Қоғам

ШҚО-да мерекелік іс-шаралар легі басталды

Облысымыздың аудан-қалаларында Республика күніне арналаған түрлі іс-шаралар легі басталып кетті.

Жоспарланған шаралар сан алуан әрі тұрғындардың барлы санатын қамтиды, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Айталық, Өскемендегі А. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Республика күніне орай экспозиция ашылды. Онда 1990 жылы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаннан кейінгі түрлі саладағы өзгерісті баяндайтын кітаптар қойылған. Оның ішінде Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті» деректі кітабы бар. «Қазақстан ғарышкерлері» анықтамалығында егемендігін алған алғашқы жылдардағы ғарышкерлер ерлігі баяндалған. Ал «Қазақстан халқы» жинағында елде тұратын ұлттардың достығы көрсетіледі. Бақыт Қайырбековтің «Көшпенділер әлемі», Зира Наурызбаеваның «Қазақтардың мәңгілік аспаны» кітаптары қазақ мифологиясының, дәстүр-салтының тереңіне бойлатады.

Ал, Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада 16-24 қазан аралығында түрлі көрмелер, викториналар мен басқа да іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

Кеше аталмыш кітапханада еліміздің даму жолы баяндалған кітап көрмесі ашылды. Мұнда қазақ хандығынан бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи оқиғалармен танысуға болады.

– Көрме бірнеше бөлімнен тұрады. Бірі мемлекетіміздің толықтай тарихы, екіншісі еліміздің дамуына үлес қосқан қайраткерлер туралы болса, үшіншісі спорт пен ғарыш саласындағы жетістіктерге арналған. Сондай-ақ өнер мен мәдениет тақырыбында да арнайы бөлім бар, – дейді кітапхана қызметкері Руслан Бабиров.

Кітап көрмесінен басқа, қонақтармен интерактивті сайыстар да ойнатылады. Онда оқырмандар еліміздің киелі жерлері бойынша карталар жасауы қажет.

 

Осы айдарда

Back to top button