ШҚО-да ескі және апатты үйлердің мәселесі шешілмек
Шығыста ескі және апатты тұрғын үй мәселесі қолға алынады. Аймақ басшысы осындай тапсырма берді.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің активінде маңызды әрі өзекті мәселелер талқыға түсті. Жиында жылыту маусымына дайындық, ауызсумен қамту, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, білім беру және интернетпен қамту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Өңір басшысы құрылысты кешенді түрде жүргізу керек екеніне көңіл аударды, салынып біткен нысанның автотұрағы да, кіреберіс жолдары да, абаттандырылған алаңы да болуға тиіс.
– Сондай-ақ біз ескі және апатты тұрғын үй мәселесін шешуге тиіспіз. Қазір маған өңірде қанша үй бар, олардың нақты жағдайы қандай, оларда қанша адам тұратыны туралы толық ақпарат керек, – деді облыс әкімі.
Бұдан басқа, Ермек Көшербаев мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы халықпен пәтерлерді броньдау шарттарын жасасатын компаниялармен айналысуға тиіс екеніне тағы да назар аударды, бұл заңсыз және мұндай құрылыс ұйымдарына шара қолданып, ал халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.