 гектар аумақта 51 орман өрті болған. Тілсіз жаудың салдарынан 15,7 миллион теңге шығын келген. 

Бұл туралы облыс әкімдігінің мәжілісінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайынов айтты, деп хабарлайды Didar aқпарат тілшісі.
Айта кету керек, қазір облыстың орман қоры аумағы – 2,9 млн гектар.

– 2022 жылмен салыстырғанда былтыр орман өрті 13,8 гектарға немесе 97 пайызға азайды. Өңірде 2022 жылы 4 ірі орман өрті тіркелсе, былтыр ірі өрт оқиғалары болған жоқ. 2022 жылы болған ірі орман өрттерін сөндіру тәжірибесін ескере отырып, қажетті өртке қарсы құрал-жабдықтармен техникамен жабдықталды, басқармаға ведомстволық бағынысты «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел қимыл отряды» КММ базасында 20 адамнан тұратын оқытылған қосымша өртке қарсы қызмет құрылды, – дейді Мұрат Құсайынов.

Басқарма басшысының айтуынша, былтыр орманды заңсыз кесудің 43 фактісі тіркелген. Оның ішінде, 16 жағдай сотта қаралып, 3,8 миллион теңге өндірілді.

– Қалған материалдар істің мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдарына тапсырылған. Осы орайда ең ірі орманды заңсыз кесу фактілері Өскемен, Риддер және Пихта орман шаруашылықтарында тіркелгенін айта кету керек. Осы фактілер бойынша қызметтік тергеу жүргізілді, мемлекеттік орман күзетінің 24 лауазымды адамы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – деп атап өтті Мұрат Манарбекұлы.

Басқарма басшысының сөзінше, 2023 жылдың шілде айынан бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өскен. Десе де бұл салада маман жетіспеушілігі әлі де бар.
Өңір басшысы өзінің орынбасарларына облыстық табиғи ресурстар және табиғи пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып орманды заңсыз кесу фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізуді және осыған орай ұсыныстар енгізуді тапсырды.

– Орманды заңсыз кесудің алдын алу және бақылауды күшейту, жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру, орманды қорғау қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіру бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, халықты ақпараттандыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізу керек, – деді аймақ басшысы Ермек Көшербаев.

Осы айдарда

Back to top button