Ұлан ауданының Бозанбай ауылында ХVІІ республикалық бүркітшілер чемпионаты өтті.
Ақпанның 8 жұлдызында басталған чемпионат бүгін өз мәресіне жетті. Бұл жолғы республикалық бүркітшілер чемпионатына 70-тен астам бүркіт пен 40-тан астам қаршыға және ителгі қатысқан екен, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.
Ауа райының қолайсыздығы алғашқы күні құсбегілерге аздап ыңғайсыздық туғызған. Дегенмен ұйымдастырушылар мен құсбегілер жарысты жалғастыра түсті. Қарлы боранға қарамастан шырғаға түсіп, қолға қонған қырандар арасынан финалға 4 бүркіт шықты.
Соңғы күні салбурынға жиналған жұрт алдымен қаршыға мен ителгінің аңшылық қызығын тамашалады. Ал соңында финалдағы қырандардың түлкіге түсу бойынша сайысын көрді.
Бабы мен бағы озған атыраулық құсбегі Әбдікәрімұлы Сарматтың қыраны 2024 жылғы жарыстың чемпионы атанды. Ал 2-орын алматылық Сейітжан Аянға бұйырды. Жүлделі 3-орынды павлодарлық Ысқақов Алаңның бүркіті қанжығалап қайтты. Сондай-ақ қаршыға мен ителгіден де жеңімпаздар анықталды.