АгросекторТОП
ШҚО-да егін жинау науқаны кешеуілдеп жатыр
Күзгі қолайсыз ауарайына байлынысты биылғы егін жинау науқаны кешеуілдеп жатыр. Сондай-ақ дәнді дақылдардың өнімділігі де нашар екен.
Өткен жылы облыста бұршақты дақылдардың өнімділігі 18,6 ц/га құраған болса, биыл 13,46 ц/га құрады. Дәл қазіргі уақытта дәнді дақылдардың 80,95% пайызы жиналған. Бұл туралы ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов баспасөз конференциясы барысында баяндап берді, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Шығыс Қазақстан облысындағы биылғы егін жинау алаңы 639,8 мың гектарды құрайды. Соның 290,3 мың гектарында дәнді және бұршақты дақылдар, 210,9 мың гектарында майлы дақылдар өсірілген. Қалған аумақты қарақұмық, картоп, көкөністер мен қауындар және жемшөп дақылдары алып жатыр.
– Биылғы жазда жауын-шашын аз болғандықтан егіннің түсімділігі төмен болды. Ал күз бойы жауған жаңбырдан болып егін жинау науқаны кешеуілдеп жатыр. Десе де шаруалар бар мүмкіндікті пайдаланып, әлі де қалған егінді жинап үлегереді. Өңір шаруаларының техникалары астық жинауға 100%-ға дайын. Қажетті техникалар бар. Нақтырақ айтқанда, 2338 бірлік астық жинайтын комбайндар бар, – деді ШҚО Ауылшаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов.
Қазіргі уақытта қордағы астық өнімдері жеткілікті. Астық кептіру техникалары да жетеді. Өңір шаруашылықтарында әртүрлі қуаттылықтағы 300-ден астам механикаландырылған астық тазарту кешені, 90 кептіргіш және 5 лицензияланған элеватор бар. Сондықтан да ауылшаруашылық басқармасы уақыттан кешіксе де, қажетті астық өнімдерін толық жинап алатындарын айтты.
Автор: Алтай Ғали-Асқар